Ол – мәйіттен алынған органдарды салу. Бұл жерде халықтың, әсіресе, оның ішінде қазақтардың оны беруге деген ынтасының аздығынан қаншама пациент күткен күніне жете алмай, сағағынан ерте үзілген гүлдей, орган жетімсіздігінен ерте солып жатыр. Күту парағына қанша сарыла қарағанмен, донор жоқ. Мәселен, Еуропада алмас-
тырылатын органдардың 70-80 пайызы мәйіттен алынады. Әрине, дәл бұрынғыдай емес, елімізде де шамалы қозғалу бар, бірақ тым мардымсыз. Жылына 15-16 мәйіттен орган алынады. Ал қазір 3 мың адам бүйрек ауыстырудың кезегінде, 1,5 мың пациент бауыр беретін донор табылса деп отыр. Бұл екі органды тірі донордан алуға келсе, ал жүрек, өкпе үшін тек мәйіт керек», деген болатын Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы ағза трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Құттымұратов жуырда газетімізде жарық көрген «Донор сыйлаған ғұмыр» атты мақалада. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Торғай кентінің тұрғыны Самал Есполова мәйіттен алынатын жүрек пен өкпе алмасуын сарыла күткен сондай көп пациенттің бірі.
Созылмалы жүрек ақауымен және өкпе гипертензиясымен ауыратын II топтағы мүгедек Самалды бүгінде қатты қинап отырған жайт, донор табылғанша үмітін ертеңге жалғап келе жатқан аса қажетті дәрілердің жетімсіздігі. Өйткені, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету тізбесінде Самалға қажет препараттар жоқ. Қостанай облыстық денсаулық сақтау департаменті облыстық бюджеттен осындай дәрілерге қаражат бөлуін сұраған екен. Тиесілі сома бөлінгенімен құжат реттеу аяқталмай, міне, 4 айдың жүзі болды дәріні күтіп телмірген Самал редакцияға хабарласқан.
– Маған қажет 2 дәрінің біреуіне ғана айына 60 мың теңге керек. Мүгедектігіме байланысты 37 мың теңге жәрдемақы аламын. Анам – зейнеткер. Қазір аурудың жаныма батқаны сондай ұйқы көрмеймін. «Қарға адым жер мұң болған» деген сөз бар емес пе? Менің күйім дәл сол кеп. Екі метр жерге 2-3 демалып барамын. Кейде аузы-мұрнымнан қан кетеді. Бір құман суды көтермек түгілі, бойым ауырлап, қатты шаршап, демігіп қаламын. Жүрегімнің тарсылы күшейгенде тыныс алуым қиындап, алқынамын-ай келіп. Қиналған күйімді жақсартатын дәрілеріме қолым жетпей жатыр. Әкем ертеректе қайтыс болған, ал дәрі алатын қаражаттың жоқтығынан менің қиналғанымды көріп анам да көз алдымда қартайып барады. Жаспын ғой, небәрі отыз бестемін, өмір сүргім келеді. 2014 жылдан бері Ұлттық ғылыми кардиология институтында донордың кезегінде тұрмын. Жылына екі рет келіп жатып, жоғары білікті дәрігерлердің көмегін аламын, бірақ қазір донор қашан табылады дегеннен де сол күнге жете алмай қаламын ба деп қиналудамын, –дейді Самал.
Егер бұл бір ғана Самалдың басындағы проблема десек қателесеміз. Республика бойынша осындай ғұмыры дәріге байланған жандар қаншама?! Өмірлерін соза түсер дәріге деген зәрулік науқастарды әр жылдың басында қинап жатады. Алдымен қаржы мәселесі шешілуі керек, одан соң тендер өтуі тиіс, одан дәріхана оны босатқанша қаншама қымбат уақыт зая кетеді. Ал дәріге тәуелді ауыр науқастар үшін оның бір түйірі олардың мына жалғандағы тұз-дәмінің таусылмауына тікелей байланысты. Оның үстіне жағдайлары ауырлағанның үстіне ауырлап, «суға кеткен тал қармайды» дегендей, дерт меңдеген науқас жанұшыра кім көмек бере қояды екен деп хәлі жеткені дабыл қағады. Әйтпесе, апыр-ай, шырағым сөнер, қос жанарым жұмылар сәт жақындап келе ме деп қиналады.
Осындайда «неге?» деген сауал алдыңнан шығады. Неге, біз әрбір олқылықтан сабақ алмаймыз? Неге жыл сайын проблемалар қайталануы тиіс? Неге дәріге телмірген ауыр науқасы бар пациенттердің жыл сайын шамасының қаншаға жетіп жығылатынын алдын ала есептеуге, соған байланысты тиісті шараларды қарастыруға болмайды? Үкімет, жергілікті билік тізе қоса, қоян-
қолтық осы бағытта жұмыс атқарса бұл пәлендей шешілмейтін қиын түйін, шалқайып кеткен шаруа емес. Нормативтік кесімді құжаттарын даярлау да соншалықты қиынға соқпаса керек. Қазақ «Қалауын тапса, қар да жанады» деп бекер айтпайды. Егер осы мәселеде қар жанатындай қаластырылуы табылса, дәріге ғұмыры байланған қазақстандықтардың алғысы шексіз болар еді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»