• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Халыққа қызмет көрсетуде олқылықтар көп

382 рет
көрсетілді

Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде министр Асқар Жұмағалиев халыққа қызмет көр­сету орталықтары басшы­лары­мен жиналыс өткізді. Басқосуда көтерілген басты мәселенің бірі биылғы жылдың наурыз айында Байланыс және ақпарат ми­нистр­лігінің қарамағына берілген ХҚКО-лардың жұмысын жаң­ғырту және жетілдіру болды. «Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зарбаев біздің министрлікке ха­лыққа қызмет көрсету орта­лық­та­рының жұмысын жетілдіруді, халыққа сапалы мемлекеттік қыз­мет көрсету ісін қадағалауды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелерін тездетуді тапсырды», – деді жина­лыс­ты аша отырып министр Асқар Жұмағалиев. Қазіргі күні азаматтардың ХҚКО қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасына және қызметті ұсынушы мемлекеттік орган­дар­дың жұмысына көңілдері тол­майды. Өйткені, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасын­да­ғы тосқауылдар мен сыбайлас жем­қорлық түпкілікті жойылмай отыр. Азаматтарды ақпараттан­ды­ру мен ұсынылған қызмет көр­сетулердің сапасын бақылау жұ­мыс­тарына сараптама жүргізіл­мей­ді. Қызмет көрсетулердің биз­нес-үдерістері оңтайлан­ды­рыл­ма­ған. Осыған орай вице-министр Сәкен Сәрсенов өзінің баян­дама­сында аталған саланы жетілдірудің басты бағыттарын анықтап берді. Ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғындарды тіркеу, жеке куә­ліктер мен төлқұжаттар беру қызметтері оңтайландырылмақ. Министрліктің ХҚКО жұмы­сын үйлестіру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау жөніндегі комитеті ха­лыққа қызмет көрсету орталық­та­рының персоналмен жұмысына басты назар аудармақ. Вице-ми­нистр С.Сәрсеновтің айтуынша, Mystery shoping («Құпия сатып алушы») акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Бұл акция­ның мақсаты жергілікті жерлердегі ахуалды нақты бағалау үшін пікірлер жинау болып табылады. Бұған қоса азаматтар интернет желісі мен смс хабарлары ар­қы­лы қызмет көрсетулердің орын­далуына бақылау жүргізе алады. Сондай-ақ 1414 Call-орталы­ғы­ның операторлары электронды үкімет жұмысымен қатар, ха­лық­қа қызмет көрсету орта­лық­та­ры­ның жұмысы туралы да ақпа­рат­тық кеңестер береді және сенім телефондары орнатылатын болады. ХҚКО-дағы ұзын-сонар кезектер азаматтардың ренішін ту­ғы­затыны белгілі. Осы ретте Бай­ланыс және ақпарат министрлігі ХҚКО-дағы кезекке тұруға call-орталығы немесе интернет ар­қы­лы брондау жүйесін енгізуді көз­деуде. Бұған қоса мемлекеттік өтем­ақыларды электронды үкі­мет­тің төлем шлюзі немесе банк карточкасы арқылы төлеу мүм­кіндіктерін ұсынады. Министр­лік­тің аталған салаға енгізетін жаңалықтарының бірі мобильді ХҚКО болмақ. Бүгінгі күні алыс елді мекендерде тұратын тұр­ғын­дар үшін мемлекеттік қызмет түрін алу қиынға соғып отыр. Сон­дықтан мемлекеттік қызмет көрсетулерді қолжетімді ету үшін мобильді ХҚКО белгілі бір кесте бойынша аймақтарға барып, қызмет көрсетулері тиіс. Жиналыста сөз болған маңыз­ды мәселенің тағы бірі ХҚКО-дағы сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес жұмыстары жайында болды. Комитет төрағасы Бақыт Әбішев ХҚКО-ның мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы орын­дауы бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндама жасады. «Қазіргі таңда азаматтарды тіркеу, жер телімдеріне құқықтарын тіркеу, жеке куә­лік пен төлқұжат алуда шешімін күт­кен мәселелер бар. Атал­ған мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуде сыбайлас жемқорлық­қа жиі жол беріледі», деп атап өтті Бақыт Шалқарұлы. Сонымен бірге, ол ХҚКО қызметкерлерінің заңнама­ны бұзу мен лауазымын асыра пай­далануы бойынша нақ­ты дәлел­дер­ді де назардан тыс қалдырмады. Министр Асқар Жұмағалиев өз кезегінде аталған фактілер бой­ынша бір аптаның ішінде қыз­мет­тік тексерулер жүргізіп, басшы­лық­тың жауапкершіліктері туралы ұсыныстар беруді тап­сырды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.