Алтыншы турдағы айшықты жеңіс Павлодарда ту тікті. Жергілікті «Ертіс» клубы «Тараз» командасын тас-талқан етіп ұтты да, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Бұл матчта жеті гол соғылды: оның бесеуі – павлодарлықтардың еншісінде.
Күннен-күнге ел чемпионы «Астананың» қарқыны үдеп келеді. Елордалық клуб осымен қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізіп, «Ертістен» кейінгі екінші орынға жайғасты. Бұл жолы олар азулы клуб «Ақтөбені» сырт алаңда 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Турнир кестесінде «Астананың» көш бастаушы «Ертістен» бір ойыны кем екенін есепке алсақ, кімнің ұпайы түгел деген сұраққа жауап іздеудің қажеті жоқ.
Чемпионат басталғалы жеңіліп көрмеген «Қайрат» тең ойыннан көз ашпай келеді. Алматылықтар бұл жолы «Тобылмен» 2:2 есебімен тең ойнап, тағы да екі ұпайдан айырылды. Әзірге тынысы ашылмай, кестенің белортасында келеді.
Бұл турдағы басты ойынның бірі Шымкентте «Ордабасы» мен әлі жеңілістің ащы дәмін татпаған «Қайсар» арасында өткен болатын. Тартысты матчта ойын тағдырын жалғыз гол шешіп, «Ордабасы» көш басындағы командалар арасынан ойып орын алды. Ал «Қайсар» болса, ұтылыстың ұятын тұңғыш рет сезінді.
Көш соңында шаң жұтқан «Шахтер» мен «Атырауға» жеңіс деген арман болып тұр. Алтыншы турда Атырауда өзара күш сынасқан бұл екі команда армансыз «айқасты». Дегенмен, бірін-бірі ала алмай, 3:3 есебімен тарқасты.
Өткен турда өзгермеген бір ғана көрсеткіш бар: Алматының «Қайраты» әлі жеңілген жоқ...
Алтыншы турдың ойындары мынадай нәтижелермен аяқталды:
«Ордабасы» – «Қайсар» – 1:0 (0:0), Марцваладзе, 52 (1:0); «Астана» – «Ақтөбе» – 3:0 (1:0), Логвиненко, 12 (1:0). Кабананга, 87 – пенальтиден (2:0). Жалмұқан, 90+1 (3:0); «Атырау» – «Шахтер» – 3:3 (1:2), Тәжімбетов, 11 (0:1). Саломов, 28 (1:1). Хайруллин, 30 (1:2). Общивац , 78 (2:2). Скорых, 83 – өз қақпасына (3:2). Өміртаев, 90+1 (3:3); «Тобыл» – «Қайрат» – 2:2 (0:2), Иличевич, 19 (0:1). Гоу, 42 (0:2). Щеткин, 51 (1:2). Малый, 83 (2:2); «Ақжайық» – «Оқжетпес» – 1:1 (0:1) Марочкин, 18 (0:1).Говедарица, 90 (1:1); (Ертіс» – «Тараз» – 5:2 (1:1) Мұхаметшин, 17 (0:1). Фонсека, 20 (1:1). Дарабаев, 59 (2:1). Дарабаев, 64 (3:1). Фещук, 67 (3:2). Алиев, 78 (4:2). Джа Джедже, 82 (5:2).
Алтыншы турдан кейін сұрмергендер тобы былайша түзілді:
1. Жерар Гоу – 6 гол;
2. Алексей Щеткин – 4 гол.
Сәуірдің 16-сы күні өтетін 7-турда мына командалар өзара ойнайды: «Оқжетпес» – «Астана», «Тараз» – «Ақжайық», «Қайсар» – «Ертіс», «Қайрат» – «Ордабасы», «Шахтер» – «Тобыл», «Ақтөбе» – «Атырау».
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»