• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Әлем назары тағы Қазақстанға ауады

480 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Б.БАТЫРШАЕВПЕН әңгіме – Бақыт Данабекұлы, бірер аптадан соң Астанада Қазақ­стан Республикасының төраға­лық етуімен Ислам Конферен­циясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер ми­нис­тр­лерінің 38-ші кеңесі өтеді. Бұл ірі халықаралық жиынмен Қа­зақ­станның Ислам Конферен­ция­сы Ұйымындағы төраға­лы­ғы басталмақ. Осыған дай­ындық барысы қалай? – Алдымен Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымы (ИКҰ) жөнінде деректер келтіре кетсем деймін. Бұл Ұйым 1969 жылы құрылды. Құрамына Азия, Латын Аме­ри­ка­сы, Африка, Еуропада орналас­қан 57 мемлекет кіретін Ұйым қазіргі кезде БҰҰ-дан кейінгі әлемдегі екінші үлкен саяси бірлестік ретінде кеңінен танымал. Штаб-пәтері Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның басты ұстанымдары БҰҰ қызметінің негізгі қағи­да­ла­ры­мен үйлеседі. ИКҰ діни бірлестік емес, ол – мұсылман ел­де­рінің саяси-экономикалық және гуманитарлық мүдделерін қор­ғап, соған қызмет ететін бірден-бір кешенді халықаралық бірлестік. Халық­ара­лық қатынастардағы ықпалы зор, әлемдік саяси және эконо­ми­калық өмірдегі көптеген маңыз­ды үдерістердің басында тұрған Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік пен мәртебе деп айтуға болады. Ұйымға басшы­лық­тың тізгінін елімізге беруді Қа­зақстан мен Президент Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың биік саяси беделін, Елбасының белсенді және кө­ре­ген дипло­ма­тиясын мойындау­дың нақты көрінісі деп айтқым келеді. – Қазақстан Республи­ка­сы­ның Ислам Конференциясы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі қашан ашылды? – Еліміздің ИКҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі 2010 жылдың наурызында Қазақстанның Ұй­ым­ға төрағалық етуге дайындық жасау мақсатында ашылған. Тұ­рақты өкілдіктің дипломатиялық құрамы жасақталып, ұйымдас­ты­ру­шылық жұмыстар толық аяқ­талды. Қазіргі кезде өкілдік өзі­нің қызметін ойдағыдай атқарып жатыр. Ал өкілдіктің негізгі міндеті мен мақсаты – Қазақстан мен  Ұйымның арасындағы және Қа­зақстан мен Ұйымға мүше мем­лекеттер арасындағы ынты­мақ­тастықты, өзара іс-қимылды жо­ғары деңгейде ұстау, Қазақ­стан­ның Ұйымдағы  мүдделерін қорғау, сонымен бірге төраға­лық­қа қатысты әзірлік жұмыстарын жүргізу.  Мұны аса ауқымды жұ­мыс деп атасақ болады. Сол себепті  де Тұрақты өкілдікке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. – Ислам Конференциясы Ұй­ымындағы төрағалық ету Қазақстанға не бермек? – Жоғарыда айтып кеткендей, Ислам Конференциясы Ұйымы әлемдегі ең ірі саяси бірлес­тік­тердің қатарына жатады. Яғни, ИКҰ-ға басшылық арқылы еліміз халықаралық деңгейде, мұсыл­ман мемлекеттері бағытында және ұлттық дәрежеде көптеген стратегиялық мақсаттарды орын­дауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Ұйымға төрағалық еліміздің мерейін өсіре түсудің, басқа елдермен ынтымақтастықты жаңа биіктіктерге көтерудің пәрменді жолы, ал ұлттық дипломатиямыз үшін тағы да бір шыңдалу мектебі болмақ. – «Еліміздің мерейін өсіріп, ын­тымақтастықты жаңа биіктерге көтереді» дегенді тара­тып көрейікші... – Қазақстанның ИКҰ-ға төр­аға­лығын еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық еткен кезіндегі көпжақ­ты халықаралық дипломатиясының табиғи жалғасы ретінде баға­лауы­мыз керек. Себебі,  өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға бола отырып, Еуразия бағы­тын­дағы өзекті деген мәселелермен тұрақты айналысты. Келесі кезекте еліміз мұсылман әлеміндегі саяси-экономикалық үдерістердің модераторы болмақ. Осы жерде айта кетейін, Ислам әлеміндегі проблемалардың табиғаты мен оларды шешу жолдарының өзін­дік ерекшеліктері бар. Ал «еліміздің мерейін өсіріп, ынтымақтастықты жаңа биіктерге көтереді» дегенге келсек, жо­ға­рыда атап өткендей, таяу күн­дері Астана ИКҰ-ға қатысушы 57 мемлекеттің сыртқы істер ми­нистрлерінің, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдардың бас­шы­ларының қатысуымен ірі жиын өткізгелі отыр. Бұл ЕҚЫҰ саммитінен кейінгі екінші аса үлкен халықаралық саяси іс-шара болмақ. Оның үстіне сыртқы істер министрлерінің бұл кездесуі Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық мерей­той­ына тұспа-тұс келіп отыр. Елордада осындай халықаралық жиын өткізу арқылы біз мұсылман әле­міне еліміздің саяси-эконо­ми­ка­лық жетістіктерін, мәдени-ғылы­ми салалардағы мүмкіндіктерін, қазақ халқының салт-дәстүрлерін таныстыратын боламыз. Ал ынтымақтастықтың жаңа биіктеріне келсек, ислам елдерімен тиімді қатынастарды нығайтып, дос­тық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан сыртқы саясатындағы негізгі бағыттардың бірі. Қазақстанның ИКҰ-ға мүше мемлекеттермен қатынасы бүгін­гі күнде жоғары дәрежеде дамып отыр. ИКҰ мүшелерімен бай­ла­ныстар барлық салаларды қам­ти­ды – бұл ретте ортақ саяси мүд­делер, сауда, инвестиция тарту, тарихи және ғылыми ізденістерді жүзеге асыру, білім беру, эколо­гия­лық мәселелерде бірлесіп жұ­мыс істеуді айту қажет. Мұсыл­ман әлемі Қазақстанның барлық саяси бастамаларын қолдап келеді, еліміздегі экономикалық ре­формаларды, индустрияландыру бағ­дарламасын жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын дамыту үде­ріс­те­ріне белсенді қатысуда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қай­та жаң­ғы­руы, рухани құнды­лық­тарды тарату мәселелерінде де бізге бауыр­лас елдердің көмегі айтарлықтай. Қорытындылай айтқанда, мұ­сылман әлемімен ынтымақтастық өзара мүдделік, татуластық, бірлік қағидаттарына негізделген. Өз ретінде Қазақстан ИКҰ мүшелері үшін жаңа үлгідегі мемлекет, белсенді және жауапты әріптес ретінде көрініп отыр. – Менің пайымдауымша, Қа­зақстанның ИКҰ-ға мүше бо­луында саяси мүддеден гөрі, эко­но­микалық мүдде басымдау жат­қан сияқты. Осыған келісесіз бе? – Бұған келісе алмаймын. Өйт­кені, жоғарыда айтқанымдай, елі­міздің Ұйымға мүшелікке кіруінде экономикалық мүдделер­мен қатар, үлкен стратегиялық саяси мәсе­ле­лер де жатыр. ИКҰ қызметіне қа­тысу Қазақстан үшін Таяу Шығыс, Азия және Африка елдерінің көп­шілігімен бір ұйым ішінде ынты­мақтастықты дамы­ту, әлемдегі саяси және эконо­ми­ка­лық үдерістерге ара­ласу, түрлі бағытта ынты­мақ­тас­тық