
Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астана қаласында бұдан бір жыл бұрын Жоғары партиялық мектеп өз жұмысын бастаған болатын. Енді, міне, Алматыда «Нұр Отан» ХДП-ның Жоғары партиялық мектебінің аймақтық орталығы ашылды. Бұл орталықтың ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты.
Көпшілікке белгілі, партияның кезектен тыс ХІІ съезінде Елбасы орталық және аймақтық деңгейдегі партиялық-саяси оқу желісін одан әрі нығайту қажеттігі туралы атап айтқан еді. Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, республикадағы ең үлкен шаһар – Алматыда партия мектебінің ашылуы – Қазақстанның оңтүстік аймағындағы барлық партия кадрларының бойындағы кәсіби және көшбасшылық іскерлігі мен біліктілігін одан әрі арттырудағы маңызды қадам болып табылады.
Ал, мектепті ұйымдастырушылардың айтуынша, партиялық оқудың Алматы аймақтық орталығында білім алатындар қатары біршама. Олардың арасында оңтүстік аймақтағы төрт облыстың, анығырақ айтқанда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының және Алматы қаласының партиялық активі де бар. Партия мектебінің алғашқы филиалы өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақтөбе қаласында ашылған еді. Қазір онда бастауыш партия ұйымының 200-ден астам жетекшісі дайындалып шықты.
«Нұр Отан» ХДП филиалының оңтүстік астанада ашылуының бір себебі, ең алдымен қаланың ғылыми, әлеуметтік-саяси қуатымен де байланысты болса керек. Орталық есігінің айқара ашылуының маңыздылығы жөнінде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өз сөзінде атап өтті. Әкімнің пікірінше, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсерген қала біршама жақсы қарқынмен дамуда. Мәселен, өндіріс өткен жылы 26 пайызға өсті. Биылғы жылдың өткен төрт айының өзінде ол 28 пайызға жетіп, салық түсімі осы мерзімде 28 пайызға өсуі көп нәрседен хабар береді.
Алматы филиалының жетекшісі қаладағы партия мектебінің келешектегі міндеттеріне де тоқталды. Бұл орайда партия мүшелері мен оның жақтастарының, яғни қолдаушылардың білім деңгейін тереңдетіп, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бастауыш партия ұйымдарының төрағалары партиялық оқудың Алматы аймақтық орталығының алғашқы тыңдаушылары болды.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.