• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Сәуір, 2017

Бұл – біздің көптен күткен жаңалық

374 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел ішінде ғана емес, шет мем­лекеттерде, соның ішінде бауырлас елдерде зор қызығушылық ту­дырды. Латын әліпбиіне көшу мәселесін Әзер­байжан елі қуана қабылдады. Бұл хабар Azerbaycan, Trend.az, Lent.Az, Modern.Az, Metbuat.Az, Teleqraf.Az секілді беделді жергілікті ба­сылымдар мен BBC Azeri, Radio Liberty сынды шетелдік басылымдарда күннің басты жаңалығы ретінде жарияланды.

Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат агенттігі – AzerTac өз кезегінде «Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы тап­­сырма берді» деп хабар тарат­ты. Ел­дегі ең көп оқылатын басы­лым­дардың бірі Şərq газеті Әзербай­жанның бұрынғы білім ми­нистрі, түркітанушы, профессор Фери­дун Джелиловтің мына пікірін келтіреді:

«Әрине, Қазақстанның бұл бас­та­масы өте құптарлық қадам. Енді бауыр­лас елдер арасында әріп кедергісі жойы­лып, білім беру саласы, әдебиет пен ғылымда бай­ланыс нығая түседі, мәде­ни қатынастарымыз бекиді. Қазақ әде­­бие­тімен біз бұрынғыдан да жақын таны­сатын боламыз. Бұ­рын біз Орталық Азия әдебиетін кирилл әріптерімен оқуға мәж­бүр едік. Енді бұл кедергіден құ­ты­латын болдық. Тарихи ортақ әде­би құндылықтарымыз қайта жаңғыра түседі. Біз де әліпбиді ауыстырғанда кітаптар мен мер­зімді басылымдарымызды жаңарт­тық. Қазақстан да осы жол­­дан өтеді. Әрине, қиын­дық­тар болады. Бірақ уақыт өте ке­ле бар­лығы орнына түседі. Қа­зір әлем латын әріптеріне бет бұруда».

Сонымен қатар, Қазақ­стан­­дағы «Бұл бастаманың түпкі мақ­сатында не жа­тыр?», «Жер­гілік­ті халық бұған қалай қарай­ды?» деген сауалға жауап ізде­ген ба­сы­лым Әзер­байжан Пар­ламен­ті төмен­гі пала­та­сы­ның де­пу­таты, бұқаралық ақпа­рат құ­рал­­дары саласындағы белгілі сарап­­шы Айдын Мирзезаденің мына сөзімен бөліседі:

«Қазақстан Әзербайжанмен дос мем­лекет және арамызда кең байланыс бар. Бір-біріміздің же­тістіктерімізге қуану­мен қа­тар, сын сағатта қолұшын беру­ге әр­­­дайым әзірміз. Түркітілдес елдер­­­дің ба­сым көпшілігі латын әліп­­биін қол­дана­ды. Қазақстан осы бағытта ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Енді Қазақ­стан Мем­лекет басшысы 8 жыл ішінде латын әліп­биіне көшу туралы нақты тапсырма бе рді.

Қазақстан қазіргі таңда тұ­ра­қ­ты да тату ел ретінде қалып­тасып болды. Латын әліпбиіне көшу­дегі басты мақсат – әлем­дік қоғамдастыққа бір табан жақын­дай түсу, түркі халық­тарының бірлігін нығайта түсу».

Жергілікті APA агенттігі мен APA TV арнасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласын мазмұндай келе, Елбасының жоғарыдағы шешімін «тарихи қадам» деп бағалады. «Назарбаев тарихи қадам жасады. Қазақстан латын әліпбиіне көшеді» деген атпен шыққан бас мақалада Қазақстандағы осы өзгеріс жан-жақты талданады. 

Ал Moderator.az порталы «Қазақ­станның латын әліпбиіне көшуі түркі халықтарына ортақ жазу қалыптастыруға түрткі бола ала ма?» деген сауалға жауап іздейді. 

«Ерте ме, кеш пе, түркі елдері ортақ әліпбиге ауысады» деген тақырыпта жарияланған мақалада «Бұл – біздің көптен күткен жаңалығымыз. Қазақстан мұндай қадамға баруы арқылы үлкен батылдық танытып отыр. Осыдан 20-25 жыл бұрын мұндай бастама көтеру мүмкін емес еді. Бүгінде уақыт дегенін істеді. Барша түркі елдеріне ортақ әліпби жасаудың негізі қаланды. Бұл қадам саяси тұрғыда да өте маңызды», делінген мақалада.

Sputnik Azerbaycan агенттігі Мем­лекет басшысының «Егемен Қазақ­стан­дағы» мақаласынан үзінді ала оты­рып, латын әліпбиіне көшу туралы бастама Қазақ­станды әлемдік өркениетке жақын­дата түсу және келешек ұрпақтың ағылшын тілін үйренуіне барынша қолайлы жағдай жасау жолы екенін айтады. 

Физули МЕДЖИДЛИ, 

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Соңғы жаңалықтар