орнату мүмкіндігін берді. Міне, осы күш-жігерлердің арқасында Қазақстан бүгінгі күні ислам әлемінің терең құрметіне және сеніміне бөленіп отыр. Қызмет бабымен шетелдік дипломаттармен кездесулер бары­сын­да олар әрқашанда Қазақ­стан­ның ИКҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің ішінде алатын ерекше орнын, еліміздің жаңа келбетін, Елбасымыздың әлемдік деңгей­де­гі ірі саясаткер ретіндегі рөлін қайталап отырады. – Ал еліміздің Ұйымға қа­ты­сушы мемлекеттермен эко­но­микалық байланыстарын қа­лай бағалауға болады? – Мұсылман әлемі бізге алыс­та жатқан бейтаныс әлем емес. Алысқа бармай-ақ өзіміздің көр­ші­леріміз Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түркіменстан, арғы жақтағы Ауғанстан, Әзір­байжан, Иран мемлекеттерін алай­ық. Осы елдердің барлығы ИКҰ-ға мүше. Тіпті, Ресей осы Ұйымға байқаушы ретінде қа­тысып келеді. Сондықтан да Ислам әлемімен байланыстарымыз, оның ішінде экономикалық қаты­нас­тарымыз жақын көршілері­міз­ден басталады. Жалпы, біздің елімізге ислам елдерімен де, өзге мемлекеттермен де түрлі салаларда ынтымақтастық жасағаны­мыз қажет. Мысалы, бүгінде Қазақстанның Түркиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Сауд Арабиясымен, тағы басқа елдермен экономикалық қатынастары жоғары деңгейге көтерілді. Мұ­сыл­ман әлемімен тығыз ынты­мақтастық орнату біздің ел үшін пайдасы зор деп есептеймін. Әрі бұл Қазақстанның мүдделеріне толық сай келеді. Ислам даму банкі Қазақ­стан­да ірі жобаларды қаржы­лан­дыруға қатысуда. Оның жалпы көлемі 500 миллион АҚШ дол­ла­ры­на жуықтайды. Сондай-ақ, мұ­сыл­ман мемлекеттері Астана қа­ласының инфрақұрылымын да­мы­туға да инвестиция салды. Қа­зіргі кезде Ислам даму банкінің қаржыландыруымен бірқатар жобалар қарастырылып жатыр. Осы­ның барлығы мұсылман әле­мі­нің, ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің Қа­зақ­станға деген ізгі ниеттес­тігінің нә­тижесі. Қазақстан мен ИКҰ ара­сындағы экономикалық ынтымақ­тас­тықтың болашағы зор деп нық сеніммен айтуы­мызға болады. – Еліміз ИКҰ-ға төрағалық ету барысында қандай халықаралық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр? – Еліміз беделді халықаралық ұйым – Ислам Конференциясы Ұйы­мына төрағалыққа аса ау­қым­ды,  мазмұндылығы терең бағ­­­дарламалармен кіріскелі отыр. Ал төрағалықтың бейресми түрдегі тұсаукесері Астанада 7-9 маусым күндері өткен Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумынан бас­талды. Содан кейін 28-30 маусымда ИКҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министр­ле­рінің кеңесі өтеді. Бұл елор­да­дағы үлкен саяси шаралардың бірі болмақ. Конференцияда әлем­дегі саяси оқиғалар, мұсылман әлемінің қай бағытта дами­ты­ны­на қатысты саяси стратегиялық шешімдер қабылданады деп кү­тілуде. Бұлардан бөлек түрлі салалар бойынша бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар жоспар­лан­ған. Мысалы, күзде Астанада Ұйымға мүше елдер Денсаулық сақтау министрлерінің жиыны шақырылады. Өйткені, Ұйымға қатысушы мемлекеттерде денсау­лық сақтау проблемасы әлі өткір күйінде қалып келеді. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.