• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Тест және теңге

545 рет
көрсетілді

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», деуші еді. Жаңақорғандағы жағдайға қарап отырып, құмалақтың біреу емес екеніне көз жеткізесің. Айтып отырғанымыз, ҰБТ-ның жағдайы. Газеттің бұрнағы күнгі нөмірінде Жаңақорған ауданында тест тапсыру барысында заңсыздықтардың орын алғанын айтқан едік. Бүгінгі әңгіме де соның жалғасы. Мемлекеттік құпия сана­ты­на жататын сұрақтар сатылған! Анықталғаны осы. Ал оны кім, қаншаға сатты? Ол жағы әлі бей­мағлұм. Ұсталғаны үш бала. Дегенмен бұл ұсталғаны ғана. Ал ал­дын ала зерттеу бойынша оқушылардың басым бөлігі тестке дайын сұрақтармен кірген. Аймандай болған үш оқушы не дейді деңіз? Біреуі дайын жауап­тар­ды дәретханадан тауып алдым депті. Екіншісі, «дәлізде жатқан же­рінен іліп кеткенін» айтыпты. Үшіншісі алдыңғы екеуінің біреуінен көшіріп алған сыңайлы. Адам деген қызық қой. Астана мен облыстан азаматтар аудан­ға барды. Халықпен жолықты. Ашу мен ызаға булыққан ата-аналар ҰБТ қорытындысымен келіспейтіндерін айтыпты. Митинг жасапты. Жолаушылар пой­ы­зын тоқтатуға дейін ба­рыпты. Сөзге құлақ аспайды. Бәтуаға келмейді. Сөйтіп тұрып, тест жауаптарын белгілі бір сомаға сатып алғандарын айтады. Енді қараңыз: өздері заңсыздық жасап жауаптарды сатып алып тұр. Оған кім кінәлі? Мемлекет пе? Әлде тест қорытындысын жой­ған министрлік пе? Екеуі де емес. Осындай заңсыздыққа жол берген ата-ананың өзі. Сон­дай-ақ тест жауаптарын сатқан алаяқтар. Астанадан келген маман тест сұрақтары салынған қо­рап­шаның түбінен тесілгенін анықтаған. Сонымен қатар сырты оралған жапсырманың түпнұсқамен сәйкес келмейтіні белгілі болған. Суық қол мемлекеттік құпия саналатын құ­жатқа да тиіпті. Түбін тесіп, теңге жасапты. 4 маусым күні тапсырылған тест қоры­тын­дысы толық шыққан жоқ. Бірақ оқушылар жинаған орташа көрсеткіштің 100 баллдан асып кеткені ақиқат. Осы мәселеге орай баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұ­хамедов, облыстық про­ку­рордың орынбасары Қайрат Әбдіқанов, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіп­сіздік қызметінің бастығы Шархан Бихожаев бірауыздан мұны алаяқтық деп отыр. Еш­қандай сыбайлас жемқор­лық­тың иісі жоғын айтады. Осын­дайда салмақтың облыстық білім басқармасына келіп тү­сетіні белгілі. Ол туралы Мұрат Мұхамедов былай дейді: – Алаяқтық әрекет тест тап­сыруға дейін болған. Сон­дық­тан облыстық білім басқар­масынан күмәндану қисынға келмейді. Қазір мәселе егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр. Кі­нәлілер тиісті жазасын алады. Шынында да, облыстық білім басқармасына бар кінәні арта салуға болмайды. Бұл жер­де мемлекеттік құпия саты­лып отыр. Ал мемлекеттік құпияның қалай сақталатынын түсіндіріп жатудың өзі әбестік. Сонымен алаяқтарды қалай ұстауға болады? Қарапайым ғана жолы бар. Ата-аналар тест жауаптарын кімнен сатып ал­ғанын біледі ғой. Біледі. Егер ата-ана тиісті орынға тест сат­қан адамды нұсқаса тізбектің басында тұрған адам суық қолға шығарар еді. Десек те, ата-аналар өздері жауапты кімнен сатып алғанын айтпай отыр. Неге екені белгісіз. Со­ны­мен осы мәселеге байла­ныс­ты қылмыстық іс ашылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тек­серу жүргізіп жатыр. Алаяқ­тар да анықталар. Қолға түсер. Сол кезде ата-ананың шығыны да қайтар. Ал қайта тестілеу 10 маусым күні өтеді. Оған бүгін­нің өзінде 490 оқушы қатысуға өтініш білдіріп отыр. Айт­пақшы, ұсталған үш бала да тестке кіреді. Себебі, жауапты сатып алған олар ғана емес қой. Тек ұсталып қалып отыр емес пе... Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.