Осы бір жауабы мен жауапкершілігі зілдей ауыр сұрақтарға жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жауап берді. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы жоғарыдағы дағдарыстар түйінін түпкілікті шешіп берген еді. Халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнаған Елбасы Қазақстанның 25 жылдық даму тарихына шолу жасап, жаңа жағдайлардағы мемлекеттің бүгіні мен ертеңін, оның саяси, экономикалық даму жолын айқындап, бағдарлап берді.
Ел Президентінің «Егемен Қазақстан» газетінде кеше ғана жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – Елбасының биылғы жылғы Жолдауының табиғи, рухани жалғасы. Президент мақаласының жарық көре салып, барша оқырманның, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатқаны кездейсоқ емес. Себебі, саяси, экономикалық жаңару үшін де мемлекетке, халыққа рухани иммунитет керек. Қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, экономикасы әлеуетті елдің көңілі мен санасында уақыт өте келе рухани азыққа – ұлттық өрлеу мен сәйкестікке, тарих пен мәдениетке қажеттілік пайда болатыны белгілі. Елбасы осы қажеттіліктің уақыты жеткенін айтып отыр: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси, экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес».
Халқымыздың соңғы бір ғасырлық тарихи, тағдыр-талайлы, трагедиялық өмірбаянын тұшымды да нақты пайымдарымен алақанға салғандай көрсетіп берген Н.Ә.Назарбаев бұл тарихи үдерістерді әлемдік тарихтың сабағымен шебер байланыстырған. Шын мәнінде, ғасырлар, жылдар бойы темірқазық ретінде әспеттеліп келген, мемлекеттік құрылыстың іргетасы саналған идеялардың сәтсіздігінің себебі, Елбасы айтқандай, «олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін, басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшелігін бәріне жаппай еріксіз таңуында» жатқаны айдан анық. Н.Назарбаев осы пайымы мен ұстанымын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ білдіргені есімізде. Мұндай өткір көзқарасқа сол кездері үдере қарсы шыққандар да, сенімсіздік танытқандар да аз болған жоқ. Алайда, ширек ғасыр өтпей жатып-ақ, Қазақстан Президентінің ұстанымы мен көрегендігі тағы да шындыққа айналды.
«Рухани жаңғыру» идеясын қоғамдық талқыға салып, ұлттың, мемлекеттің рухани темірқазығы ету арқылы Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап беріп отыр. Әрі осы жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын ұсынған.
Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту.
Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».
Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады.
Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың алтын бастауына айналарына күмән жоқ.
Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – барша қазақстандықтардың ұзақ күткен және жаппай мақұлдап, қолдауына ие болған тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың парызымыз.
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты