Өткен жексенбі күні Жаңақорған ауданында мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Әдетте, тест қорытындысы сол күні дайын болып, түлектердің тағдыры шешілетін еді. Дегенмен, қорытынды шықпады. Түлектер тест орталығының есігін түнімен торуылдағанымен, жинаған баллдарын біле алмай, беймәлім күй кешті.
Сол күні 505 оқушы тестке кірген. Тапсырып шыққан. Мемлекеттік құпия санатына жататын тест барысында қандай заңсыздықтардың орын алғаны дәл қазір нақты белгісіз. Бірақ, тест тапсыру кезінде өрескел қателіктерге жол берілген. Соның салдарынан тест қорытындысы жарамсыз деп табылған.
Аталған жәйт жөнінде Жаңақорған ауданы әкімдігінде шұғыл баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Білім және ғылым министрлігінің Қызылорда облысындағы өкілдері Ардақ Садықова, Исатай Сағындықов, облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева, Жаңақорған аудандық ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Болат Ибрагимов, аудандық білім бөлімінің бастығы Жұмабай Жәнібеков қатысып, мәлімдеме жасады.
Болат Ибрагимов ҰБТ сынағының 4 маусым күнгі алғашқы легіне қатысуға 515 түлек өтініш білдіргенін, алайда, оның 505-і ғана қатысқанын және олардың толықтай металл іздегіш құралдарымен тексеріліп, кіргізілгенін айтты. Сонымен бірге ол сол күнгі сынақ қорытындысы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жойылып, оқушылардың қайта сынақ тапсыратындығын хабарлады.
Мұндай шешім қабылдауға не себеп болды? Мәселенің мән-жайына түсінбеген ата-аналар, сынаққа қатысқан көптеген оқушылар тарапынан сұрақтар туындаған. Оның мәнісін Білім және ғылым министрлігінің облыстағы өкілі Ардақ Садықова былайша таратты:
– Бірыңғай ұлттық тестілеу барысында мемлекеттік құпия құжатқа қол сұғу әрекеті байқалды деген күмән туды. Мемлекеттік құпияның ашылуы мемлекеттің қауіпсіздігіне сызат салады. Оның анығын тиісті орындар тексеру үстінде. Сондықтан да әзірге осындай шешім шығарылды, – деді ол.
Осы пікірді одан әрі жалғастырған Исатай Сағындықов бұл келеңсіз жағдайға мектеп түлектерінің қатысы жоқтығын айта келіп, бұл алаяқтардың жымысқылығының кесірі екендігін ескертті. «Балалардың болашағына залал келмесін деп Білім және ғылым министрлігі олардың қайта сынақ тапсыруына мүмкіндік жасап отыр. Сондықтан бұл жағдайға түсіністікпен қарап, олардың қайта сынақ тапсыруына тиісті жағдайды жасау керек», деді ол.
Осы мәселеге орай, Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің хатымен таныстық. М.Бектемесов қол қойған хатта ҰБТ материалдарын заңсыз түрде ашу фактісі тіркелгені, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны тайға таңба басқандай болып таспаланыпты.
Сонымен 10 маусымда мектеп бітірушілер қайта сынақ тапсыратын болады. Заң бойынша Ұлттық бірыңғай тесті қайта тапсыруға жол жоқ. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері министрліктің арнайы шешімімен Жаңақорған ауданындағы түлектерге тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Министрлік мырзалық танытқанымен, онымен келіспей отырған ата-аналар да бар. Олар «балаға екінші рет тестке кіру психологиялық тұрғыдан өте ауыр» деген уәжді алға тартады. Сөздерінде қисын бар. Айналасы бір аптаның ішінде екі рет тест тапсыру оңай емес. Оған баланың көңіліндегі аласапыран толқынысты қоссаңыз, мәселенің шиеленісе түсетінін байқаймыз. Десек те, мәселеге екінші жағынан қарағанда, қайта тест тапсырудың маңыздылығы арта түседі. Біріншіден, тест қорытындысы жоқ. Сондықтан олар ешқандай оқу орнына құжат тапсыра алмайды. Бұл өмір бойына тірнектеп жиған білімі бір сәтте далаға кетті деген сөз. Екіншіден, өздерінің білім-білігін тағы бір сынап көруге мүмкіндік туып тұр.
Жаңақорған ауданындағы ҰБТ тапсырудың екінші легі 6 маусым күні өтті. Бұл жолы ешқандай заңсыздық анықталған жоқ. Алты бала алтын белгіге ие болды. Оннан астам түлек қызыл аттестатқа бітірді. Балалардың білім-білігі жоғары екені анық байқалды.
Бүгінде облыс бойынша оқушылар тест тапсырып бітті. Алдын ала деректерге сүйенсек, орташа көрсеткіш 91 баллды құраған. Жаман көрсеткіш емес. Дей тұрғанмен, бір аудандағы келеңсіз оқиға бұған өз көлеңкесін түсірмей қоймайтыны тағы да анық...
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.