Біріншіден, ғылыми ізденістің барлық түрінен оның экономикаға тиімділігін талап ету. Қазіргі уақытта нақты экономика мен ғылымның байланысы әлсіз. Мысалы, ізденісті өндіріске енгізу актісі қолданбалы ғылыми жұмыстардың 14 пайызында, терең білім ізденістері тек 7 пайызында ғана бар екен. Ал 2014 жылы 434 PhD докторлығын қорғаған ғалымдардың жұмыстарынан тек 6 пайыз ғана өндіріс пен экономикаға пайда бар екендігі анықталды. Сондықтан қорғалып жатқан докторлық диссертациялар мен дипломдық жұмыстарда оның тиімділігі туралы талап болмағандықтан олар бір-бірінен көшірілетін, ешқандай құндылығы жоқ дүниелер болып жүр.
Екіншіден, ғылымды қаржыландыруға жеке секторды, бизнес орталықтарын тарту маңызды. Кез келген инновациялық жобаны алып қарасаңыз, онда тәуекелдің белгілі бір қаупі бар. Шығарған шығыныңның орны толмауы мүмкін. Сондықтан қай ел болмасын, Америка, Еуроодақ, Азия мемлекеттерін алыңыз, мемлекет тәуекелдің бір бөлігін өз мойнына алады. Ол дегеніңіз – инновациялық шығынды толық немесе жартылай мемлекеттің өз мойнына алуы, сонымен қатар, салықтағы жеңілдіктер, преференциялар, мүмкін тіпті кейбір субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер болуы мүмкін. Мысал ретінде, стартап пен жаңа инновациялық кәсіпорындарға берілетін ұзақ мерзімді, тіпті бірнеше жылдарға берілетін «салық демалыстарын» айтуға болады. Бұл мәселенің төңірегінде конституциялық өзгерістерден кейін әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде жауапкершілікті өз мойнына алған Үкімет пен жаңа форматта жұмысқа кіріскен Парламент жаңа заң жобаларын дайындайды деген үміт бар.
Үшіншіден, инновациялық экономиканы бірізділік пен тиімді реттеу үшін арнайы министрлік құрылуының қажеттілігі. Елімізде ғылымды әртүрлі министрліктер мен ұлттық компаниялар қаржыландырады, олар Білім және ғылым, Инвестициялар және даму, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Денсаулық сақтау министрліктері, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» басқару институттары дегендей. 1990-жылдары Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылып, министрі, тіпті, Премьер-Министрдің орынбасары лауазымында болғанын білеміз. Ол кез экономиканың қиын кезеңі еді, сондықтан уақытынан жерге ерте себілген дән сияқты дұрыс өнім болмады. Уақыт талабына сай, сол министрлік қайта жаңғыртылса экономикамыздың шикізатсыз дамуына септігін тигізер ме еді? Ең бастысы, экономикаға керекті инновациялық жобаларды таңдай біліп, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдалану және жеке секторлардың ғылымға ақша бөлуіне механизм жасап, ғылымды шынайы коммерцияландыру маңызды болмақ.
Төртіншіден, ғылымда орындалып жатқан көптеген жобалардың тапсырыс берушілері бизнес орта немесе экономиканың нақты секторы болуы шарт. Алдымен Үкімет қай салаға, қандай өндіріске инновациялық ізденіс керектігін анықтап барып, университеттермен ғылыми зерттеу институттарының ғалымдарына конкурстық негізде тапсырыс беруі керек және оның өндіріске енгізілуі бақылауда болғаны жөн.
Бесіншіден, бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенін ғылыми негізбен және біліммен қамтамасыз ету жолында «НАНОЦ» коммерциялық емес акционерлік қоғам құрамында 3 аграрлық жоғары оқу орны, 23 ҒЗИ өздерінің 31 филиалдарымен, 7 тәжірибелік шаруашылық, 7 селекциялық станса, 4 сервистік компания жұмыс істеуде. Олардың қызмет аумағы бүкіл Қазақстанды алып жатыр. Бұл ұлттық компанияның басты мақсаты ауыл шаруашылығының тиімділігін көтеру. Олар бәсекеге қабілетті өндіріске ендіруге болатын 646 ғылыми туындыны іріктепті. Ғылыми ізденістердің басты бағыты ауыл шаруашылығының шикізаты емес, халық пайдаланатын азық-түлік тауарларын шығаруға күш салуын күтеміз.
Алтыншыдан, жас ғалымдарды инновациялық ізденістерге тарту маңызды. Ол үшін жастардың арендалық баспана алуға, жер телімдерінің бөлінуіне мүмкіндік жасап, оның шығыны субсидиялануы тиіс, немесе өндіріске енгізілетін болашақ пайда есебінен шешкен дұрыс. Жас ғалым өндіріс пен ғылым арасында көп жылдық мерзімге байлануы тиіс, ол құрсаудан босану жолы инновация мен оның коммерциялануы, яғни оның экономикаға пайда әкелуі болмақ.