• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Сәуір, 2017

Әр балаға әлпештер әже керек

592 рет
көрсетілді

Үлкен қаладағы кішкентай ғана бала нені армандауы мүмкін? Оның қалауы махаббат, атақ-даңқ, мол ақша мен сыр бөлісетін достар емес екені аян ғой. Сонда періштедей пәк жанына не жетпейді? Немістің көрнекті қаламгері, балалар жазушысы Аня Туккерманның «Маған әже керек» романы осы сұраққа жауап іздеуге арналған. Бір ұққанымыз, кез келген балаға ең қажет нәрсе – мейірім екен.

Елордадағы Ұлттық акаде­миялық кітапхананың «Ша­ңырақ» залында аталмыш роман­ның қазақ тіліне ауда­рылған нұсқасы оқырманға таныстырылып, тұсауы кесілді. Оған Гете институтының өкілдері және аудар­машылар қатысты. 

Шарада сөз алған Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева: «Әрбір балаға әже керек. Өзім де бүгінгі таңда әжемін. Әже болу бақытын сезіну жақсы көңіл-күй сыйлайды. Кітапхананың бай­лығы – кітапта. Мынадай жақ­сы бастамаға алғыс айтамын», деді.

Ал өз кезегінде кітап авторы Аня Туккерман кітап жазу да, жазылған шығарманы өзге тілге аудару да оңай еместігіне мән берді. Оның ойынша, кітап сәтті аударылған. Соған рахмет айтып, оқырмандарымен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.

Роман күн ұзақ ұрпақ қамы үшін жанталасып, бірақ солар­ға қарауға уақыты жоқ ата-ана­лардың тіршілігін сипаттайды. Басты кейіпкер Штефидің анасынан басқа жақыны жоқ. Бірақ сол анасының өзі де тек демалыс күндері болмаса, Штефидің жанында бола бермейді. Үйде отыра беруден іші пысқан кішкентай бала өзіне әже іздейді. Және бір­нешеуін тауып алады. Олар да осындай сүйкімді немерелі болу­ды қалайтын жандар болып шығады...

Шара барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің оқытушысы Нұр­сұлу Шаймерденова мен бел­гілі жазушы, «Дарын» мем­ле­кет­­тік сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаева сөз алып, шығар­маның ерекшелігіне, маңыз­ды­лығына, аудармасының сапасына қатысты пікір білдірді.

Оқырманға ұсынылып отыр­­ған «Маған әже керек» («Suche Oma») – романы Аня Тук­кер­манның кең тараған шы­ғар­маларының бірі. Автордың осы уа­қытқа дейін 21 кітабы жарық көр­ген. Кітаптарының көпшілігі әлемнің 30 тіліне аударылған. «Маған әже керек» аудармашы Таңсұлу Рахымбае­ваның тәр­жімалауымен «Атамұра» баспасынан жарық көрді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар