Бұл бағытта жұмыс істеу үшін ұстаздар, мектеп қызметкерлері және оқушылар арасында рейтинг жүргізуді ұйғардық. Әуелде рейтингті тек оқушылар арасында өткізуді ойластырсақ, кейін ойлана келе ұстаздар мен мектеп қызметкерлері арасында да жүргізуді жөн деп шештік.
Бұл жұмыстың тәртібін, жөн-жобасын, неден бастап, немен аяқтау керек екендігін дұрыс білмегендіктен көп ізденуге тура келді. Соңында балдық жүйені дұрыс деп таптық. Балдық жүйеге тоқталғаннан кейін үздіктерді анықтау үшін белгілі бір орын, атақ беру жағын ойластырдық. Ойлана келе 17 атаққа тоқталдық. Соның ішінде ең негізгілері – «Үздік ұстаз», «Үздік оқушы», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік сынып» атақтары. Келесі кезекте рейтингті жыл бойы жүргізіп, оқу жылының соңында жұмысты қорытындылайтын комиссия құру міндеті тұрды. Комиссия құрамына мектеп әкімшілігі, ата-аналар комитетінің төрағасы, кәсіподақ ұйымының төрайымы және жастар қозғалысының ұйымдастырушысы, барлығы 7 адам кірді. Ендігі мәселе жетістіктерді тіркеуге келіп тірелді. Өз жұмысыңыздың нәтижесін көру үшін қайткенде де бәрі әділ, дұрыс болсын деп ойлайсың ғой.
Осы жұмысқа мектепте бұрыннан қалыптасқан дүйсенбілік тақырыптық лездемелерді неге пайдаланбасқа деп ойладық та, апта сайын Әнұран айтылып, тақырыптық лездемелер өткізіліп, соңында «Болашақ» мектеп қалашығының мүшелері өткен аптаның қорытындысын шығарып отырды. Әр сынып қорытынды бойынша жетістіктері үшін марапатталып, смайликтер тарату арқылы рейтингке енгізілді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бұл жұмысты жеке-дара орындау мүмкін емес болғандықтан, мектеп оқушыларын да қатыстырдық. Олардың өздері араласса мейлінше шынайы әрі әділ өтіп жатқанына көздері жетеді емес пе? Аудан, облыс, республика, сондай-ақ, халықаралық деңгейде өткен байқаулар мен сайыстардың марапаттары да сынып рейтингісіне енгізілді. Осылайша әр тоқсан сайын сынып ұпайы қорытындыланып, жеңімпаздар аталып отырды.
Мектеп өміріндегі белсенділік, тазалық пен форма кию, сынып тазалығы мен көгалдандыру да рейтинг қорытындысында есепке алынды. Сыныптар мен ұстаздар арасында өзара бәсекелестік пайда болып, тәрбие жұмысы алға жылжыды. Оқушылар тәртіпті, әдепті, ар-намысы биік, ұлтжанды, отансүйгіш, бір-біріне мейірімді, кешірімді болуды үйренді. Жаңа жетістіктерді бағындыруға ынта-жігерлері артты.
Жыл соңында, яғни 22 мамыр күні комиссия мүшелері толық жиналып, барлық аталымдар бойынша 3-5 үміткер таңдап алынады. Оларға дауыс беріліп, үздігі анықталады. Есімдері жазылып, қағаз конвертке салынады да 23 мамырға дейін құпия түрде мектеп директорының кабинетінде сақталады. Ал 23 мамыр күні дәстүрге айналған «Үздіктердің үздігі» кеші өтеді. Бұл кешке аудан әкімі, аудандық бөлімдер басшылары, ауданның құрметті азаматтары шақырылып, мектеп ұжымының, жұмысшыларының, оқушылардың жыл бойы алда көрінген үздіктері анықталып, марапатталады.
Жыл бойы тыным таппай еңбек еткен үздіктердің үздігінің бойын мектебіне, ауылына, еліне, жеріне деген құрмет сезімі билеп, қуанышты кейіпте тұрғанын көру ұстаз үшін ерекше ғанибет!
Ғазиза ШЕГЕБАЕВА,
Үлкен Владимиров орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, І санатты тарих пәнінің мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы