• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2011

Отандық биотехнология жетістіктері халық игілігіне

13799 рет
көрсетілді

«Оймақ пішсең де ойлап піш» дейді халқымыз. Бүгінгі күні әр дү­ние­нің өзінің шегі мен межесі бо­ла­тыны көбіміздің жадымыздан шы­ғып барады. Мәселен, барша адам­заттың ризығы, несібесі – топы­рақта, қор­ша­ған ортаға нәр беріп отырған да, жан бітіріп, түлетіп отырған да – топырақ. Алайда, осы күллі тірші­лік­тің кілті – топы­рақ­тың да қадірін ба­ғамдамаса қуаты сарқылады, нәрінен айрылады. Ғы­лымда мұны «топы­рақтың эро­зия­ға ұшырауы немесе құнарлылы­ғы­нан айрылуы» дейді. Міне, сон­дықтан да әлемнің алдыңғы қа­тарлы елдері топырақты күтуге, бап­тауға үлкен маңыз береді. Қазақстанда Жер шарындағы то­пы­рақ түрлерінің түгелге жуығы дерлік кездеседі, сондықтан да, елімізде аграрлық секторды дамы­ту­дың мүм­кіндіктері мол. Мемлекеттік саясат та аграрлық саланы дамытуға арнал­ған жаңа техно­логияларды енгізуді өз бағдарына алған. Алайда, Үкі­мет­тің белсенді қолдауына қарамастан Қазақстан­ның кейбір өңірлерінде то­пы­рақ­тың жарамдылығы төмендеп, егістік өнімдері жылдан-жылға азай­ып бара жатқанын байқауға болады, яғни, біз, қарапайым шаруалар, ди­қандар топырақ микробиология­сы­ның әлеуетіне арқа сүйеуіміз керек. Бұл орайда Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Респуб­лика­сының Мемлекеттік сыйлығы­на ұсы­ныл­ған «Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығына арнал­ған «Казбиосил», «Ризовит-АКС», «Бак­ойл-KZ» биопрепарат­тардың тех­но­ло­гиясын жасау және өндірісін ұй­ым­дастыру» жұмыста­ры. Биология ғы­лым­дарының док­торы, профессор А.Саданов баста­ған бір топ авторлар – С. Айткелдиева, Н.Гаврилова, И.Ратникова, У.Ыдырысова, В.Кан, Е.Шорабаев бірнеше жылдар­дан бері зерттелген іргелі ізденіс­те­рінің нәтижесін қол­данбалы практи­ка­ға жалғастыруы арқылы өндіріске бұршақ тұқымдас дақылдардың өні­мін арттыратын «Ри­зовит-АКС», мал азықтарын сүр­леуге арналған «Казбиосил», мұ­най және мұнай өнім­дерінің қал­дық­тарымен лас­танған то­пырақ­тар­ды тазартуға арналған «Ба­койл–KZ» атты бірқатар биоло­гиялық пре­параттарды енгізу арқылы дә­лелдеп отыр. Авторлардың ұзақ жылдар бо­йы тынымсыз ғылыми ізденісі нәти­же­сінде топырақты азотпен байытатын «Ризовит-АКС» биопре­параттары жа­салды. Қазақстандық ғылымның өн­дірістегі ірі жетістігіне баланатын бұл препараттарға бүгінде сұраныс көп. Өйткені, жаңа препараттар қал­дықсыз технология ретінде де ма­ңызға ие. Бұршақ тұқымдас дақыл­дардың өні­мін арттыруға арналған «Ризо­вит-АКС» биопрепаратын Ал­маты облысының Сарқан, Алакөл ау­дан­дарындағы жеке шаруашы­лық­тары тәжірибеге енгізді. Бұл препаратты қолдану өте ың­ғайлы. Бұршақ тұқымдас дақыл­дар­дың (соя, жоңышқа, түйе жо­ңышқа, бұршақ және тағы басқа) дәндерін себер алдында препаратпен өңдеп барып сепкен жағдайда жылына әр гектарынан 5-6 центнер қосымша өнім алынады. Сонымен қатар, егістік алқаптардың топы­рағында 200-300 кило таза био­логиялық азот то­пы­рақта жина­ла­ды. Демек, бұршақ тұқымдас дақылдардан кейін ауыс­па­лы егістікте өндіретін дақылдардың азотқа деген қажеттілігін кемінде 2-3 жылға дейін қанағаттан­ды­ра­ды. Яғ­ни, минералдық азот ты­ң­айт­қыш­­та­рын пайдаланбай-ақ жо­ғары өнім алуға мүмкіндік береді. Мал азығының сапасын артты­ра­тын «Казбиосил» препараты Қа­зақ­стан­ның барлық өңірлерінде кеңінен пайдаланылуда. Үкімет жүктеген мал шаруашылығын да­мыту әрі жетілдіру