• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2011

Әнім – еліме тартар сыйым

583 рет
көрсетілді

Менің атам Дәлелхан Сүгір­байұлы Шығыс Түркістан қа­зақ­тарының ұлт-азаттық қозға­лысын басқарушылардың бірі ретінде тарихта қалған тұлға. Атам 1949 жылы Бүкілқы­тай­лық бірінші құрылтайға бара жатқанда қасындағы серіктері –автономияның басшылары Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Мү­минов, Әбдікәрім Аббаспен бір­­­ге ұшақ апатынан қайтыс бол­­ған еді. Оның артында Пәті­хан, Бөкейхан, Шыңғысхан, Білікхан, Табысхан атты ұлдары қалды. Мен Бөкей­ханның қызы­мын. Кішкентайымыздан Қытай жерінде ата-анамыздың ата­жұрт­қа деген ынтызарлығын, олар­дың жүрек түбінде шымыр­лап жатқан сағынышын аңға­рып өскендіктен, біздің де есіл дертіміз үнемі Қазақстан бола­тын. Ал жалпы атамекенге деген сүйіспеншілік сезімі ешқан­дай да ауыздықтауға көнбейтін іңкәрліктен – бір көрсем, топы­рағын бассам, ауасын жұтсам, суын ішсем, дәмін татсам деген толып жатқан армандардан тұра­ды. Сол арман жетелеп, мен де 1998 жылы отаныма келдім. Қытайда Пекин ұлттық кон­сер­ваториясын тәмамдасам, елге келгесін Роза Жаманова апа­мыздың аялы алақанының жы­луын сезіндім. Аспирантурада оқып, білімімді толықтырдым. Секен Тұрысбеков аға өзі құр­ған «Ақ жауын» ансамбліне ән­ші­лікке шақырды. Осы ансамбльмен Астанаға гастрөлге келіп, одан Астанада қалуға Мыр­затай Жолдасбеков ағамыз­дың кө­мегі тиіп, елге өне­рімді көрсетуге мүмкін­дік ту­ды. Осының бар­лығы тау­қыметті жыл­дар­да жер бетіне бы­ты­рап кеткен бауырларын жинай білген Елбасы­мыздың ар­қасы. Шет жерде жүр­ген қаншама қазақ ата­жұртына орал­ды, қал-қа­дерінше еліне еңбек етіп, тәуелсіз Отаны­мыз­­дың бір кәдесіне жа­расақ, соған жаным са­даға дейді. Ел болу үшін осыдан артық не керек. Былтырғы жылы еліміз Еуро­па­дағы қауіп­сіз­дік және ынтымақ­тастық ұйымының төрағасы бол­ғаны өзімізге белгілі. Сонда Вена қаласында төрағалықты қо­ры­тындылау жиналысының ая­сын­да өткен Қазақстан өнер ше­бер­лері­нің концертіне қатысуға барған­быз. Осы сапарда жүргенде маған Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері атағы берілгенін естідім. Қалай қуанбассың. Қай адам да төккен тері бағаланып жатса мар­қаяды емес пе, ал өнер адамы үшін оның орны тіптен бөлек. Шабытың шалқып, шығар­ма­шы­лы­ғымды одан әрі дамыт­сам, хал­қ­ыма өнерімді көрсетсем, шыңда­ла түссем дейсің. Мен үшін ең бір мәртебелі нәрсенің бірі – шет мемлекеттерге Қазақстан атынан барып ән айтуым. Өнердің арқасында алыс-жақын шетелдердің біразын ара­ла­дым. Айтайын дегенім, өзге елдің адамдары қазақ өнерін тамашалап, біздің керемет ұлттық киімдерімізге таңғалып, қазақ му­зы­касына қол соғады, жаным сонда қуанышқа бө­ленеді. Шы­нында біздің ұлттық киімдеріміздегі, әуен-сазы­мыз­дағы бояу­лары­мыз ешбір классикалық туын­дыдан кем еместігін өзіміз де білеміз ғой, ал соны өзгелер мойындап, қолдарын соғып, кон­церттен кейін пікірлерін ай­тып жатқанда, туған халқың үшін марқайып тұрасың. Шүкір, біз атажұртын аң­сап, сағынышын жүрегінің түбі­не түйген аталарымыздың арма­нын жүзеге асырып, бабалары­мыз­дан мирасқа қалған қасиетті жерге табаны тиген, осында келіп, тәуелсіз елім бар деп марқайған ұрпақпыз. Қытайда жүргенде арманымның ең биік асқары – елге келіп, қазақ жұр­тын әнім­мен сусындату бола­тын. Арма­ным орындалды, еліме жеттім, биік-биік сахналардан ән салып жүрмін. Мен үшін әнімді сүйіп тыңдап, қолдау көрсеткен туған еліме өнерім­мен қызмет етуден артық бақыт жоқ. Гүлзира БӨКЕЙХАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.