– Алдымен қордың құрылуына тоқтала кетсеңіз және бұрынғы олқылықтарды болдырмаудағы қадамдар жайын айтып өтсеңіз.
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында осы салада атқарылған жұмыстардың бәрі сол заманға сәйкес жүрді. Ол бір қиын уақыт еді ғой. Ал жаңа ғасырда, әсіресе, оның екінші он жылдығында отандық медицинада айтарлықтай өзгерістер болғаны анық. Мемлекеттің арнайы бағдарламасымен 100-ден астам аурухана салынды, ел көлеміндегі барлық емдеу мекемелері күрделі жөндеуден өткізілді, уақыт талабына сай шетелдік озық құрал-жабдықтар, қондырғылар алынды. Осылайша, саланың материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталған сенімді іргетасы қаланды, қажетті мамандардың үлкен шоғыры шетелдерде оқытылып, біліктілік деңгейі көтерілді. Барлық ауруханалар мен емханалардағы қызмет көрсетуді жақсарту үшін Елбасының тапсырмасымен ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Мәселен, бұрынғы бюджеттік денсаулық сақтау жүйесі моделінде қара-
жат ауруханадағы бөлімдер мен төсек санына және қанша маман еңбек ететініне байланысты бөлінетін. Емдеу мекемесі үлкен болған сайын қаржы да көп қарастырылатын. Оның ішінде операциялардың күрделілігі, емнің тиімділігі, көмектің сапасы сияқты өлшемдер ескерілмейтін. Тек бюджеттен қаржы бөлініп жататын.
Жаңа жүйедегі басты өзгеріс – аурухана мен емхананың қанша адам емдеу сапасы мен нәтижесінің қандай болуы есепке алынып барып қаражат бөлінуімен ерекшеленеді деп түсінген жөн. Науқастың диаг-
нозы күрделі болған сайын оның құны да өсе түседі. Сондықтан, күрделі ауруды емдеуге көбірек қаржы босатылуы қарастырылады. Нақтылай кетсек, елімізде соңғы 5-7 жыл арасында бауыр, бүйрек, жүрек алмастыру сынды операциялардың қарқынды дамуының принципі осы жүйеге негізделді. Үкімет тарапынан күрделі операцияларға қомақты қаржы бөлінді.
Бұрын шетелге барып, орасан көп ақша шығарып жасалатын операциялар қазір өзімізде де атқарылады. Бірақ біз қажетті орган ауыстыру сынды күрделі операциялармен науқастардың 60 пайызын ғана қамтып отырмыз. Ал әрі қарай қажеттілікті толық өтеу үшін бізге қаржыландырудың басқа жүйесі керек болды. Бұл үшін әлемдік тәжірибеге сүйенгенде тиімдісі осы МӘМС деген байламға тоқтадық.
Негізінде МӘМС жүйесіне ену кездейсоқ пайда болған дүние емес. Осыдан 6-7 жыл бұрын министрлікте меди-
циналық қызметтерге ақы төлеу комитеті құрылып, барлық қаражат сол арқылы өтіп келді. Бұл – жаңа жүйеге өтудің бірінші сатысы болатын. Және көпшілік қауіптеніп жүрген бұрынғы міндетті медициналық сақтандырудан айырмашылығы жер мен көктей. Бүгінде саладағы инфрақұрылымдар тегіс дайын. Содан бері ақпараттық жүйенің өзі де дамып кетті. Алғашқы жүйе өмірге келгенде тіпті интернет пен электронды пошта да атымен болған жоқ.
– Міндетті медициналық сақтандыруға медициналық мекемелердің қатысуы қалай жүргізіледі?
– Біздің мақсатымыз – пациенттерге жан-жақты әрі ыңғайлы жағдай туғызу. Өкінішке орай, қазір қаражат жетіспеушілігінен бюджетке қарасты емдеу мекемелеріне жекеменшік медициналық ұйымдардың мамандарын тарту өте қиын. Ал сақтандыру жүйесінде жекеменшік және жеке дәрігерлік кабинеті бар мамандарды тартуға кеңінен жол ашылады. Азаматтар қай емдеу орнына, ол яки жекеменшік пе, әлде тұрғылықты жері бойынша тіркелген мекемесі ме, қайсысына барып емделемін десе де өз еркі. Демек, қай орынға барса да қаржыны бір ғана көзден – МӘМС жүйесінен алады. Біз алдағы 2-3 жылдың көлемінде емханалық-амбулаторлық көмек көрсететін мекемелер санын жекеменшік ұйымдарды тарту арқылы 50 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Стационарлық көмек көрсететіндерді де осылайша 40-45 пайызға көбейтсек, бүгінгі толып жатқан кезек күту, мамандардың жетіспеушілігі сынды проблемалар шешіледі. Арнайы маманның көмегін сарылып күтіп жүрмей, тез арада қаралуына, емделуіне жағдай жасалады.
Сонымен бірге, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі түйінді мәселелер де оңтайлы шешілмек. Мәселен, диспансерлік есепте тұрған науқастарға берілетін тегін дәрілерді бөлуге жыл сайын тендер жүргізіліп, бәсекелестік жағдайында жылда фирма ауысып тұрады да, кейбір дәрілердің жетімсіздігі байқалады. Ал мына жүйеде қолында лицензиясы бар әрбір дәріхана рецепт бойынша дәрілерді босата береді. Арадағы делдалдар жойылып, дәріхана мен қор тікелей жұмыс істейді. Бұдан ең алдымен пациент ұтады. Бұрын дәрісін алу үшін жол жүріп белгілі бір дәріханаларға баратын болса, енді үйінің қасындағыдан-ақ ала салады. Өткенде Елбасы дәрілердің бағасын қарау туралы тапсырма берді. Енді дәрі-дәрмек бағасы мемлекет тарапынан бекітілгенде қор үшін науқастың дәріні қай дәріханадан алғаны маңызды емес, тиісті қаражатын аударып отырады.
