• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Сәуір, 2017

Елдік жайлы екі еңбек

137 рет
көрсетілді

Белгілі жазушы-ғалым Бейбіт Қойшыбаевтың соңғы жылдары жарық көрген «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» және «Алаш жолы» атты екі туындысы деректі, танымдық, көркемдік сипаттарымен оқырмандардың ықыласына бөленді деп айтуға болады.

«Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты зерттеу очер­кін­де автор «қазақта мемле­кет­тілік болмаған» деген шолақ пікірлердің негізсіздігін дәлел­­деп, Қазақ хандығын Ұлы даладағы өзіне дейінгі мемле­кеттік құрылымдардың төл этнос атымен аталған жалғасты бітімі ретінде қарастырады. Оның қалыптасу және даму жолын айналасындағы елдер тарихымен байланыста баян­дайды. Елдің тұтастығына қатер төндірген сыртқы және ішкі күрделі саяси жағдайларды тал­дай отырып, хандықты бас­қару ісінде кезең талабына сай жасалған реформаларға тоқ­талады.

Жазбаша тарихтағы «бір­тұтас хандықтың үш жүзге бөлінуі» құбылысына жаңаша көзқарас аясында ден қояды. Тәуке ханнан кейін аға хан инс­титуты пайда болғанын айтады. Аға хан әрі бас қолбасшы болған Әбілқайырдың тұлғасына қа­тысты деректерді саралайды. Автор ол басқарған қолдың Аңы­рақайдағы ірі жеңісі, жоңғар қонтайшысымен келіссөздері, башқұртпен арадағы қарым-қатынас мәселесі, орыс патшайымына елшілік жіберуі, т.б. жайттарды тілге тиек етеді. Нақты заман шындығын тарихи құжаттарды қарастыра отырып ашады. Зерттеушінің тұжы­рымынша, Әбілқайыр бір орталықтандырылған күшті хан­дық құруға ниеттенген. Оны елдің беделді адамдарының бір­қатары өздерінше түсі­неді. Өз қарауына алған протек­тора­тының монархия іспетті біртұтас мемлекетке айналуын орыс патшалығы да қаламаған. Сондықтан Әбіл­қайырға наразы кіші хандарды, сұлтандарды, билерді өз қамқорлығына тартып, же­ке-жеке ант бергізіп, елді бөлшек­теуді көздейтін амал­дар жасады. Әбілқайыр хан орыс әкім­шілігіне қазақ хандығының тұтас сақталуға тиістігін, оны өзі арқылы бас­қарудың дұрыстығын мойындатты. Алайда 1736 жылғы 1 та­мызда оны орыс патшайымынан бодандыққа мойынсұнғаны үшін сыйлыққа арнайы қылыш ал­ған Ба­рақ сұлтан өлтіріп тынды.

Сөйтіп, қазақ елін орыс им­периясына қосып алудың жаңа сатысы басталды. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде арнайы шығарылған заңдар негізінде хандық құрылыстың тамырына балта шабылды. Қазақ даласын жаппай отарлау етек алды. Патшалықты құлат­қан кеңестік империя кезінде де большевиктік саясат қазақтарды ұлттық қасіретке душар етті.

Қысқасы, қазақ мемлекет­тігінің төрт ғасырлық тарихы жайында мағлұматтар дәйек­­телген бұл еңбекте осы мәселелер егжей-тегжейлі қарас­тырылған.

Б.Қойшыбаевтың «Алаш жолы» рисәләсі енген екінші кітабы да тарихи тағылымға толы кезең туралы сыр шертеді.

Автор кітабының алғысө­зінде рисәләні құрайтын туындыларды қандай да бір әдеби жанр­ға жіктемей, әр шығарманы өзін­ше бір этюд деп санайты­нын біл­діреді. Рисәләнің әр заманғы араб, парсы, түркі қара­сөзінің өзіндік жанрының атауына айнал­ғанын айта отырып, сол пішінді жаңғыртуға бел байлаған.

Рисәлә Ресей империясын­дағы революциялық және жалпы мұ­сылмандық қозғалыстармен астаса дамыған қазақ ұлт-азат­тық қозғалысының тууын және оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, елдің қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін тарихи-танымдық он этюдтен тұрады. Аталған кітапқа солардың үшеуі енген.

Рисәлә Ә.Бөкейхан, Б.Қара­таев, С.Лапин, Ж.Ақбаев, И.Гас­принский, Ә.Топчибашев, Ә.Ибра­­гимов, Ш.Қосшығұлов секілді тұлғалардың қайрат­керлік қырларымен таныстырады. Азаттық қозғалысының бас­тауын­да тұрған жандарды көр­кем­дік зерт­теуінің нысанасы етіп алған ав­тор олармен қоян-қолтық әре­кет еткен Еркіндік, Өтеміс, т.б.кейіп­керлер бейнесін қатар сомдайды.

Сөйтіп, белгілі бір тарихи кезеңді бейнелейтін аталмыш рисәлә барша оқырманды тарих арқылы тәрбиелеу ісіне атсалысуды мақсат еткен.

Балжан ХАБДИНА,

баспа және полиграфия ісінің қайраткері

Соңғы жаңалықтар