«Елу жылда ел жаңа,
Қырық жылда – қазан».
Халық мақалы.
Айдарынан жел есіп, көмейінен ән құйылған есімі беймәлім дарынды бабамыз ХІХ ғасырда толғана шығарып, әуелете шырқаған ғажап ән дәл осылай: Көрінген сонадайдан Гурьевім, Көрмедім Гурьевтей жер биігін, − деп басталатын... Осы әнді тыңдаған бәзбіреулер әлі күнге дейін: «Апырмай, Гурьевті де жер биігі деуге болады екен-ау», деп мырс-мырс күлетіні бар. Ал әннің келесі екі шумағына жұрт онша көңіл бөле бермейді. Ән әрі қарай былайша жалғасып кете берер еді: Сыртыңнан өзімсініп жүрсем-дағы, Әркімдер салады екен көз қиығын... Паһ шіркін, не деген көреген, болжампаз жан еді сол әнші бабамыз! Жағасы жұтаң болғанымен Жайығы бар, даласы сұрқай болғанымен мұнайы бар, қақпақты қара қазан өлкеге сонау патша заманынан бері қожалар табылған. Мұрат Мөңкеұлы ақын: Жайықты тартып алғаны Жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны Ойындағысы болғаны, − деп бебеулеген зар заманнан бері Атырау өлкесі кімдерге жем болмады. Әуелі қасиетті Ақжайыққа балығын шошытасың деген желеумен қазақтың малын суаруға шек қойылды. Ал тайдай тулаған балықтар желбезегінен тізіліп, алтынға баланған уылдырықтар ағаш бөшкеге құйылып Мәскеуге, Санкт-Петербургке жөнелтіліп жатты. Соңыра ХІХ ғасырдың басында Атырау даласында аяғына керзі етік, үстіне брезент шекпен киген, қолына темір таяқ ұстаған жүн сақалдар қаптады. Олардың мал мен киік жайлаған даланы емін-еркін мекендеген жалба тұмақ қазақтармен онша ісі болған жоқ, таңның атысы күннің батысы жер шұқумен уақыт өткізді. Осы өңірде «Орыс қазған» деген жер атауы содан қалған. Қайласын шошаңдатып қаптап кеткен Астаховтар, Лимандар қойсын ба, көп ұзамай Жылойдағы Қарашүңгілден мұнай бұрқырады. Кейін қазақ мұнайының қарашаңырағына айналған Доссор мен Мақатқа Нобель келіп қазақ мұнайын өндіру үшін алғашқы ұңғыларды салды. Нобельдің пайда көзін іздеген басқа кәсіпкер-бизнесменнен айырмашылығы – ол мал соңында жүрген қазақтарды бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жаңа кәсіпке әкеліп салды. Алайда қазақтар ол кезде маңдай терлерінің нәпақасын алғаны болмаса, малдың қотырына жағатын қара майды Еуропа мен Америка алтынға балайтынын қайдан білсін! Мың тоғыз жүз он жетінші жылғы революциядан кейін билікті қолына алған В.Ленин де Қазақстан мұнайына бірден назар аударды. Содан бері Кеңес өкіметі қазақ мұнайын өндіріп, ел игілігіне армансыз пайдаланып келді. Соғыс жылдарында Доссор мен Мақаттың мұнайы кеңес танктары мен машиналарына таптырмайтын жанармай еді. Ақын ағамыз Асқар Тоқмағамбетовтің: «Мұнай бер қазақ, мұнай бер, Соны сенен сұрайды ел», деп жыр жазатын кезі сол соғыс жылдары еді ғой. Иә, Доссор мен Мақаттың мұнайшылары – қариялар, әйелдер, жасөспірімдер, соғыстан броньмен қалған бірен-саран маман мұнайшы ер азаматтар өздері аш құрсақ жүріп, кеңес әскеріне тонналап мұнай берді. Өйткені, Қазақстан мұнайының сапасы өте жоғары болғандықтан көп өңдеуді қажет етпей соғыс техникасына сол күйі пайдаланылатын. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында да, қазақ мұнайшылары орталық үшін еңбек етті. Алайда мұнайшылардың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы былайғы халықтан асып кете қойған жоқ. Байшонас, Қошқар, Комсомол сияқты кәсіпшіліктер түске дейін мұнай айдаған құбырдан түс қайта кері айдалған май аралас ауыз су ішіп отырды. Мына әділетсіздікті қараңыз: Кеңес өкіметі мұнай мен газ өндіруден Ресей мен Әзербайжаннан кейін үшінші орында тұрса да Қазақстанда мұнай және газ өндіру министрлігін құрған жоқ. Орталық