• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2017

Атырауда дағдарыс орталығы ашылады

221 рет
көрсетілді

2015 жылы теріс діни ағымды уағыздайтын оқу орындарында білім алу үшін шекара асып шетелге кеткен 27 атыраулық студент елге қайтарылған еді. Ал өткен жылдан бері 19 жас Отанына оралды. Соның өзінде Мысырда, Сауд Арабиясында, Йемен елдерінде 31 атыраулық әлі жүр.

- Жастарды елге қайтаруда олардың отбасыларымен жұмыс жүргізіп қана қоймай, барлық мүмкіндікті, тіпті қаржылық мәселені де шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев. 

Аймақта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысатын 15 топ бар. Олардың құрамына құқық қорғау органдарының, Ауған соғысының ардагерлері мен белсенді жастар тартылған. Басқарма енді оқу орындарында діни сауаттылықты арттыратын арнайы курстар ашуды жоспарлап отыр. Өткен жылы 980 адам діни, психологиялық, құқықтық кеңестер алған. Діни қызмет туралы заңды бұзған 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жыл басынан бері заңсыз миссионерлік қызмет жүргізген үш адамға, имамдардың діни жұмыстарына кеселдік келтірген екі, заңсыз діни әдебиет таратқан төрт адамға хаттама толтырылған. Прокуратура органдары интернетте экстремизмді насихаттаған 10 сайтты бұғаттады.

Терроризм баптарымен жазаларын өтеп жатқан 35 адаммен оңалту жүмыстары жүргізілуде. «Олармен психолог, теолог мамандар жұмыс істейді, енді тарихшы, әдебиетші мамандарды да осы іске тартамыз, себебі темір тордың ар жағында отырғандарды туған елінің салт-дәстүр, тарихын, әдебиетін дұрыс танып білмегендіктен шалыс басқан деп ойлаймын», - деді Қ.Көшқалиев. Сондай-ақ, теріс діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін дағдарыс орталығы ашылады. Жалпы облыста 29 исламдық, үш православтық, екі католиктік және жеті протестанттық діни бірлестік тіркелген.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан». 

АТЫРАУ. 

Соңғы жаңалықтар