Әрине, мәдениет саласында әңгіме болмай келген жоқ. Әсіресе, мәдениет қайраткерлері, жазушылар сонау жариялылық заманынан бастап, ұлттық құндылықтарды күн құрғатпай, ай құрғатпай, жыл құрғатпай айтумен келді. «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары сондай жанайқайдың жемістері болатын. 25 жыл ішінде істеліп жатқан жұмыстар осындай мемлекеттік бағдарламалардың негізінде жүзеге асып келді. Алайда осынау ұлттық құндылықтарды сақтау және оны дамыту саласында үлкен бетбұрысты біз күтіп жүргенбіз. Біз күткен бетбұрыс, идеология майданында ұлттық мәдениетімізді болашақта қазақ халқының рухани келбетін сақтап қалу мәселесі бойынша алға қойылған үлкен міндет деп білемін. Бұл мақала қоғамымызда көтеріңкі көңіл-күй тудырып жатыр. Болашағымызға деген сенім ұлғайып, жасампаздыққа бағыттайтын қадамның жасалғанына қуаныштымыз.
Біз де 25 жылда Батыс жолына түскенде, өзімізді жойқын ағында қалай сақтаймыз, оның жолын қалай табамыз деген басты сауалдарға осы мақалада жауап бар. Шайылып кетпеудің жолы – осы. Ұлттың мәдени коды туралы әңгіме қозғалады. Мәдени код: діл, жады, тіл, діни болмыс. Осы бірегейлікті мәңгі ету арқылы ғана біз өзімізді сақтайтынымыз бірінші рет жан-жақты айтылып, ашық мәселе қойылып отыр. Бұл мақалаға біз қатты мән беріп, қатты толқып отырған себебіміз осы. Әдебиет те, тіл де, кино да сөз болған. Білім беру саласы мен патриотизм де айтылған. Әліпби ауыстыру мәселесі қозғалған.
Елбасының аузымен прагматизм деген жақсы ұғым айтылды. Әліпби біздің тарихымызда үш рет ауыстырылды. Оны қазақты жақсы болсын деп ешкім ауыстырған жоқ. Тарихи жадынан адасып қалсын деп, қасақана жасалған саяси іс болатын. ХХ ғасырды біз қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп айтып келдік. Қаншама классикалық дүниелер өмірге келді. Әдебиет дамыды. Кириллицамен жасалған әдебиетіміз латынға ауысқанда не болады? Осы жерде бізге прагматизм көмекке келеді. Яғни, ендігі 2025 жылға дейін де, одан кейін де біздің мектебіміз латын әліпбиіне көшкен кезде, меніңше, қазақ әдебиетінің қайталанбас мұрасы жасалған кириллицаны ұмытпай, қатар оқуы керек. Кейін біздің ұрпағымыз қайтып орала алмай қала ма деген қауіп болмас үшін. Прагматизмнің бір пайдасы осы.
Одан кейін кітап кино, мәдениеттің басқа да озық үлгілерін әлемдік бәсекеге шығару туралы сөз болды. Әуезов, Мүсірепов, Майлиндер әлемге еш қысылмастан еркін шығатын жазушылар. Кеңес кезінде сыйлық алған шығармалар ғана орыс тіліне аударылды. Оның өзінде Мәскеуде. Батыста мықты баспадан, мықты аудармашыдан шыққан дүниені құрметтейтінін ескеруіміз керек. Біздің классикамыз қайта аударуды, қайта насихаттауды қажет етеді. Осы мәселе бұған дейін назардан тыс қалып еді. Енді осы мақаладан кейін қазақ әдебиеті және оны шетелге насихаттау мәселесі дұрыс жолға қойылады деп ойлаймын. Бұл жалғыз Жазушылар одағы, жекелеген авторлар айналысатын жұмыс емес. Мемлекеттік маңызы бар, мемлекеттік бағдарламамен іске асуы тиіс шаруалар. Ұлттық сана ең алдымен әдебиетте сақталған. Бұл мақаланы мен осылай қабылдадым.
Смағұл Елубай,
жазушы
АЛМАТЫ