Қор жұмысындағы назар аударарлық тағы бір дүние – сарапшылыққа еліміздегі ең білікті мамандарды тарту. Яғни, адамдар тарапынан медициналық қызмет көрсетуде наразылық туған жағдайда анық-қанығына жетіп, сапасын тексеріп, саралайтын, пациенттің құқығын қорғайтын арнайы орган құрылады.
– Бізде бұрын да кейбір азаматтар ерікті медициналық сақтандырумен қамтылып келді, ендігі жерде ондай компаниялардың жұмыстарында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Өмір өзгеріп, қоғам дамыған сайын адамдардың қажеттілігі де артып отыратыны заңдылық. Сондықтан да, барлығын толық өтеу мүмкін емес. Кейбір пластикалық, кос-
метологиялық, тіс емдеу сияқ-
ты қызмет түрлерін МӘМС жүйесі қамтымайды. Ерікті сақтандыру біздің жүйенің пакетіне кірмейтін қызметтерді көрсете береді.
– Заң бойынша жұмыс беруші мекеме, компания өз қызметкері үшін қорға төлем аударады. Және бұл жыл сайын бірте-бірте көтеріліп отырады. Осы ретте қорға қаражат жиналуда тағы бір мәселе туындайтын тәрізді. Әлеуметтік төлемдердің мөлшерін азайту үшін шынайы жалақы жасырылып, оның мөлшері төмен көрсетілуінен қауіп жоқ па?
– Сауалыңыз орынды, қазір Заң жобасы Мәжілісте жатыр. Әрине, жүйені кері тартатын жайттарды заңмен реттеп, заңмен қорғамаса болмайды. Сол себептен де, төленетін жарна көлемін әуелі 1 пайыз, одан кейін 3 пайызға дейін бірте-бірте көбейту көзделуде. Бұл денсаулық сақтау саласына тиісті салық тәрізді болғандықтан оны бұзғандарға заң арқылы шара қолданылмақ.
– Бізде өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бар. Мысалы, базардағы шағын кәсіпкерлер сақтандыру жарнасын қалай төлейді?
– Бұл мәселенің бірнеше шешімі бар. Біріншіден, мұндай азаматтардың санатындағы тұлға «жұмыссызбын, қорға жарна төлейтін жағдайым жоқ» десе, әлеуметтік қорғау мекемесіне барып жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Жұмыссыздар үшін қажетті қаражатты мемлекет береді. Ал егер «мен жеке кәсіпкермін, қорға өзім жеке жарна төлеп тұрамын» десе, кез келген екінші деңгейлі банкке барып, белгіленген мөлшердегі жарнаны төлеп тұруына болады. Үшіншісі, жеке кәсіпкер емес адамның да екінші деңгейлі банктер арқылы өз еркімен жарна төлеп тұруы. Қазір тұрғындар МӘМС қорына жарна төлемесем медициналық көмек ала алмай қаламын ба деп қорқып жатыр. Бұл дұрыс емес, негізі сақтандыру жүйесінен тыс қалған азаматқа көмек жасалады, тек ол жоспарлы түрде берілетін дәрігерлік жәрдем қызметін пайдалана алмайды, ал шұғыл көмекке еш тосқауыл жоқтығын кім-кімнің де білгені жөн.
– Барлығы жоспардағыдай атқарылса, МӘМС жүйесінен халық ұтады, ал саладағы қызметкерлер үшін қаншалықты тиімді, олардың еңбекақы деңгейіне өзгерістер әкеле ме?
– Негізінен біздің жүйеде екі кейіпкер бар. Бірінші – науқас, екіншісі – дәрігер. Ал қор осы негізгі екі кейіпкер арасындағы барлық жұмыстарды жақсарту-
ды көздейді. Сондықтан, екі кейіпкердің бірі разы, екіншісінің көңілі орта болса, онда жағдай бүгінгіден жақсара қоймайды. Біз дәрігерлерді осы жүйеге ынталандыруымыз керек. Бұл жерде, әрине, еңбекақы көлемі маңызды рөл атқарады. Осы ретте Алматы, Астана қалаларында қанатқақты жобалар іске асырылып, емханалар ішіндегі ақы төлеу жұмысын оңтайлы жүргізу мәселесі назарда болды. Нәтижесін қарағанда, дәрігерлердің еңбекақыларын көтеруге мүмкіндік туатыны белгілі болды.
– Қорға жиналған қаражаттың жұмсалуы жөнінде ашық ақпарат бола ма?
– Әрине, қор жұмысы ашық жүргізіледі. Бірінші күннен бастап қаржы қайда, қашан, қандай мақсатқа жұмсалды деген есеп қордың сайтында тұрады. Екіншіден, қордың жанында қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оған министрлік қызметкерлері, ҮЕҰ, қоғам белсенділері қатыстырылады. Әрі қаражат Ұлттық банк есебінде болатындықтан, қауіптенетін ештеңе де жоқ.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»