Қазақстандағы мұнай мен газ өндіру саласы тікелей Мәскеуге бағынып, әр тамшы мұнай есепте тұруы керек деп санады. Кеңес Одағының Байбаков, Оруджев сияқты алпауыт министрлерінің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» ретінде қабылданды... Иә, Атырау, кейінірек Маңғыстау Отанға миллиондаған тонна мұнайды жөнелтетін алып кәсіпшілікке айналды. Бірақ өзектен суырылып өзгеге олжа болған мұнай бұлағынан елге келіп-кетер пайда азғантай еді. Әсіресе Кеңес өкіметі күркіреп тұрған заманда Гурьев қаласы балшығына бота батып кететін, масасы денеңді қызылшақа ететін Қазақстанның ең артта қалған облыс орталығы болатын... Кісі таңғалатын тағы бір қарама-қайшылық – шаңы шыққан жері мен күнқақты жадау халқы бар жұпыны аймақты Кеңес Одағы бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Өйткені, Ақжайықтың кәрі Каспийге құятын сағасына ерте көктемде теңізді тастап келіп тірі алтын – қызыл балықтың әлемде сирек кездесетін 7 түрі уылдырық шашатын. Бала кезімізде жазғытұрым Атырау қаласына бара қалсақ, қаптаған орыс милицияларды көріп шошына таң қалатынбыз. Қаланың түбінде Жайықтың жағасына қоныстанған «Қызыл балық» колхозында тұратын Өтебәлі нағашымның үйіне барып келе жатқан бізді жолда әлгі бейтаныс милициялар бірнеше мәрте тоқтатып, машинаны, ішінде отырған бізді тінткілеп әуреге салатын. Сөйтсек қызыл балық пен уылдырық алып бара жатқан жоқ па деп тексереді екен ғой... Жыл сайынғы қалаға қаптап кететін бейтаныс милициялар Жайықтың алтын балығы мен маржан уылдырығы қолды болып, қазақтардың қанжығасында кетпеуі үшін Орталықтан, Астраханнан, Волгоградтан, Саратовтан, Самарадан арнайы іссапарға жіберілген сақшылар еді. Олар Қазақстанның басшыларына бағынбайды, браконьерлік жасап ұсталғандарды сол бойда тергеусіз, тексерусіз соттап жіберетін. Кеңес өкіметі тұсында мұнайшылардың да бүгінгідей асып-тасып, алқып-шалқып өмір сүргені шамалы. Сол жылдары талай-талай мұнайшылар «қосып жазды» деген жаламен 5-10 жылды арқалап сотталып кетті. Яғни, қазақ мұнайы шашау шықпастан Орталықтың қазанына құйылып жатты. Кеңес Одағы тараған шақта Компартия үшін малын бағып, егінін өсіріп, балығын аулаған, мұнайын өндірген қазақтар ұлы қамқоршысынан, алып асыраушысынан айырылғандай торығып, абдырап қалды. Алланың құдіретімен келген тәуелсіздікке тосырқай қарады. Ақын Темірхан Медетбектің: «Бостандығым туралы сөз» деген өлеңіндегі мына шумақтар сол кезді дәл суреттеген: Ұшыраған тауқымет дауылына, жаурап тоңған тағдырдың жауынына, − бостандығың келді ғой, бостандығың! Құшағыңды аш! Тарт оны бауырыңа! Қарашы оған: Кетеді адам аяп. (Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) – Бостандығың келіп тұр, бостандығың! Жалақ ерін, жалаңбас, жалаңаяқ! Өз бетімен өмір сүру тәуелсіз жас мемлекетке де, қарапайым халыққа да оңайға түспеді. Бұл 90-шы жылдардың басы болатын. Егемендігін кеше ғана алған жас мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп басқа түскен ортақ қиындықты жақсы түсінді де ішкі мүмкіндіктерді мейлінше оңтайлы пайдалануға бар мүмкіндігін, таланты мен күш-жігерін жұмсады. Әлі есімде, 1993 жылдың 6 сәуірінде Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан басшысы Американың Chevron компаниясымен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорынын құру жөнінде бас келісімге қол қойды. Бұл «ғасыр келісімі» жас қазақ мемлекетінің басқа елдермен кәсіпкерлік байланысуына салынған тұңғыш алтын көпір еді. Қол қою салтанатында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Біз толық сеніммен мұнай-газ секторына