«Социалистік Қазақстан» газетінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі қызметі туралы
Осы мақаланы жазар алдында Ұлы Отан соғысына қатысқан, елге оралған соң, қазақ баспасөзіне бүкіл өмірін арнаған Құрманбек Әбілдаевтың «Қаһарлы күндер шежіресін» асықпай парақтап шықтым. Сонда басыма бір ой келді. Қан майданда айқасқан ағалар ерлігінің арқасында қол жеткен Жеңіс жемісін халқымыз күні бүгінге дейін теріп отыр. Ал Жеңіске мықты үлес қосқан жауынгер аға – біздің мақтанышымыз, апырау, мына ХХІ ғасырдағы жұртына пайдасы тимей қоймайтын және бір бағалы еңбек сіңіріпті ғой деген ой еді ол.
Соғыс басталған күнді ме, болмаса Жеңіс күнін бе, обалы не керек, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары қазақ сарбаздарының кешегі қан майданда жасаған ерлігін ел-жұртымыздың есіне үнемі түсіріп отыруға тырысады. Менің сонда байқағаным, бір газет жаңалығымен қуантса, екіншісі – ескі ізді шиырлауға әуес. Атақты батырларымыздың екі-үш есімін ғана қайталап келтіре отырып, белгілі жәйттерді сағызша шайнайды. Мұндайда жауырының құрысып: «Оу, іздену қайда?» – деп қаласың. Ондай газетті киоскіден сатып алуға ендігәрі ұмтыла қоймайсың.
Бүгінгі газетшілеріміздің басым бөлігі – жастар. Оларды кешегі қырғын соғыс қаһармандарының көбін біле бермейтіні үшін жазғыруға болмайды. Ал білгісі келгендеріне талабыңа нұр жаусыннан басқа айтарымыз жоқ. Жазуға ұмтылғандарына берер ақыл-кеңес әзір: нағыз керемет «анықтамалық» – жоғарыда атын айтқан қайран Құрекеңнің кітабын оқысын. «Қаһарлы күндер шежіресі» – жалпы саясат жөніндегі жетекші, аға газетіміз «Социалистік Қазақстанның» («СҚ», қазіргі «Егемен Қазақстан») тұтас бір кезеңінің тарихы. Өзге сөз таба алмайсың. Себебі төмендегіше.
Біріншіден, Құрекең кітабына қарағанда, «1941 жылғы июльден бастап біздің республикада «Лениншіл жас», «Ленинская смена», «Пионер Казахстана», «Октябрь балалары», бес облыста шығып тұрған комсомол газеттері, «Коммунист», «Жас большевик», «Пионер», «Вожатыйға көмекші», «Сталин жолы», «Народное хозяйство Казахстана», «Қазақстан колхоз-совхоздары», «Литература и искусство Казахстана», «Халық мұғалімі», «Әдебиет және искусство» журналдарының шығарылуы уақытша тоқтатылған».
Екіншіден, соғыс жылдары облыстық газеттер көбіне тұтамдай шағын көлемде шығарылды. Көлемі негізінен «Совинформбюроның» материалын аударып басуға ғана жететін. Ал сол кездегі басты тақырып – Ұлы Отан соғысы барысының жай-жапсары, ең бағалысы – қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы толық ақпаратты тек сол «Социалистік Қазақстаннан» ғана табамыз... Оның мейлінше сығымдалған түрі жаңағы аталған Құрекең кітабында.
Кітаптың өзі де атына сай шежіре іспетті. Алғашқы тарауында автор Кеңес Одағының соғыс қарсаңындағы және басталғандағы жай-күйінен қысқаша ұтымды да тартымды мағлұмат беріп алып, газеттің майдан тақырыбын жазудағы алғашқы қадамдарын нақтылы талдап көрсетеді.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан былай қарағанда, майданнан алыстау өңірде орналасқандай еді. Ал ақиқатына келгенде, республикамыз фашизм агрессиясына қарсы майданның алдыңғы шебінде болды. «Правда» газеті «Славный казахский народ – в борьбе за советскую Родину» деген бас мақаласында (1943 жылғы 6 февраль) былай деп жазды:
«Хорошо бьются казахи на фронте, хорошо работают их отцы, матери, жены в тылу. Казахстан могуче подпирает фронт всеми богатствами своей земли, всеми сокровищами своих гор. В каждом снаряде, опустошающем ряды гитлеровцев, есть часть казахской природы, есть доля казахского труда. Казахстан близок и дорог советским людям. Любят у нас прямую, открытую, мужественную душу казаха, его скромность, его верность».
Құрманбек Әбілдаевтың кітабы «Социалистік Қазақстан» газетінің бай материалынан талай-талай жарқын мысалдарды үсті-үстіне келтіре отырып, қазақ майдангерлеріне деген біздің жүрегіміздегі ыстық махаббатты онан әрмен күшейте түседі.
Не жазса да жазуы оқылмай қоймайтын автор болады. «Социалистік Қазақстан» газетінде жиі жарық көретін академик Қаныш Сәтбаев мақалалары сондай еді. «Қаһарлы күндер шежіресінде», әсіресе, полиметалл өндірісіне байланысты көкейкесті ақпар алдымен сол әлемге даңқы кеткен ғұламаның қаламынан туындайтын. Шымкент, Лениногор қорғасын зауыттары секілді жаңадан салынған ірі зауыттар, Зырян, Белоус сияқты қоры мол кендер ғой неміс-фашистерге атылған он оқтың тоғызын құюға атсалысқан. Молибден, вольфрам, сурьма сияқты сирек кездесетін металдар өндірісі жолға қойылып, ел қару-жарақ жасайтын құймалардан тарығып көрген жоқ. Соғыс жылдарында республикада жаңадан 25 рудник пен шахта, 11 байыту фабрикасы іске қосылыпты. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты салынды. Біздің республикамыз жалпы Одақ бойынша өндірілген қорғасынның 85 пайызын, мыстың – 30, марганец рудасының – 60, полиметалл кендерінің 70 пайызын берген.
Кітап авторы шығармасының тағы да бір тұсында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 1942 жылдың сәуірінде КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанын жазады. Сол кездегі республикалық билік тарапынан академикке құттықтау хат жолданғанын қуана әңгімелейді. Хатта қазақ жерінің қойнауындағы байлықты тауып игеру хақындағы Сәтбаев еңбегі геология ғылымына қосылған бағалы үлес қана емес, неміс-фашист басқыншыларын талқандау ісіне тікелей қызмет етеді, – делінген ресми орындардың құттықтау хатында. Соңғы сөйлемнің астын Құрекең кітабында арнайы сызып ерекшелепті.
Қаныш Сәтбаев бастаған геологтардың, жұмысшы, инженер-техник қызметкерлердің ерен еңбегін жазуда, тәжірибесін жинақтауда, істегі кемшіліктерді ашуда «Социалистік Қазақстанның» сол қиын-қыстау кезеңде жарияланған материалдары, көтерген дабылдары соғыс шаруашылығын қалыптастыруға баға жетпес көмек көрсетті деп толық сеніммен айтуға болады, деп жазады кітап иесі.
Аға газеттің жарияланымдарына сүйене отырып, кітап авторы, мәселен, Ленин орденімен наградталған бұрғылау шеберлері Н.Бермағамбетов, А.Байарыстанов, Р.Қасқараев, Б.Өтеулиев, промыселдердің басшылары: Д.Досмұхаметов, С.Өтебаев, Р.Сағындықов және басқаларының есімдерін үлкен ілтипатпен атап өтеді. Осылардың еңбегі туралы материал іздестірумен бірге, былайғы тағдырының қалай қалыптасқандығын білгісі келетіндер аз емес. Өндірісте ғаламат табысқа жеткен еңбек ерлерін жазғысы келген журналист бағыт сілтеуші материалды Құрекеңнің кітабынан молынан қарпи алады.
«Социалистік Қазақстан» газеті Құрекең дәл тауып айтқан сол отты күндердің шежіресіне айналған. Соғыс бұрқ еткен сағаттан бастап еңбек пен ерліктің ертегімен бір есеп хикаясы жалғаса береді. «СҚ»-ның мақала, корреспонденция, хабар, очерктері ғылыми сындарлы жүйеге түскен бетінде бірінен бірі үстем, салиқалы оймен, жеңіл тілмен талданады. Кезек ауыл шаруашылығы өндірісіне тигенде біз тағы да республикамызда майдан үшін жасалған алапат істерге молынан қанығамыз. Астық, қызылша, күріш, мал өнімдерін мемлекетке тапсыру жоспарын Қазақстан соғыстың төрт жылының ілкі күндерінен бастап асыра орындап отырғанын газеттің 1941 жылғы ноябрь, декабрь айларындағы сандарынан алынған фактілерден көреміз.
Осы кездерде ғой Қазақстанның атақты тары өсірушісі Шығанақ Берсиевтің звеносы 6 гектардан 155,6 центнерден өнім алғаны. Даңқы Одаққа, қала берді дүние жүзіне тараған Шығанақтың, басқа да көп-көп атақты еңбек озаттарының есімін білгісі келгендер Құрекең кітабынан ондап, жүздеп таба алады.
Әйел – үйелмен ұйытқысы, құт-берекесі дейміз. Бірақ ол от басы, ошақ қасынан ұзап шыға алмайды емес. Соғыс кезінде қазақ әйелі майданға аттанған ер адамдардың жұмысын олардан кем атқармағанын, тапсырманы зор ынта-ықыласпен жапырып істегенін дәлелдейтін фактілерді Құрекең ұқыптап іріктеген. Семей облысы, Аягөз ауданының Таңсық МТС-інің трактористері Жамиға Тезекова мен Тұрсын Әбдірахманова өз құрбыларын механизаторлық мамандықты меңгеруге шақыра келіп, «Біз өз мамандығымызды сүйеміз. Ал Отан талап етсе, тракторды танкке айырбастауға даярмыз. Біз тракторды қалай меңгерсек, танкті де солай меңгереміз», – деген.
Өз басым осынау анттай естілетін ана сертін жел сөзге балаудан аулақпын. «Қаһарлы күндер шежіресінен» газеттің қыруар материалына сүйене отырып, қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерлігі мейлінше төгілтіп жазылған. Бүкіл Орталық Азиядан, Кавказдан Совет Одағының Батыры атанған тек осы екі қазақ қызы ғана. Фанера самолет «кукуризникпен» жау төбесіне 326 рет найзағай ойнатқан халық қаһарманы Хиуаз Доспанова ше? Жалпы, қазақ бұрымдыларының отбасы жылуын сақтайтындар ғана болып көрінбегені, төбе шашын түйе салып, бәз баяғы Томирис апаларындай талай ұрпағын сүйіндірген көзсіз ерлік жасағаны тарихымызда алтын әріппен жазулы.
«Ер жігіт – ел мақтанышы» айдарымен «Социалистік Қазақстан» газеті қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігін үзбей жазған. Соғыстың алғашқы жылдары жарқ етіп көрінген Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың бейнесін оқырмандарына бірнеше мақала, очерк арқылы жеткізгені айтылады. «Жасқанбай тура қарасаң, өлім де саған шыдап тұра алмайды. Сен жеңесің. Өмірді сүйеді екенсің, сол өмір үшін күресе біл!».
Аранын ашқан ажалмен айқасқан Құрекең Төлеген Тоқтаровтың бұл сөздерін өзі де іштей күбірлеп талай қайталаған болар. Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі. Кітап авторы «Правда» газетінің жоғарыда аталған бас мақаласында Төлеген Тоқтаровтың сөзі келтірілгенін, сол кездегі жетекші газеттің өзі Төлеген толғанысын отаншылдықтың жоғары үлгісі деп бағалағанын орынды мақтанышпен жазады.
«Социалистік Қазақстан» газеті – халықтар достығының туын ұстаушысы. Осы тақырыпқа автор кітабының тұтас бір тарауын арнапты. Халқымыздың бауырмалдығын көрші елдер өкілдеріне айтқызуы өте-мөте ұтымды болған. Атақты кинорежиссер, драматург Александр Довженко қазақ жауынгерлерінің бауырмалдығын суреттеген тұстарын Құрекең толық келтіреді.
«Ерлер бөлімшесі өзеннен іркілмей өтіп, Украина жеріне шықты.
– Жүгіріңдер! – деген команда естілді. Бұлар қазақтар еді. Олардың командирі де қазақ. Олар жүресінен отыра қалды.
– Армысың, туысқан украин жері! – деді командир зор дауыспен. Оның жүрегі әлденеге қатты соқты. Осындай сезім оның қасындағы қазақ жігіттерінің де жүрегін билегендей болды. Олардың бәрі де жата қалып, украин жерін құшақтап сүйді.
– Біз сені фашистердің тепкісінен құтқарғалы келдік! – деді командир қолын сермеп, жауынгерлерін көрсетіп.
Осы хабар құлағына тиісімен, жыр алыбы Жамбыл шабытты бүркіттей шарықтады. Домбырасын қағып жіберіп, нөсерлете жөнелді.
Украина топырағын
Көкірегіндей ананың
Жауған оқтан жасқанбай,
Сүйіпті менің ұлдарым.
Жасыратын сыр ма бұл,
Естіп соны қарт Жамбыл,
Көкірегі күңіреніп
Жас ірікті бұл да бір.
Бұған енді Жәкеңнің «Ленинградтық өрендерім, мақтанышым, беделім» атты дабылды жырын қосыңыз. Драматург Вс.Вишневский «Ленинградцы, дети мои, Ленинградцы, гордость моя!» деген сөздерді қала көшелерінде ілінген плакаттардан оқығанда, қатарымызға тыңнан тұтас дивизия қосылғандай серпіліп қалдық демеп пе еді. Ер қаруы – бес қарудың бірі жүрекжарды сөз екенін Құрекең соғыс өртінің от-жалынына оранып жүріп, майдан газеттерінен, әсіресе, «СҚ» арқылы бар жүрегімен сезінген-тін. Сол себепті де «Қаһарлы күндер шежіресінің» маңызды тарауының бірі «Қалам қаруға теңелсін!» деп аталды. Құрекең бүгінгі күні ұлағатты ұрандай естілетін тақырыпты жан-жақты, барынша тереңдеп зерттеген. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов... Кестелі сөзден өрнек төккен, елім деп еміренген сол асыл ағалар өздерінің жалынды публицистикасымен, очерк, өлеңдерімен «Социалистік Қазақстанның» бетінде бұрынғы бейбіт кездегіден әлдеқайда жиі көрінетін болған, деп жазады кітап авторы.
«Майданнан соққан жаңа леп». Бұл – «СҚ»-ның 1944 жылғы 28 майдағы санында басылған Қасым Аманжоловтың «Абдолла» деген поэмасы, Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлты» туралы рецензия. Авторы – жазушы Ғабит Мүсірепов майданда туған жаңалықтың мәнісін аша отырып, жас қаламгер Баубек Бұлқышевтің публицистикасын жоғары бағалайды.
Біз шолып отырған кітаптың авторы келтірген бір ғана дәйек сөздің өзінен-ақ қазақ сарбазының тұлғасы биіктеп зорая береді. Баубек Бұлқышев «Шығыс ұлына хатында: «Сен еркіндіктің туын көтерген елде өстің. Сен өзің сүйген шығыстың бір сұлуына үйленіп едің, сен өзіңше, менің әйелім сұлу, одан сүйкімді жан жоқ деп ойлап едің. Ендеше, ортаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды! Өлімнен қорықпа, екі өлмек, екі тумақ жоқ... Ұмтыл ілгері..!» – деген.
Ұйқасы жоқ демесең, Баубектің жан құбылысынан, публицистикалық қаламгерлік өнерінің бар бітімінен, өзінше бір сюжеттік арқалығынан ағындап тұрған ақындығы, жан сөзі, айтты-айтпады, соны леп болып есіп тұр...
Атадан балаға мирас осындай сөз асылын сан-сан қабат «СҚ» тігінділерінен көзінің майын тауысып тірнектеп іздеп табу оңай жұмысқа жатпаса керек. Қандыкөйлек дос, жолдастарының ерлігін жырлаған аға газеттің ұлан-асыр еңбегін көп қадағалап, байыпты талдап тексеруге кешегі жауынгер, арамыздан асығыстау кеткен қайратты, қарымды қаламгер Құрманбек Әбілдаев барын салған десек, артық айтқандық болмайды.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.