тапсырмасын жүзеге асыру үшін сапасы, қо­рек­тілігі жоғары мал азы­ғы қажет. Жылдан жылға жайы­лым­дар мен шабындықтардың жетіспеушілігінен мал азығын дайындау қи­ын­ға соғып отыр. Аманкелді Саданов бастаған ғалым-авторлар бұл мә­селенің де шешімін тауып, мал азы­ғын сүрлейтін тиімділігі өте жоғары жаңа отандық «Казбиосил» препа­ра­тын өндіріске кеңінен енгізді. Бұл препараттың тиімділігі, біріншіден, бір тонна өсімдікке бар-жоғы 1,5 – 3 грамм қажет; екін­шіден – сүрленген азықтың қажеттілігі артып, төрт тү­лік оның 98 пайызға дейінгі мөлше­рін пайдаланады; үшіншіден – өс­ім­дік құрамындағы барлық қоректік зат­тар 85-90 пайызға дейін то­лықтай сақталады. Ал кептірілген шөпте қо­ректік заттар мөлшері 40 пай­ыз­ға дейін жоғалып кетеді. Сонымен қатар, сүрленген азықпен қорек­тенген мал­дардың өнімі де артады, сүт сау­ы­лы­мына 0,5 литр қосылып, майлылығы 0,1 пайызға дейін кө­бейеді. Жасыратыны жоқ, қоршаған ор­та­ны қорғау, экологиялық қауіп-қатер Қазақстандағы бүгінгі таң­дағы ең өзекті мәселелердің бірі. Соған бай­ланысты, авторлар то­пырақтың мұ­най­мен ластануының биореми­диа­ция­сы және биоин­ди­ка­циясы мәселе­леріне айрықша көңіл бөліп отыр. Мұнай өндіретін өнеркәсіптердің ба­сым бөлігі Батыс Қазақстан айма­ғын­да орна­ласқандықтан, осы ай­мақтың таби­ғи-климаттық жағдайы­на бейімделген мұнайды тотықты­ратын бак­терияларының негізінде жа­салған «Бакойл – KZ» отандық био­препараттарын Қосшағыл, Жа­ңа­­талап, Байшонас кен орында­рындағы мұнаймен ластанған жерлерді және West Dala жеке серіктестікке қарасты полигонында да­ла­лық сынақтардан өткізіп, нәтиже­сінде топырақтағы мұ­най құрамы­ның 90 пайыздан 98 пай­ызға дейін төмендеткенін көрсетті. Аталған биопрепаратты қолда­ныс­қа енгізуі экологиялық сауық­ты­руға пайдаланылып келген шетелдік, ресейлік технологияны нарық­тан тық­­сырып, отандық биопре­параттың алға шығуына жол ашты. Атырау мен Маңғыстаудағы топы­рақтың құ­нар­лылығын арттыру үшін бұрын Ресей мен Белоруссия­ның технологи­я­сы пайдаланыла­тын. Аманкелді Са­да­новтың бас­шы­лығымен шығарыл­ған жаңа технологиялардың маңыз­ды­лы­ғы – түкке жарамсыз болып қал­ған жер­лердің құнарлылығын қай­та қал­пына келтірумен қатар, қор­шаған ор­таның саламаттылығын артты­руға да үлкен мүмкіндік туды­рып отыр­ға­нын­да. Атырау облы­сының өзінде мұ­най­мен ластанған 200 мың гектар аумақ бар. Аталған препараттар арқылы осы аумақты төгілген мұ­най­дан тазартып, қайта гүлден­діріп, жазира мекенге айнал­дыруға мүм­кіндік мол. Отандық микробтық препарат­тар­дың өндiрiске кең ауқымда енгi­зілуi – еліміздің импорт алмаст­ы­руы­на мүм­кіндік береді, республи­каның экс­порт­тық әлеуетін жоғар­ы­латады, мал шаруашылығының жем базасы­ның бiрқалыпты дамуына және ау­ыл­ша­руашылық өнiмi өндi­рiсiнiң өсуi­не себепші болады, сон­дай-ақ, та­биғи ор­таның сауығуына мүмкiндiк туғы­за­ды. Ауыл шаруа­шылығы және қорша­ған ортаны қорғауға арналған қазақ­стандық ға­лымдардың биоло­гия­лық препарат­тары – бiздiң рес­пуб­лика­мыздың бірден-бір жетістігі, ал авторлар ұжы­мы Ғылым мен техника са­ла­сын­дағы Қазақстан Респуб­ликас­ы­ның Мемлекеттік сыйлығына лайық. Диляра АЙҒОЗИНА, «Будан» ауылшаруашылық өнеркәсіптік кооперативі ғылыми-селекциялық тобының жетекшісі, Шоқан МҮКЕЕВ, «Адал» ауылшаруашылық өндірістік компаниясы» акционерлік қоғамының өсімдік шаруашылығының бастығы, Мәлік САДЫҚОВ, «АзиК» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгінің директоры. Алматы.