• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Сәуір, 2017

​Мемлекеттік басқару саласындағы Азия сарапшылары Астанада бас қосты

144 рет
көрсетілді

Астанада азиалық елдердің ғалымдары мен практиктері мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін, жаңа сынақтар мен инновациялық тәсілдерді талқылады. Мемлекеттік басқару азиялық қауымдастығының (AAPA) сегізінші конференциясы Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб пен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қолдауымен өтті.

Конференцияны Өңірлік хабтың басқарушы комитет Төрғасы Алихан Байменов, ҚР Президенті жанындағы Академия Ректоры Фатима Жақыпова, AAPA Президенті Пан Сук Ким, БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы бойынша Уәкілі Хорхе Чедиек ашты. 

«Қазақстандағы конференцияның Астанада алғаш өткізілуі әріптестіктің кеңеюі мен Хабтың ғана емес, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің артқанын аңғартады. AAPA мен Хаб - аймақаралық және аймақтық ынтымақтастықты дамытуға серпін беретін тұғырнамалар», - деп атап өтті Алихан Байменов.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жакыпова мемлекеттердің басқару жүйесіне әлемде туындайтын тегеурінді талаптардың ықпал ететінін айтты.

«Әлемдік экономикадағы дағдарысты көріністерге және тұрақсыз саяси жағдайға негізделген әлеуметтік-экономикалық трансформация мемлекеттік билік органдарынан ұзақ мерзімді орнықты дамуды қамтамасыз ету мен тұрақтандыру бойынша міндеттерді алға қоюды және оларды шешуді талап етеді», - деді Фатима Жакыпова.

Пан Сук Ким: «Бұл алаң ғалымдар мен практиктер арасында байланыс орнатып, ынтымақтастықты арттыруға, ғылыми жұмыстар үшін де тамаша мүмкіндіктер береді», - деді. Оның айтуынша, «мұндай ынтымақтастық Азиядағы және жалпы әлемдегі мемлекеттік басқару саласындағы жаңа кәсіби қарым-қатынастарды дамытуға жол ашады».

Жоғары деңгейдегі «Паназиялық диалог: тиімді басқару және Тұрақты даму мақсаттары» атты сессияда азиялық, оның ішінде, Жапония, Корея, Үндістан, Қазақстан университеттері мен кәсіби ұйымдар жетекшілері тұрақты даму мақсаттарына жету жолындағы мемлекеттік басқару рөлі мен азиялық құрлықта әріптестікті кеңейту жолдарын талдады.

Әртүрлі сессияларда, оның ішінде жас ғалымдар Форумында Индонезия, Қытай, Вьетнам, Непал, Тайвань, Тәжікстан және басқа елдерден келген қатысушылар сандық технологиялар дәуіріндегі мемлекеттік басқаруды дамыту, зерттеу жұмыстарын жасау, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту сияқты мәселелерді қарады. Олар азиалық елдердің бірегей тәжірибелерін, оның ішінде Индонезиядағы меритократия қағидаттарына негізделген мемлекеттік аппаратты дамыту, Филиппиндағы электронды үкіметке деген сенімді арттыру, Үндістандағы IT реформалар жетістіктері, Қытайдағы экологиялық саясат және тағы басқа мәселелерді қарады.

Ғалымдар мен практиктер арасындағы пікір және тәжірибе алмасу азиялық құрлықтағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша ортақ ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.  

Соңғы жаңалықтар