үлкен үміт артамыз. Оның толыққанды жұмыс істеуі – болашақ жүзжылдықта елді өркендетуге арналған ең басты мүмкіндігіміз», деп еді. Айтқаны әулиенің сөзіндей дәл келді. Еліміздің мұнайы мен газын өндіру, шетел инвестициясын тарту жас тәуелсіз Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік жағдайының өртеңге шыққан гүлдей дүркірей дамуына септігін тигізді. Сол 1993 жылдың желтоқсан айында Қазақстан үкіметі әлемге әйгілі мұнай компаниялары – Shell, Statoil, Mobil, Britsh Petroleum, Britsh Gaz, Total және Agipпен халықаралық консорциум құру жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Басқарушы операторы болып Қазақстанның мемлекеттік компаниясы «ҚазақстанКаспийшельф» тағайындалды. Әрине, Қазақстанға шетел мұнай компанияларының қаптап келуіне күмәнмен қарағандар да аз емес еді. Оппозициялық басылымдар «бар байлығымыз шетелдердің қанжығасында кетеді, біз енді Америка мен Еуропаның құлақкесті құлына айналамыз. Мұнай мен газды өз күшімізбен де өндіруге толық мүмкіндігіміз бар еді ғой», деп байбалам салып жатты. Алайда бізбен бірлесіп 40 жыл мерзімге құрылған «Теңізшевройл» компаниясы алғашқы күннен бастап жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс жағдайын жақсартуға арнайы бағдарлама жасады. Құлсарының маңынан жаңа типті кент салынып, экологиялық ахуалы төмен бұрынғы мұнай кәсіпшілігі Қаратон елді мекенінде тұратын халық түгелдей көшірілді. Аудан ортасындағы ауруханаларға жаңа жабдықтар алынып, мектептер күрделі жөндеуден өткізіле бастады. Тұңғыш құрылған қазақ-американ бірлескен кәсіпорны аз уақыт ішінде Қазақстанға кеңінен танымал мекемеге айналды. Ал жаңадан құрылған консорциум Каспий қайраңын жан-жақты зерттеуге кірісіп кетті. Бұның бәрі алдымен Қазақстанға, қала берді Атырау облысына құйылып жатқан қаржы көзі еді. Артта қалған көне қала Атырау қанатын кеңге жая бастады, аз уақыттың ішінде облыс ірі өндіріс орталығына айналды... Ақиқатты мойындаған абзал, қазақтың өз қолы өз аузына жеткені де осы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жылдың көлемі ғой. Ата-бабадан кейінгі ұрпаққа мұра болып қалған жерасты байлығының арқасында қазақ балалары жер шарының түкпір-түкпіріндегі ең беделді жоғары оқу орындарынан білім алып келіп жатыр. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен, мұнай компанияларының тікелей жолдамасымен балаларын шетелде оқытып жатқан Қазақстандай ел әлемде саусақпен санарлық қана. Ал бас аяғы 10-15 жылдың ішінде Астанадай қала салу да әлемдік сәулет-құрылыс тарихында сирек кездесетін құбылыс. Тағы бір жанымыз марқайып, мақтанарымыз – Қазақстан қалаларының барлығы дерлік Астанаға қарап бой түзеуде. Бүгінде Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Атырау, Павлодар, Ақтөбе сияқты қалалардың құлпырып өскені сондай, көркіне көз қуанады... Салыстырып айтар болсақ, осыдан оншақты жыл бұрын Атырау қаласында жеңіл автокөлік іркілмей өтетін басы бүтін бір көше табу мүмкін емес еді. Қазір қала мен оның маңындағы 380-нен астам ірілі-ұсақты көшеге асфальт төселіп жарқырап жатыр. Иә, соңғы 4-5 жылдың көлемінде Атырау облысы халқының тұрмыс тіршілігінде кісі таңғаларлықтай жаңалық көп. Тәуелсіздік алғанға дейін энергетикалық байлықтың үстінде отырса да электр және жылу жүйесіне, ауыз суға аса зәру болатын. Өзен-көлге, орман-тоғайға тапшы елдің экологиялық ахуалы да жан құлазытарлықтай. Қызылқоға сияқты шалғайдағы аудан тұрғындары ауыз суды күні кешеге дейін сатып алып, ішіп келді. Оның өзі алғауы бар кермек татитын тұзды су болатын. Қыс айларында отқа жағатын көмірді Сағыз стансасынан үйіне жеткізіп алу үшін де қарапайым халық әбден әбігерге түсетін. Бүгінде Атырау облысы халықтың тұрмыс-жағдайына байланысты күрмеуі көп күрделі мәселелердің барлығын толықтай шешті деп мақтанышпен айтуға болады. Бұл егемендік алған Қазақстан мемлекетінің 20 жылда етек-жеңін жиып, экономикасының қарқынды дами бастағанының айқын айғағы... Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз ел алдындағы басты міндеттер деп үш мәселені алға шығарған. Олар: үдемелі индустрияландыру есебінен экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу; нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру; азаматтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету. Мен Елбасы алға қойған осы басты үш мәселе Қазақстанның қай облысында да қарқынды жүзеге асып жатқанына күмәнданбаймын. Дей тұрғанмен Атырау облысының соңғы бес-алты жылдағы экономикалық-өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық қарышты қадамдарына таңданбау мүмкін емес. Бұл ең алдымен ел Президентінің сарабдал саясаты екенін айтқан абзал. Бұрын басым көпшілігі Орталықтың алып қазанына құйылатын ұлттық байлығымызды өз игілігімізге жұмсай бастағанымызға да, міне, жиырма жылдың жүзі болды. Ауқатты елдердің қазынасына көз сүзетін кедейшілік заманды біз ұмытқалы қашан! Бүгінде облыстарымыз бір-бірімен бәсекелесіп, байлық жарыстыратын дәрежеге жетті. Осы пікіріміздің айқын бір дәлелі – Атырау облысы. Соңғы төрт жыл бойы мұнайлы облыс әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша алдына жан салмай жеке-дара көш бастап келеді. Атырау облысына бара қалған қонақ ең алдымен қаланың маңындағы алып құрылыстарға назар аударып, таң қалар еді. Таң қалып қана қоймай, сол алып құрылыстарда қазақтармен қатар ағылшынша, французша, немісше, орысша, итальянша, испанша, қытайша сөйлеген әр түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті еңбек етіп жатқанын көріп риза болар еді. Әрине, шеттен келген жұмыс күштері мен жергілікті жұмысшылардың арасында еңбекақыға, тұрмыс жағдайына байланысты түсініспеушіліктер болып тұрады. Осы зәру мәселеге байланысты өткен жылы қараша айында Атырауға жұмыс бабымен келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ саласы үшін мамандар дайындайтын «Каспиан техникал ресурсес» оқу орталығының жұмысымен танысып, оқып жүрген жастармен кездескенде былай деген еді: «Республикамызда, соның ішінде Атырау аумағында, әлемдік деңгейдегі талаптарға жауап беретін ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр, Сіздер солардың бәріне де белсене араласуға тиіссіздер. Қазір осында бірнеше шетелдің іргелі компаниялары қызмет істеп жатыр. Жаңа кеніштер игеріледі. Солардың бәріне кей ретте сырттан мамандар шақыруға тура келеді. Өйткені, өзімізде әлі де дүниежүзілік стандарттарға сай озат техника мен озық технологияны жете меңгерген мамандар тапшы болып тұр. Ал, біз Солтүстік Каспий жобасы секілді ауқымды шараға тек әрі қауіпсіз, әрі өркениетті тәсілдерді ғана қолданамыз. Соны сіздер де жете меңгеруге ұмтылуларыңыз қажет. Сөйтіп, осында әзірге жұмыс жасап жатқан шетелдік мамандарды біртіндеп өзіміздің кадрлармен ауыстыруымыз керек. Ертең сырттан келгендер кейін кетеді, сонда осы жұмыстардың бәрін сіздер атқарасыздар. Бұл жұмыссыздық мәселесін де оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда бұрын болмаған мамандықтар игерілуде. Елімізде осындай оқу орындары көп болады. Сіздер солардың бірін алғаш бітіргелі тұрсыздар. Сәт сапар тілеймін бәріңізге. Терең білім алыңыздар, жаңа техника мен технологияны меңгеріңіздер», деп еді. Жастарға бағалы ақыл-кеңес айтқан Елбасы шетелдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылардың жағдайын жасап үнемі бақылауда ұстау жөнінде облыс әкіміне нақты тапсырма берген. Бергей Рысқалиев Президенттің айтқан ескертулері мен тапсырмаларын халық көңілінен шығатындай етіп орындап келеді. Мәселен, соңғы бірер жылда сырттан келетін мамандарға шек қойыла бастады. Себебі, қай зәру мамандықты да атқарып кететін жергілікті жастар жетерлік. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасынан Теңіз кенішінде тәжірибе жинақтап, сапалы маманға айналған жастардың біразы Қарабатан құрылысында еңбек етуде. Облыс әкімі Екінші буын мен Шикі газды қайта айдау жобалары ақталғаннан кейін қызметсіз қалған мыңдаған жұмысшыны «Болашақ» зауыты құрылысына орналастырды. Орналастыру барысында жергілікті жастардың тәжірибелі мамандар екендігін инвесторларға әбден дәлелдеді. ХХІ ғасырдың алып құрылыстарына жататын Қарабатан, мұнайды қайта өңдеу және құрылысы аяқталып қалған «Болашақ» зауыттарынан басқа Газ-химия кешені мен Атырау мұнай өңдеу зауытын кезекті модернизациялау құрылыстарының еліміз үшін маңызы зор. Бұған 3Д панелдер дайындау зауытын, металлургиялық комбинат құрылысын, ас тұзын шығару зауытын, жылына бір қолданымдық 250 млн. дана шприц шығаратын зауыт, хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қосыңыз... Әйтеуір қаланың айналасында біріне-бірі ұқсамайтын, бірінен-бірі асып түсетін, бұрын көз көріп, құлақ естімеген ғажап нысандар жетерлік. Облыста инновациялық өндірісті дамытудағы алып адымдар осындай. Биыл Атырау облысы болашаққа тағы бір сәтті қадам жасамақшы. Мұнайлы өлке еліміздің индустриялық қуатын нығайту мақсатында құны 10 млрд. теңге құрайтын 10 жаңа өндірісті іске қосу арқылы 1500 атыраулық азаматқа жаңа жұмыс орнын ұсынады. Мақтаса мақтауға тұратын тағы бір кешенді мәселе жылу электр орталығының 4-кезегінің іске қосылуы өлкенің өзін-өзі энергиямен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешіп, одан әрі қарқынды дамуға қуатты база жасалды. Әр өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын үнемі бақылауда ұстайтын Елбасы осы жобаның бірінші кезегін өз қолымен іске қосып еді. Бұл өңір жерінің астында мұнай мұхиты, жер бетінде Каспий теңізі, Азия мен Еуропаны қақ бөліп Ақжайығы ағып жатқанымен ХХ ғасырда ауыз суға жарыған емес. Облыстағы жеті ауданның барлығы дерлік ішетін судың қадірін жақсы біледі. Әрине, Кеңес өкіметі тұсында да бұл аса зәру толғақты мәселе назардан тыс қалған жоқ, алайда жылдар бойына халықтың ерінін кезертіп ауыз су проблемасын шеше алмады. Елбасының үнемі бақылауындағы ауыз су мәселесімен облыс басшылары соңғы 4-5 жылда мұқият айналысып, толық шешті. Әсіресе облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендер өткен жылы ауыз сумен түгел қамтамасыз етілді. Мұнайлы өлкенің төсіндегі мұнай өндіретін кәсіпорындардың көпшілігінде әр жерде күндіз-түні аспанға шапшып алау жанып тұрады. Бұл – адам күшіне бой бермей, тізгіндетпей жер астынан от боп атылған табиғи газ. Ал енді ағыл-тегіл тегін газдың үстінде отырып Атырау халқы күні кешеге дейін үйін күйе-күйе болып көмірмен, май-май болып мазутпен жылытты. Газ құбыры іргесінен өтіп жатқан ауылдардың өзі көгілдір отынның қызығын көре алмады. Жылу мәселесі де ауыз су сияқты Атырау халқы үшін ешқашан шешілмейтін өзекті проблемадай көрінетін. Атырау облысының басшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аз уақыттың ішінде тұрғындарды газбен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде