• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Білімімен мыңды «жыққан» Жетісулық олимпиада жеңімпаздары – ел мақтанышы

553 рет
көрсетілді

Халықаралық олимпиадалар мен турнирлерде өңірдің ғана емес, елі­міз­дің намысын қорғап, көк туы­мыз­дың желбіреуіне үлес қосқан дарын­ды оқушылармен кез­десуде Облыс әкімі А.Мұ­саханов Елбасының жас­тар­дың жаңа ғасыр талаптарына сай бәсе­кеге қабілетті білім алуына жа­са­ған қамқорлығына тоқталды.  Білім беру мекемелерінің мате­риал­дық-техникалық базасы жыл өт­кен сайын жақсаруда. Биыл жергілікті бюджет есебінен салынған 15 жал­пы білім беретін мектеп­тер­дің 11-і қыркүйек айында шәкірт­тер игілігіне берілмекші. Қосымша 6 білім нысан­дарын қайта қалпына келтіру жос­пар­ланған. Талдықор­ған қаласында дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын ма­ман­дандырылған № 20, Мұхтар Арын атындағы № 24, «Экономика және бизнес» арнаулы және қазақ-түрік лицейінде шәкірт­тер­­мен жүр­гізілген жұмыс нәти­же­сін­де облыстық олимпиадалық команда халықаралық жарыста 154 медальді иеленіпті. Осылайша респуб­ли­калық пән олимпиадаларында об­лыс оқушылары 15 медаль алса, ғы­лы­ми жоба байқауында 14 медальға қол жеткізілген. Қоғамның дамуы мен мемле­кет­тің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жас­тарды болашақ өмірге лайықты тәрбиелеу ұлағатты ұстаздарға бай­ла­нысты екені де жиында сөз болды. Бұдан соң Талдықорған қаласын­дағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 20 арнаулы ли­цейдің 11 сынып оқушысы Ертіс Әді­лет, Қарасай ауданы, Макаренко атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Гауһар Барлыбаева, Панфилов ауданы Ы.Алтынсарин атын­да­ғы орта мектептің 11 сынып оқу­шы­сы, Ақбота Жакиева, Талдықор­ған қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» мұғалімі Сергей Полянских сөз сөйлеп, ұстаздар мен ата-аналарға шын жүректен шыққан алғыстарын жеткізді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, баланың тұлға ретінде қалыптасуы мен жеке қабілеттерін дамыту арқылы оқуға деген ын­тасын арттыру, оларды биік мақ­сатқа ұм­тыл­дыру білім саласы қыз­мет­кер­ле­рі­не зор жауапкершілік жүктесе, же­ті­сулық білім шаңы­рақтары осы биіктен көрінгені қуан­тады. Тәуелсіз­ді­гіміздің мерейіне деген мұндай тарту жастардың жігерін жани түсуде. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.