• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2017

Көрменің көрігін спорт қыздырады

353 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылдың 10 маусы­мында Астанада ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық мамандандырылған көр­месі келушілерге айқара есік ашады. Күллі әлем көз тіккен көрменің өтетін мерзімі жақындаған сайын бойды толқыныс сезімінің билейтіні түсінікті жайт. Иә, «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Әлемнің әр қиырынан ағылған меймандардың алдында жайылып жастық, иіліп төсек болу өз алдына, қолдағы барды көрсете білудің өзі өнер һәм зор міндет.

Рас, әлемдік қауымдастық алдында халықаралық масштабтағы батыл жобаларымен, баламасыз ұсыныстарымен таныла бастаған еліміз үшін бұл көрме зор мүмкіндіктерді іске асырып, мүдделерді айқындап алар тамаша алаңқай болғалы тұр. Осы тұрғыдан алғанда, қай салада болсын жан-жақты қарманып, ұпайымызды түгендей білгеніміз абзал. Спортымыздың да бұл мақсатқа қосар үлесі сүбелі деген ойдамыз.

Қазіргі таңда Қазақстанды халықаралық спорт аренасында зор сенімге ие болған, спорттық державалардың қатарынан ойып орын алған мемлекет деп нық сеніммен айтуға болады. Бұған мысалды алыстан іздеп керегі де жоқ. Күні кешегі XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде өтуінің өзі   еліміздің әлемдік спорт қауымдастығы артқан сенімге қаншалықты адал болғанын көрсетсе керек.

Міне, спорты осынша өрлеп тұрған Қазақстан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде өзінің әлеуетін тағы бір мәрте паш етуге зор мүмкіндік алды. Яғни, алыстан келген меймандар көрмені ғана қызықтап қоймай, алуан түрлі спорттық жарыстарды да тамашалай алады.

Иә, биылғы жаз Астана дүбірлі жарыстардың ордасына айналғалы тұр. Елордамызда аталған әлемдік форум аясында 12 бірдей ірі турнир өтеді екен. Ең алдымен, 22-28 мау­сым аралығында «Дәулет» спорт кешенінде көркем гимнастикадан Азия чемпионаты ту тігеді. Сары құрлықтың сұлулары арасындағы бұл бәсеке аяқтала салысымен каратэ-шинкиокушинкай шеберлері әлем чемпионатының жүлделері үшін тартысқа түспекші. Жарыс 28 маусымда басталып, 4 шілде күні аяқталады. Іле-шала, яғни 10-17 шілде аралығында каратэ-до шито-рю деп аталатын спорт түрінен Азия чемпиона­ты жалау көтереді. Бұдан кейін, 15-24 шілдеде теннистен Президент кубогы жолындағы турнир өтеді. Ал 20-24 шілде аралығында өтетін белбеу күресі бойынша әлем чемпионаты кім-кімді болсын қызықтырары сөзсіз. Міне, қарап тұрсаңыз, маусым, шілде айларында елордада спорттық шаралардың қара қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатады екен!

Астанаға мың-миллиондап келетін қонақтардың алдында Қазақ елінің төл спорты – қазақ күресін тағы бір қырынан таныстырудың мүмкіндігі туып тұр.  Жарнамасы келіссе, тамыз айының 3-6 күндері «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін қазақ күресінен «Әлем барысы» турниріне келушілердің аз болмасы анық. Әлемнің әр түпкірінен келген балуан­дар қазақ күресі додасының көрігін қыздырып жатқан тұста «Эльдорадо» атыс алаңында стендтік атудан әлем чемпионаты шымылдық түреді. Тур­нир 3 тамыздан басталып, 13 тамыз күні аяқталады деп жоспарланған.

Қазақтың қандай жауынгер халық екенін паш ететін спорттық шараның бірі – «Қазанат» атшабарында өтетін көкпардан әлем чемпионаты деп ойлаймыз. Бұл доданы тамашалаған шетелдік меймандар көрген қызық, алған әсерден көпке дейін айыға алмасы сөзсіз.

Төрткүл дүниеге мақтан етер тағы бір тамашамыз – тоғызқұмалақ спорты. Қыркүйек айының 2-9 күндері  «Hotel ibis Astana» қонақ үйінде спорттың осы түрінен әлем чемпионатының жалауы желбірейді.

Міне, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақ елі спортының қарыш­тап дамығанын ғана емес, мем­леке­тіміздің халықаралық деңгейдегі маңызы зор жарыстарды өткізуге қаншалықты қауқарлы екенін, яғни әлемдік спорт қауымдастығының сеніміне әбден кірген әріптес екен­дігін төрткүл дүниеге тағы бір мәрте дәлелдемек. Бұдан бөлек, баламалы энергия көздеріне иек артқан еліміз халқының саламатты өмір салтын ұстанатын ұлт ретінде танылуы да әлем алдындағы абырой-беделімізді өсіре түсері сөзсіз.