• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2011

Ынтымақтастық арналары кең

294 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетінші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы аясында Ислам Даму банкінің Президенті Ахмад Мохаммед Әли Әл-Маданимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу кезінде екі жақты іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ жетінші Дүниежүзілік Ислам эко­но­микалық форумының күн тәртібі талқыланды. – Мен ынтымақтастыққа және бізде исламдық қаржыландыруды дамытуға сіңірген зор еңбегіңіз үшін сізді I дәрежелі «Достық» ор­денімен марапаттау туралы Жар­лыққа қол қойдым. Ынты­мақ­тастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдіремін. Біз бірінші рет кездесіп отырған жоқ­пыз, дегенмен, бұл – ерекше кездесу. Біздің елімізде өтіп отыр­ған экономикалық форум біздің ислам елдерімен ынтымақтасты­ғы­мызға ықпал етеді деп сенемін. Біз ИДБ-ның өз еліміздегі қыз­ме­ті­не үлкен мән береміз. Біз Қа­зақстанда аймақтық ислам қар­жы­ландыру орталығын қа­лып­­тас­тыру үшін жұмыс істеудеміз. Біз қазірдің өзінде екі банкті аш­тық, – деді Мемлекет басшысы. – Жоғары мәртебелі, мен үшін және біздің банк үшін осындай жоғары награда алу –  үлкен құрмет. Бұл Қазақстанмен қа­рым-қатынасымызды тереңдетуге ұмтылуда біздің қызметкерлері­міз­ге үлкен күш-жігер береді, – деді А.Әли. – Ең алдымен, Ислам Даму банкінің делегациясы атынан Президентке, Үкімет пен Қазақ­стан халқына жетінші Дүние­жү­зілік Ислам экономикалық фору­мын өткізгені үшін шын жүрек­тен алғысымды айтамын. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және Президенттің көкейкесті тақырыптар бойынша айтқан құн­ды ұсыныстарынан әсер ал­дық. Мен осы форумда қабыл­данған шешімдер мен ұсы­ныс­тар, соның ішінде Қазақстан Пре­зиденті айтқан ұсыныстар Қазақстан мен ИКҰ-ға мүше өзге елдердің арасындағы ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге қызмет етеді деп сенемін. Сонымен бірге, біз кездесу кезінде Астанада алдағы уақытта өтетін Ислам Конферен­циясы Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің ке­ңе­­сін талқыладық. Бұл да Қа­зақстан мен ИДБ-ға мүше елдер­дің арасындағы қарым-қаты­настарды кеңейте түсуге тағы бір мүмкіндік туғызады. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан мен ИДБ арасындағы экономикалық, сауда және инвестициялық өзара қарым-қатынастар нығаятынына сенеміз. Бұл форумға ИКҰ мен өзге елдердің кәсіпкерлері қатысуда. Олар қазақстандық әріптестерімен тығыз қарым-қатынастар орнататынына сенімдімін, – деді кездесуден кейін Ислам Даму банкінің президенті А.Әли.