• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Кореялық жүрдек көлік Қостанайдан шығады

454 рет
көрсетілді

Қостанайға Премьер-Ми­нис­тр­­дің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев келді. Вице-министр алдымен «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамында бо­лып, «Ssang Yong» жүрдек жеңіл машинасын құрастыру цехын аралап көрді. Өткен жылдан бастап кәсіпорын «Allur Auto» автомобильдер компаниясы тобымен бірігіп, «Ssang Yong» жүрдек машинасын құрастыру жобасын жүзеге асыру үшін индустрия­лық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қосылған болатын. Зауытта қазір кореялық жүрдек машинаның ең қолайлы және жетілдірілген «Ssang Yong new Actyon» моделі құрас­ты­ры­лып, тұтынушыға жол тартты. – Оңтүстік Корея мен Қазақ­стан президенттері арасындағы келісім бойынша басталған жоба бір жыл ішінде жүзеге асты. Ко­рея­лық машиналарды құрастыру барысында оның өзімізде жаса­латын құрамын 60 пайызға дейін жеткізіп, 350 адамға жұмыс беруді басты мақсат тұтып отырмыз. Алдағы уақытта бұл машинаны Қазақстаннан тыс жерлерге шы­ға­руды көздейміз, – деді Әсет Исекешев. «АгромашХолдингте» құрас­тырылған «Ssang Yong» жүрдек машинасы еліміздегі денсаулық сақтау саласы, жол полициясы мен өрт сөндірушілерге арналып бейімделіп шығарылды. Оның алғашқыларын зауыт сұраныс берушілерге арнап құрастырды. Кон­вейерден шыққан көлік ко­реялық мамандардың алты тексеру бекетінен өтеді. – Қостанайдан шыққан жүр­дек көлікке тек Қазақстаннан емес, Кеден одағы елдерінен де сұ­ра­ныстың болатынын байқай­мыз. Сапасы жоғары бола тұра, олар Кореяда құрастырылған машиналардан он мың АҚШ долларына арзан, – дейді «Allur Auto» автомобильдер компаниясының бас ди­рек­торы Андрей Лаврентьев. Ко­рея­лық «Ssang Yong» корпора­ция­сының вице-президенті Лим мырза да машинаның қостанай­лық үлгі­сінің сапасына көңілі то­латынын мәлімдеді. Ол алдағы уа­қытта жүр­дек машинаның Қа­зақ­станға лай­ықталып жасалған жаңа моделін шығаруды жоспарлап отыр­ға­нын айтты. Ол қа­зақ­стандық әріп­тестермен бірлесіп жұмыс істегенде оның тезірек тұтынушыға жетеріне сенімі мол екенін жеткізді. «АгромашХолдингтің» «Ssang Yong» жүрдек машинасы құрас­ты­рылып жатқан цехы жанында ресейлік «Соллерс» автомобиль тобымен бірлесіп жүзеге асы­ра­тын жаңа жоба қанат жаятын бо­лады. Оның үстіне алдағы күзге таман мұнда «УАЗ» жол таң­да­майтын жүрдек машинасы да құрастырыл­мақ. Ал ондай көлік Қазақстанда әскер, ішкі істер, ауыл шаруашы­лығы, төтенше жағдайлар сала­ларында сұранысқа ие екен. «АгромашХолдингте» өткен жыл­дың жартысынан бастап ко­рея­лық машинаның 400-ге жуы­ғы құрастырылды. Оның басым көпшілігі қазақстандық тұты­ну­шы­ның қолына тиді. Биыл жыл басынан бастап мұнда айына 144 ма­шина дайын болады. Жыл ая­ғына дейін 1200-1300 машинаны сапқа қою басты меже болып отыр. Ә.Исекешов осы сапарында Қостанайдағы «Иволга Холдинг» ЖШС-нің жылына 70 мың тонна ұн шығаратын диірмен кешеніне және «Костанайский мелькомбинат» акционерлік қоғамының макарон фабрикасына барды. Онда өткен жылы іске қосылған инвес­тициялық жобалардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанынан хабардар болды. Облыс әкімі Сергей Кулагин үстіміздегі жылы об­лыс­та жү­гезе асатын инвестициялық жоба­лар­дың қырыққа жеткенін айтты. Олар өндіріс пен ауыл­ша­руашы­лығын үдемелі дамытатын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.