Ертегінің баланың ой әлемін кеңітуде мәні зор. Ол ұрпақтың қиялына қанат бітіріп, бойындағы игі қасиеттердің ашылуына себеп болады. Бір ертегіден бүлдіршін қамқорлық жасауды, ата-анаға көмек көрсетуді үйренсе, енді бірінен тату болуды ұғады, жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін де бойларына дарытады.
Мұра болып келе жатқан қазыналарымыздың бірі – мақал-мәтелдер, бесік жырлары. Бауыржан Момышұлы бесіктің асыл қасиеттерін баса айтқаны мәлім. Туғанынан «Бесік жырын» тыңдап, ананың әлдиімен өскен сәби қай кезде де жаны жайсаң, мейірімі мол болып қалыптасады. Ана тілінің әуенінен нәр алып ержеткен ұл мен қыз жаңылыс баспайды. Сол секілді, мақал мен мәтелдердегі ақыл кенін айта отырып, баланы қайырымды болуға, әркез төңірегіне шарапат тигізіп жүруге үйретсек ұтылмаймыз. «Отан – отбасынан басталады» деген мақалдың астарында үлкен мән-мағына жатыр.
Балабақшада баланы халықтық қағидалармен сусындатсақ, сол арқылы еңбексүйгіштікке, мейірімді болуға, өз қалауымен жұмыс жасауға бағыттасақ, сол дағды олардың бойында өмір бойы сақталады.
Балалар балабақшада жасына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Тапсырма мен тәрбие де сол бойынша үйлестіріледі. Қабілеттеріне қарай бағыт-бағдар берсең балалар бірте-бірте берген тапсырмаңа сай жұмыс жасауға бейімделеді. Кіші топтағы балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынады. Оларға көмектесе отырып балапандай баулыған жөн. Ал тұрмыстық жағынан алғанда, топтағы тазалықты сақтау, ойыншықтарды бүлдірмей күтіп ұстау, рет-ретімен орнына қою сияқты әрекеттерді бойларына сіңіруге болады. Тіпті, мұндай жұмыстардан баланың болашақта қандай іске бейім екенін де аңғару қиын емес. Ата-ана мен тәрбиеші осыған сай бірлікте жұмыс істесе, өсе келе сол баладан мықты маман иесі шығуы мүмкін.
Табиғатымызды аялап, қорғау да балабақша табалдырығынан басталатыны рас. Серуен кезінде гүлдердің топырағын қопсытуды, арамшөптерін отауды, ойын алаңдарына қоқыс тастамауды үйрету баланың ертеңгі өмір жолына өнеге болады. Қоршаған ортадағы алуан түрлі құбылыстарды білуге, өсімдік түрлерін ажыратуға үйрету ой-санасын кеңітеді. Сәби кезінен үлкенді құрметтеу, ананы сыйлау сынды асыл қасиеттерді қалыптастыруға баса көңіл бөлу міндет. Бұл тұрғыда ондай игілікті қадамға ата-аналардың да көмегі қажет. Үнемі балаға жылы сөйлеп, істеген ісіне мән беріп, арасында мақтау сөздерін де жеткізіп тұрған абзал. Бүгінгі ұрпақ ертеңге еккен жемісіміз екені сөзсіз. Абай атамыз айтқандай, «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, бірінші – ата-ана, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан». Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер десек, оның қайнар көзі – халықта, отбасында, өрелі өнерде, әдет-ғұрыпта. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, қоршаған табиғаттан сіңіреді.
Қазақ халқы ұрпағын жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. Баланың бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттерді сіңіре білген. Тәрбиеге ерекше мән берген.
Отбасынан кейінгі тәрбиенің алтын бесігі балабақша екені анық. Ұрпақты адам баласына тән асыл қасиеттерге сай тәрбиелеуден жалықпасақ екен деймін. Осы арада ойыма жыр дүлдүлі Мағжан Жұмабаевтың «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек», деген қанатты сөзі ойыма оралып отыр. Біз осы сөздерге адалдық танытып, ұлттық қасиеттерімізді ұрпақтың санасына сіңірсек, ол елдің жасы жалынды да, қарымды да, ойлы болып өсері хақ.
Ұлмира ДОСБЕРГЕНОВА,
№62 «Ботақан» балабақшасының тәлімгері
ШЫМКЕНТ