ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Төзімділік және кемсітуге қарсы күрес мәселелері жөніндегі жеке өкілі, Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметовтің Римде (Италия) мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктер өкілдерімен кездесуінде діни еркіндікті ілгерілету, діни тұрғыдағы, жатсыну мен нәсілдік кемсітуге қарсы іс-қимыл мәселелері сөз болды.
Кездесу ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының үш жеке өкілінің Италия мен Ватиканға биылғы бірлескен сапары аясында болды. Киелі Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшысы – архиепископы Д.Мамбертимен кездесуі барысында кемсітуге қарсы күрес пен діни еркіндік мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
Д.Мамберти дінаралық үнқатысу мен конфессияаралық өзара түсіністікті орнықтыруға Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалай келіп, Қарағандыдағы католик шіркеуі құрылысының қолдау тапқаны және аяқталуына орай алғыс айтты.
Италияның мұсылман қоғамының өкілдерімен, Министрлер кеңесінің, Италия ІІМ діни қатынастар жөніндегі директоратының, Тең мүмкіндіктер департаментінің және Кемсіту мен нәсілшілдікке қарсы ұлттық кеңсенің сарапшыларымен кездесулерде қуғындауды, жатсыну және нәсілшілдікті мемлекеттік саясат деңгейінде жою саласындағы шаралар әзірлеу қажеттігі атап көрсетілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.