«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің «Литва Халықтық партиясы» делегациясымен кездесуі болып өтті, деп хабарлады «Нұр Отан» ХДП-ның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтенің арқасында біздің ел мен Литва арасында мықты іскерлік қатынастар орнағаны аталып өтті. Литва – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалықты Қазақстаннан кейін қабылдаған ел.
Литвалық делегацияның жетекшісі Казимира Прунскене Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына, сондай-ақ Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында өткізілген ЕҚЫҰ Саммитіне жоғары баға берді.
Нұрлан Нығматулин тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылда мемлекетіміздің Елбасы жетекшілігімен қол жеткізген жетістіктері туралы баяндап, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мен Литва Халықтық партиясы арасында орнаған тұрақты қарым-қатынастарды атап өтті. Сондай-ақ партияаралық үнқатысуды кеңейту екі ел халықтарының мүддесі үшін аса маңызды екеніне назар аударды.
Кездесуде сондай-ақ партияаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.