Жарысқа барлығы 8 команда қатысты. Онда Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының «Жеңіс», «Егемен Қазақстан», «Хабар», «Қазақ Радиосы», «ҚазМедиа», «Sport 59», «Kazsport» және «Атамекен» командалары күш сынасты.
Турнирде командалар екі топқа бөлініп, өнер көрсетті. «А» тобында Қазақ Радиосы, «Егемен Қазақстан», «Kazsport» және «Хабар» ұжымдары ойнаса, «В» тобында «ҚазМедиа», «Жеңіс», «Sport 59», «Атамекен» жігіттері өзара күш сынасты.
Жарыс өте тартысты жəне қызықты өтті. Оны турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, соған дейін ойындарды өз көзімен көрген Мәдениет жəне спорт министрлігі спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов та айтты.
Екі топқа бөлінген командалар бір-бірімен ойнап, мықтылары жартылай финалға шықты. «А» тобында «Хабар» агенттігі мен «Егемен Қазақстан» газетінің клубтары бірінші және екінші орынмен келесі айналымға шықса, «В» тобында «Жеңіс» пен «Sport 59» командалары ½ финалға жолдама алды.
Қорытындысында турнир ұйымдастырушы «Жеңіс» командасы чемпион атанса, «Хабар» ұжымы екінші орынға тұрақтады. Ал «Sport 59» үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар, ұйымдастыру комитеті жекелеген аталым бойынша үздік атанған төрт адамға арнайы сыйлық тағайындады. Онда турнирдің үздік ойыншысы атағын «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман, үздік қорғаушы номинациясын «Егемен Қазақстан» командасының ойыншысы Елтай Нұрғазин алса, Құмарбек Азат («Жеңіс») үздік шабуылшы, Айбек Қабылша («Хабар») үздік қақпашы атанды.
Енді болашақта Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының Астана қалалық филиалы журналистер арасында жарыстың бірнеше түрінен Спартакиада өткізуді жоспарлап отыр.