• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2017

Бас сәулетшісі жоқ облыс

273 рет
көрсетілді

Ақтөбе – агломерациялық даму жолы белгіленген республикадағы екі өңірдің бірі. Бұл біріншіден, облыс орталығындағы тұрғын­дардың санын өсіруге басымдық беріледі деген сөз. Қазір мұнда бес жүз мыңнан астам халық тұрады. Үкіметте таяудағы және келешек жылдарда Ақтөбе қаласындағы тұрғындар санын миллионға дейін жеткізу жөнінде жоба жасалып жатқаны да аймақтың агломерациялық сипатымен үндестік таба алады.

Мұны айтып отырған себебіміз, бұл үшін ең алдымен құрылыс жұмыстары кеңінен қарқын алып, қанат жаймақ. Бүгінгі заманғы қала құрылысы өте күрделі, әрі жан-жақты ойластырылған сапалы да сәнді сәулеттік шешімдерді талап етеді. Әйтсе де облыста бас сәулетші штаты мен қызметі қарас­тырылмаған. Осындай кере­ғарлық жөнінде облыс әкімдігі жанындағы қала құрылысы кеңе­сінің мәжілісінде ашық айтылды. 

Гәп мынада деуге болады. Бұған дейінгі жылдарда еліміздің барлық дерлік облыстарында сәулет және қала құрылысы құрылымы дербес басқарма, бөлек ведомство ретінде іс-қимыл танытып келді. Алайда, кейінгі екі-үш жылдың бедерінде өңірлердегі сәулет басқармалары қысқартылды да, құрылыс басқармасының құрамына қосылды. Әрине, мұндай өзгеріспен оңтайландырудың өзі бюджет қаражаттарын үнемдеу мен тиімді түрде жұмсау қажеттілігінен туындағаны талассыз.

Осы ыңғаймен қарастырғанда қазіргі жағдайда облыстың бас сәулетшісі деп жүргеніміз – Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтің орын­басары болып табылады екен. Әрі мұның өзі нақты мәрте­бесі айқындалмаған, бардың да қатарынан көрінбейтін, жоқтың санатынан кездеспейтін қызмет болып шықпай ма?

Әрине, қоғамдық өмір не нәрсеге болса да өзінің өзгерісін енгізбей тұра алмайды. Барлық өңірде бірізділік болуы шарт па екен?! Дегенмен, Ақтөбе секілді жыл сайын құлашын кеңге жайып, өсіп-өркендеп, жедел қарқынмен дамып келе жатқан өңірде бұған дейінгі сәулет және қала құрылысы секілді басқару құрылымын қайта­дан орнықтырған жөн секілді. Қалай десек те, агломерациялық аймақта қайта қалпына келген құрылымнан тиісті қайтарым болары анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар