Кеше Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов аталған партияның Қоғамдық қабылдауында азаматтарды өтініштері бойынша қабылдау өткізді.
Бүгінгі қабылдауға келгендердің арасында зейнеткерлер, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер де болды. Төрағаның қабылдауына кіргендер жеке проблемаларымен қатар, елдік мәселелерді де көтеріп, өздерінің ұсыныстарын да ортаға салып жатты.
Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Ұялы ауылының тұрғыны Жұмабай Нұрахметов ақсақал немересін ерте келіпті. Оның айтуынша, осыдан біраз бұрын ол «Альянсстройинвест» ЖШС-іне үлестік қатынаспен тұрғын үй салуға ақша құйған. Алайда құрылыстың созылып кетуіне байланысты, сот арқылы құйған қаржысын кері қайтарып алу туралы арыз талабы қанағаттандырылғанымен, әлі де орындалмай келеді екен. Орал Байғонысұлы қарияның сөзін мұқият тыңдап болған соң, оның оң шешілуі мүмкіндігін айтып, осы мәселе бойынша ЖШС басшысымен сөйлесуге нақты тапсырма берді.
Келесі кезекте өзін жеке кәсіпкермін деп таныстырған қарағандылық Саттар Молдабековтің фракция жетекшісіне айтар ұсыныстары бар екен. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауда қысы-жазы бірқалыптағы температура ұстап тұратын шахталық ұңғымаларды пайдалануға боларын алға тартты. Сондай-ақ желді электр қуатына айналдыру құрылғыларын жасауға елімізде барлық жағдайдың барлығымен бөлісті. Өкінішке қарай, қабылдауға келген кәсіпкер нақты жобаларын алып келмеген болып шықты. Сондықтан да бұл жөніндегі мәселе кейінге ысырылды.
Жалпы, Орал Мұхамеджанов өтініштердің ішінде инвестициялық жобаларды енгізу, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне қатысты азаматтар ұсыныстарына ерекше назар аударды. Фракция жетекшісі ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы пікірлермен де келісетіндігін білдірді. Осылайша көптеген проблемалар сол жерде шешімін тауып жатса, бірқатары тиісті құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан бақылауға алынды.
Қабылдау соңынан Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы сұхбат берді. Спикер қабылдауға келушілер арасында жеке басының шаруасынан гөрі қоғамдық проблемаларға көңіл қоя бастаған азаматтардың саны артып келе жатқанын атап көрсетті. Төраға қазіргі кезде тұрғындарды баспана мәселесі қинап отырғандығымен де бөлісе кетті. Жағдайдың бұлайша ушығып кетуі ауылдық жерлерге жекенің келуімен екі қолға бір жұмыс таппай жүргендер көбейіп, олар қалаларға қоныстана бастаған. Болашақта ауыл тұрғындарының саны 10-15 пайыздан аспауы мүмкін, деген спикер олардың баспанаға қажеттілігін бәсеңдету жақын он жылда жүзеге асуы мүмкіндігін де алға тартты.
Жалпы, фракция депутаттары «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында азаматтарға қабылдауды аптасына екі рет өткізеді. Жыл басынан бері өткізген 23 қабылдау барысында азаматтардың 194 арыз-өтініші қаралса, соның 185-і оң шешімін тапқан. Төртінші шақырылым басынан Үкімет пен мемлекеттік органдар басшыларының атына жолданған сауалдар саны 1871 болса, ағымдағы сессия барысында 444 депутаттық сауал жолданыпты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.