Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елімізде өтіп жатқан 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына келген Джибути Республикасының Сыртқы істер министрі Махмуд Али Юсуфпен және Бразилия Федеративтік Республикасы Сыртқы байланыстар министрінің орынбасары Мария Эдилеуза Фонтонелло Реиспен екіжақты кездесулер өткізді.
Алдымен Африкадан келген әріптесі Махмуд Юсуфпен кездескен Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы әңгіме барысында еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығында және Қазақстанның ИКҰ СІМ кеңесіндегі төрағалығы қарсаңында «Исламдық Давостың» өтуінің өзектілігіне тоқталып, оған қатынасушылардың қатарына қарап, Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ықыластың қаншалықты жоғары екенін аңдауға болатынына тоқталды.
Кездесу барысында Ержан Қазыханов пен Махмуд Юсуф Қазақстан мен Джибути арасында тиімді байланыстар және ислам әлемі қауымдастығының толыққанды іскер мүшелері ретінде өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылықтарын білдірді. Тараптар ықпалдастықты дамытуда, атап айтқанда, ауылшаруашылық және көлік-тасымал салалары бойынша қарым-қатынастарды жолға қоюдың маңыздылығына мән берді.
Қазақстанға Джибути Президенті Исмаил Омар Гелле бастаған делегацияның сапары екі жақты байланыстардың кеңеюіне қажетті серпіліс беретіні анық, деп атап өтті министрлер және екі ел бір-бірінің экономикалық әлеуетін бағалау мақсатында іскер топтармен алмасып, өзара сапарлар өткізуінің қажеттігін атады.
Сондай-ақ, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қазіргі таңдағы халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайларға тоқтала отырып, Е.Қазыханов Қазақстан ИКҰ төрағасы ретінде араб елдеріне олардың халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті тұрақтандыру мен нығайту жолында қолұшын беретінін атап өтті.
Африкалық әріптесімен кездесуден кейін Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бразилия Федеративтік Республикасы Сыртқы байланыстар министрінің орынбасары Мария Эдилеуза Фонтонелло Реиспен кездесті. Оның барысында әңгімелесуші тараптар Астана мен Бразилиа арасында жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асу барысын талқыға салды.
Қазақстан мен Бразилия арасындағы тауар айналымының елеулі қарқыны барлығына тоқталған дипломаттар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комитеттің құрылуы екі елдің кәсіпкерлеріне қажетті іскерлік мүмкіндіктер жөніндегі ақпарат алып тұруына айтарлықтай ықпал жасайтынын айтып өтті.
Ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттарына тоқталған қазақстандық министр бразилиялық капиталдың Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторында белсенді араласуына қызығушылығын білдіріп, ауылшаруашылық, авиациялық құрылыс және космос салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық болашағы зор екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Е.Қазыханов Қазақстан мен Бразилия әлемдегі түрлі этностар мен конфессиялар арасындағы тең дәрежелі қарым-қатынасты сақтап отырған аз елдің қатарына кіретінін атай отырып, Өркениеттер альянсының және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің ортақ мақсаттарына қол жеткізуге барынша күш салынатынын айтты.
Кездесуде еліміздің ИКҰ СІМ Кеңесінің төрағасы ретінде Бразилияның ИКҰ-ға бақылаушы мәртебесін алуға ұсынған өтінішін қолдауға дайын екендігі де мәлім етілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.