Оның айтуынша, ҰБТ облыста 16 жерде өткізіледі. Олардың төртеуі жоғары оқу орындарының базасында, үшеуі аудан орталықтарындағы колледждерде, тоғызы жалпы орта мектептердің базасында орналасқан. Әрбір ҰБТ өткізу пункттерінде 11-ден 14-ке дейін аудиториялар даярланып, олар ұялы телефон байланысын ажырататын 237 құрылғымен жабдықталып отыр.
«Биылғы жылы министрліктің тапсырмасына сәйкес 91 жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі байланыс ажырататын құрылғыларды алуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тестілеу пунктерінде 26 рамалы метал іздегіштер, 226 салқындатқыш, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 42 бейне тіркегіш орналастырылды», - деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда 33112 бітірушінің 23760-ы яғни 71,8 пайызы ҰБТ тапсырады деп күтілуде. ҰБТ-ға өтініш қабылдау 10-наурыздан 10-мамырға дейін жүргізіледі.
ҰБТ тапсыруға ниет білдірген мектеп бітірушілері ҰБТ-ның жаңа форматына дайындалу мақсатында алдын-ала байқау тестеріне қатыстырылуда. Наурыз айында алынған байқау тестерінің орта балы – 75,2 балды құрап отыр.
Сондай-ақ, ҰБТ тапсыратын 23760 бітірушінің 13585-і тасымалдауды, 12443-і тамақтануды, 1825 оқушы жатын орынды қажет етеді. Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен бітірушілерді тестілеу үшін қажетті қаражат бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Облыстағы 1429 түлек «Алтын белгі» белгісіне, 852 бітіруші үздік аттестатқа, 9-сыныпты бітірушілердің 3568-і үздік куәлікке үмітті.