Пәкстанның солтүстік-батысында жасалған екі террорлық әрекеттен 70-ке жуық адам қаза тауып, 30-дан астам адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы кеше «Ассошейтед-пресс» агенттігі хабарлады.
Жарылыстар Пешавар қаласынан 30 шақырымдай жердегі әскерилендірілген полиция бөлімшесі мүшелерінің дайындалу орталығының аумағында жасалған. Агенттіктің таратқан ақпараттарына қарағанда, қаза тапқандардың көпшілігі әскери қызметшілер. Кейін белгілі болғанындай, алғашқы жарылысты жанкешті жасаған. Екінші бомбаны да жанкешті іске қосқан деген болжам айтылуда. Жарылыстардың жасалу жауапкершілігін қазірге ешқандай ұйым өздеріне алған жоқ.
ХОСНИ МҮБӘРАК ТАҒЫ 15 ТӘУЛІККЕ ҰСТАЛАДЫ
«Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, Египет билігі елдің бұрынғы президенті Хосни Мүбәракті тағы 15 тәулік ұстауды ұйғарған. Оны қамауда ұстаудың мерзімі осымен екінші рет ұзартылып отыр.
Өз өкілеттігін асыра пайдаланды және заңсыз баю жолына түсті деген айыптар тағылған бұрынғы президент қазіргі кезде Шарм эл-Шейхтегі ауруханада жатыр. «Ассошейтед-пресс» агенттігінің ақпараттары бойынша, ол тергеу орындарына зайыбы Сюзанн Сабетпен бірге алғаш рет жауаптар берген. Бірқатар сарапшылар Х.Мүбәрактің және оның жақындарының байлығы ондаған миллиард доллардан асады дегенді алға тартады.
ГИНГРИЧ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ТҮСПЕК
АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының бұрынғы спикері, республикашыл Ньют Гингрич өзінің 2012 жылғы президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бұл ақпаратты «Франс-пресс» агенттігі таратты.
Ньют Гингрич 1995 жылы республикашылардың 40 жыл үзілістен кейін Өкілдер палатасынан көпшілік орын алған кезде АҚШ Конгресіне спикер болып сайланған еді. Спикерлік орынтаққа отырған ол АҚШ-тың сол кездегі демократ-президенті Билл Клинтонның саясатын өткір сынға алу арқылы кеңінен танылған болатын. Кейін, 1998 жылы өткен Конгресс сайлауында республикашылар жеңіліске ұшыраған соң, ол спикерліктен де, Конгресс мүшелігінен де кеткен еді.
ҚҰПИЯ БАЯНДАМА ЕНДІ ЖАРИЯ ЕТІЛЕДІ
«Франс-пресс» агенттігінің ақпараттарына қарағанда, АҚШ билігі «Пентагон құжаттары» деп аталатын 1945-1967 жылдардағы америкалық-вьетнамдық қатынастар туралы құпия баяндаманы жарыққа шығарады.
Бұған дейін жарық көрмеген «Пентагон құжаттарының» толық мәтінімен маусым айынан бастап, Калифорния штатындағы Ричард Никсон атындағы кітапханада танысуға болады. Бұл құпия баяндама 1967 жылы елдің қорғаныс министрі Роберт Макнамардың тапсырмасымен дайындалған көрінеді. Жеті мың беттен тұратын баяндама негізінен Вьетнамның ішкі ісіне АҚШ-тың араласуы мазмұндалған сияқты.
ПАРТИЯ ҚҰРАМЫН ДЕП ҚЫЗМЕТТЕН КЕТТІ
Нобель сыйлығының лауреаты Мұхаммад Юнус Grameen банкінің басқарушысы қызметінен отставкаға кетті. Бұл жөнінде «Гардиан» басылымы хабарлады.
Басылымның келтірген деректеріне қарағанда, банкир банк қызметіне және банктің 8 миллионнан астам клиентіне нұқсан келтірмеу мақсатында өз еркімен отставкаға кетіп отыр. Оның басқарушы болып қала беруі банктің жұмысына зиянын тигізуі мүмкін. Аталған банк кедей тұратын тұрғындарға шағын кредит беріп келе жатқан әлемдегі алғашқы қаржы ұйымы болып табылады. 2007 жылы М.Юнус саяси партия құруға ниеттенген екен. Бұл Бангладеш үкіметіне ұнамаған.
ӨШ АЛУ ӘРЕКЕТІ
Кеше ертеңгілік Қытайдың Ганьсу провинциясындағы бір банкте жарылыс болып, 40-қа жуық адам жарақат алды. Бұл ақпаратты «Синьхуа» агенттігі таратты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылысты 39 жастағы банктің бұрынғы қызметкері Янь Сяньвэнь жасаған көрінеді. Ол осы банкте қаржылық алақолдыққа салынғаны үшін жұмыстан босатылған. Агенттіктің хабарлауынша, ол банк қызметкерлерінің кеңесі өтіп жатқан кезде жарылғыш қоспа салынған шишаны лақтырып, өзі қашып кеткен. Қазіргі кезде оны іздестіру шаралары жүріп жатыр.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Еуропарламент төрағасының орынбасары, Германия Еркін демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Сильван Кох-Мерин ханым өзінің кандидаттық диссертациясының біраз бөлігін өзге еңбектерден көшіріп алғандығына байланысты отставкаға кетті.
Ресей Президенті Дмитрий Медведев 18 мамырда Мәскеуде үлкен баспасөз мәслихатын өткізеді. Баспасөз мәслихаты сағат 13.00-де тікелей эфир арқылы «Бірінші арна», «Ресей-1» және «Ресей-24» телеарналарында көрсетіледі.
Грекия билігі елдің экономикалық жағдайын қалпына келтіру үшін қосымша тағы 60 миллиард еуро қажет екендігін мәлімдеді.
«Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың арнайы қызметі жекелеген Конгресс мүшелеріне Усама бен Ладеннің өлі денесіне қатысты 15-ке жуық суретті көрсеткен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.