Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы елшісі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женева қаласындағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова ДСҰ-ның Сауда және қоршаған ортаны қорғау комитетін басқарды.
Бұл тағайындау ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімін көрсетеді. Биылғы 11-14 желтоқсанда Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін ДСҰ Министрлік конференциясының жемісті қорытындыларына жету жолында ДСҰ елдері арасындағы үнқатысуды белсенділендіру жұмысы бойынша ДСҰ органдарының жаңа төрағаларына үлкен жауапкершілік артылып отыр.
Ж.Айтжанова Қазақстан 2016 жылғы қараша айында қосылған дамушы елдердің Азия аймақтық тобынан ДСҰ-ның Сауда және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрайымы лауазымына тағайындалды. ДСҰ Сауда және қоршаған ортаны қорғау комитеті 1995 жылы құрылған.
Комитетті әр жылдары Аргентина, Сингапур, Мажарстан, Словакия, Мысыр, Польша, Түркия, Малайзия, Финляндия, Гонконг, Колумбия, Тайланд және Чили елшілері басқарған.