Халықаралық олимпиадалар мен турнирлерде өңірдің ғана емес, еліміздің намысын қорғап, көк туымыздың желбіреуіне үлес қосқан дарынды оқушылармен кездесуде Облыс әкімі А.Мұсаханов Елбасының жастардың жаңа ғасыр талаптарына сай бәсекеге қабілетті білім алуына жасаған қамқорлығына тоқталды.
Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсаруда. Биыл жергілікті бюджет есебінен салынған 15 жалпы білім беретін мектептердің 11-і қыркүйек айында шәкірттер игілігіне берілмекші. Қосымша 6 білім нысандарын қайта қалпына келтіру жоспарланған. Талдықорған қаласында дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған № 20, Мұхтар Арын атындағы № 24, «Экономика және бизнес» арнаулы және қазақ-түрік лицейінде шәкірттермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде облыстық олимпиадалық команда халықаралық жарыста 154 медальді иеленіпті. Осылайша республикалық пән олимпиадаларында облыс оқушылары 15 медаль алса, ғылыми жоба байқауында 14 медальға қол жеткізілген.
Қоғамның дамуы мен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жастарды болашақ өмірге лайықты тәрбиелеу ұлағатты ұстаздарға байланысты екені де жиында сөз болды.
Бұдан соң Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 20 арнаулы лицейдің 11 сынып оқушысы Ертіс Әділет, Қарасай ауданы, Макаренко атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Гауһар Барлыбаева, Панфилов ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы, Ақбота Жакиева, Талдықорған қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» мұғалімі Сергей Полянских сөз сөйлеп, ұстаздар мен ата-аналарға шын жүректен шыққан алғыстарын жеткізді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, баланың тұлға ретінде қалыптасуы мен жеке қабілеттерін дамыту арқылы оқуға деген ынтасын арттыру, оларды биік мақсатқа ұмтылдыру білім саласы қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктесе, жетісулық білім шаңырақтары осы биіктен көрінгені қуантады. Тәуелсіздігіміздің мерейіне деген мұндай тарту жастардың жігерін жани түсуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.