толықтай орындады. Әсіресе орталықтан тым шалғай орналасқан аудандардың ең түкпірдегі ауылдарына көгілдір отынның жетуі бұрын-соңды болмаған құбылыс. Ауыл адамдарының, әсіресе әйелдердің күнқақты жүзіндегі нұрлы шуақты көргенде Қазақстан экономикасының, соған сәйкес халықтың әл-ауқатының осынау азғантай уақыттың ішінде қаншалықты шарықтап өскенін қуана түсінесің. Мұнайлы өлкенің жылдан-жылға шешуін таппай, жолаушы біткеннің жігерін құм етіп, сапарын азапқа айналдырған автокөлік жолдары. Атам қазақ адам тағдырын жолмен байланыстырып, ақ тілегінің бәрін дерлік жол арқылы бағыштаған. Сол ақ тілектің арқауы болған қара жолдың жолаушы біткеннің тағдырына тікелей қатысы бар. Жиырмасыншы ғасырда адам ғұмырының кенеттен үзілуіне басты себептердің бірі – көлік апаты. Ал көлік біткеннің апаты сара жолдың үстінде болатыны белгілі. 70-80-жылдары Атырау-Ақтөбе, Атырау-Орал, Атырау-Ақтау сияқты одақтық маңызы бар, стратегиялық құнды тас жолдар салынған. Алайда бәленбай миллиард қаржы жұмсалған даңғылдар 2-3 жылдың ішінде сапасыз, азап жолына айналған. Осы трассалардың бойында қаншама көлік істен шығып жарамсыз болып қалды, қаншама адамның өмірі қиылды. Ал ауданаралық даланың қара жолдарына ешқашан асфальт төселіп көрген емес. Күздің қара жауынында, көктемнің қары еріп, тоңы жібіген уақытта шалғай ауылдарға кісі аяғы жету қиямет-қайым болатын. Ғасырға жуық уақытта әбден қордаланып, шегіне жеткен жол құрылысы мәселесі де соңғы жылдары бірте-бірте оң шешімін тауып келеді. Тақтайдай даңғыл жол мемлекеттің әл-ауқатының басты көрсеткіші. Республикалық маңызы бар Атырау-Орал және Атырау-Бейнеу тас жолдары бұл күнде таспадай сайрап жатыр. Ал Атырау-Гаюшкин жолы құрылыс аяқталғаннан бері Ресеймен арадағы қарым-қатынас кәдімгідей жиіледі. Облыстың ішкі стратегиялық маңызы бар Индер-Миялы-Сағыз автокөлік жолы да тұңғыш рет толық аяқталды. Атырау құлпырып жайнап, адам танымастай өзгерді. Қалада 7 демалыс бағы, 10 субұрқағы еуропалық стандартпен салынуда. Дәл бүгін еркелей аққан сылқым Жайықтың үстінде 4 автокөлік көпірі және екі жаяу жүргіншілер көпірі болашақтың алтын білезігіндей салтанат құрып тұр. Құдды Еуропаның қалалары сияқты ымырт үйіріле түрлі-түсті шамдар жымыңдай бастайды. Қазақ қазақ болғалы Индердің тұсынан тұңғыш рет алып көпір салды. Есте жоқ ескі заманның тәбәрігіндей ХV ғасырдың ортасында Қазақ Ордасының құрамына еніп, Еділден ауған Қазтуған жырау соңына ерген елді аман-есен алып өту үшін Жайықтың түбіне Индер тауының қой тастарын төсеп, Таскешу өткелін салғаны тарихтан белгілі. Күні кешеге дейін жолаушы халық осы тұстан арғы бетке пароммен өтіп қатынап жүрді. Көктемде Жайық тасыған шақта пароммен өту өте қауіпті еді. Енді, міне, құшағын айқара жайып, болашақтың ақжолтайындай алып көпір тұр... Ақжайық елін емізген, жемісін жегізген ұлы өзен. Соңғы жылдары оның да тамағы бітеліп, тынысы тарылды. Сан ғасыр бойы жағасында елді алтын бекірелерімен асырап, асырап қана қоймай қара уылдырығына бүкіл әлемнің көзін сүздірген Ана-Жайық шаршады, мөлдір суы лайланды, қоқысқа толды, тайдай тулаған балығы азайды. Әрине мұның бәріне кінәлі біреу – біздер, адамдар. Ақжайықтың бұрынғы атақ-даңқын, аста төк байлығын қалай қалпына келтіруге болады? Біреу білсе біреу білмейтін Ақжайықтың бір қасиеті бар. Ұлы теңіз Каспийдегі бекіре тектес балықтың барлығы көктемде Ақжайықтың теңізге құяр сағасына келіп уылдырығын шашады. Өйткені осы тұста Жайықтың суы Алланың құдіретімен ерекше таза болады екен. Сондықтан да күні кешеге дейін Жайықтың сағасы көктемде шүпірлеген балыққа сыймай кететін. Қазір бекіре аулау біршама төмендеп кетті, тіпті қызыл балықтардың мүлдем жойылып кету қаупі бар. Қайтпек керек? Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті Атыраудағы балық шаруашылығына қатысты кешенді жобаны іске асыруға кірісті. Атырау қаласынан 7 шақырым жердегі Еркінқала елді мекенінде 85 тонна бағалы балық пен 500 кило қара уылдырық өндіретін бекіре өсіру және оның өнімдерін өңдейтін тауарлы-бекіре фермасы салынып, құрылысы аяқталуға жақын. Бұл балық фермасының қасынан болашақта балықтың жемін дайындайтын, шабақтар өсіретін, балық өңдейтін және қара уылдырық дайындайтын бірнеше зауыт салынады. Мамандардың айтуынша мұндай балық шаруашылығына арналған ауқымды өндіріс орталығы күллі ТМД елдерінде жоқ көрінеді. Елбасының тікелей тапсырмасымен Астана қаласы ұйытқы болған «Жасыл белдеу» бағдарламасын Атырау облысы да жан-жақты қолға алды. Осы игі шараға байланысты облыс әкімі Бергей Рысқалиев облыс экологиясы мен елдің денсаулығына байланысты тың деректерге құрылған ауқымды мақала жазып («Атырау» газеті №57) халықты осы жаңа жобаға қатысуға шақырды. Маған бұл мақаланың айырықша ұнаған тұсы автордың «жауырды жаба тоқымай» Атырау облысының бүгінгі экологиялық ауыр ахуалына ашық та нақты жазуы. Мақалада көңіл бөлетін мынадай нақты дерек бар: «Облыста негізінен мұнай табиғи радионуклидтер: уран, радий, торийден құралған радиациялық фон ондаған есе артық радиоактивті 275 учаске бар екені анықталды. Сонымен қатар, су бассейнінің ластануы – аймақтағы ең өткір проблеманың бірі. Өзен табандары тазалауды өте қажет етеді», дей келіп, қоршаған ортаның ластануы жергілікті тұрғындарға қалай әсер етеді деген өзекті сұраққа былай жауап береді: «Жүргізілген зерттеулер бойынша, облыстағы аллергиялық ринит ауруларының деңгейі республикалық көрсеткіштерден жоғары тұр. Мәселен, 100 мың тұрғынға шаққанда аллергиялық ринит ауруы 2009 жылы республикалық көрсеткіште 500-ді көрсетсе, біздің облыста 1100-ге жеткен. Жүрек, қан-тамыр, қан қысымы аурулары да бірнеше есеге артып отыр. Ең өкініштісі, жас сәбилердің шетінеуі азаймай, өлі туған нәрестелердің, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балалар өлімі өсіп отыр. Ұрпақты дүниеге әкелетін аналардың саулығы да өте нашар. Сондай-ақ, облыста қатерлі ісік ауруларының түрі көбейіп, 2009 жылы олардың саны 648 болса, 2010 жылы 687 адам тіркелген. Аурулардың ішінде өкпе рагы – бірінші орында, екінші орында – асқазан жолдарының рагы, үшінші орында – асқазан рагы және онкологиялық аурулармен ауыратындардың арасында әйел адамдар да аз емес. Одан басқа жүйке жүйелері, бауыр, бүйрек, асқазан, тыныс жолдары аурулары азаймай отыр», − деп оқырмандар назарын аса күрделі мәселеге аударады. Осы мақаланың өзегіне айналған «Жасыл белдеу» бағдарламасы кім-кімді де жайбарақат қалдырмаса керек. Әсіресе Атырау облысының әкімі табиғаты көк желек пен гүлзарға жұтаң қоңырқай өлкені қолдан көгалдандырып гүлдендіру үшін бұрын-соңды болмаған тың жоба – алдағы он жылға көгалдандыру бағдарламасын жасап, тікелей өзі кірісіп отырғаны бүкіл халық қолдауға тиіс ұлы шара. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құрып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвестициясын тартуға батыл шешім жасау арқылы ел экономикасын дамытудың сара жолын тапқанын бүгінде әлем мойындап отыр. Соның айқын бір дәлелі мұнайлы өлке Атыраудың тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде жан-жақты дамыған ғажайып өлкеге айналуы. Мереке ҚҰЛКЕНОВ.