• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент 13 Сәуір, 2017

Бағдарымыз анық, жолымыз жарқын

150 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бас басылымында жа­рық көрген мақаласы көп­шіліктің көкейінде жүр­ген мәселелерді дөп басты деп ойлаймын. Өз басым, әсіресе, латын қарпіне көшу жөнін­дегі мәселені қуана қол­дадым.

Жасыратыны жоқ, мұндай үлкен мәселеде аздаған қорқыныштың болатыны да рас. «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Бір кездері мен де солай ойлағанмын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 1937 жылы репрессия құрбаны болған атам Перуаштың мұрағаттан табылған құжаттарын оқығаным бар. Бәрі латынша жазылған. Алғашқы күні қиындау болғанымен, екінші күні атамыздың әжемізге жазған тебіреніске толы хаттарын еркін оқып отырдым. 

Біреулер бұл бастамаға көп қаражат кетеді деуі мүмкін. Ұлт келешегі үшін ол кедергі емес, меніңше. Егер сіз қаржы көп кетеді деп қора-қопсыны жағалап, алыс жолға шықпай қалсаңыз,  көп нәрсені жоғалтасыз. Бұл да солай! «Ер азығы жолда» деген бабаларымыз.

Елбасы мақаласында сондай-ақ, қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтылыпты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.  

Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» партиясының төрағасы