• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Ғарыш жолы жерден басталады

848 рет
көрсетілді

Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына кіру жөніндегі айбынды міндет тұр. Біздің Мемлекет басшысы қойған осынау міндеттің жеделдете шешілуі отандық экономиканы табысты жаңаландыруға және жаңадан жоғары технологиялы салаларды құруға бай­ланыс­ты екендігі айдан анық. Осынау мақсаттарға жету жолында қазақстандық ғылым баға жеткісіз жәрдемін тигізуде. Осыған орай соңғы кездерде ғылымды қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюы да тегін емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей: «Ғылым мен инновацияны екінші кезекке қойған ел бірде-бір салада бірінші орынға шыға алмайды». Қазақстанды инновациялық да­мытудың маңызды ресурсы дербес ғарыш жобаларын әзір­леу және іске асыру болып табыла­тындығына Ұлт­тық ға­рыш агенттігіне қарасты «Ұлт­тық ғарыш зерттеулері мен тех­нологиялары орталығы» (ҰҒЗТО) АҚ ғалым­дары барын­ша сенімді. Би­ыл Орта­лық бір топ ғалым­дардың еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық да­муын көздей­тін осы заман­дық ға­рыш техно­логияларын енгізуге қа­тысты жұмысын Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сый­лыққа ұсынып отыр. Осынау ауқымды һәм қажырлы еңбек қазақстандық ға­лым­дар мен маман­дардың ғарыш сала­сындағы қызметінің шамамен 15 жылын қамтиды. Жұмыс бай­қауға қатысу үшін кідіріссіз жіберілді. Енді тек ол білікті комиссия тарапынан лайығы­мен баға­ланады деп үміттену ғана қалды. Әлбетте, отандық ғалым­дар­дың ең­бегін мемлекеттің бағалауы олар­дың әрі ғы­лым­ды, әрі қазақстандық инно­вациялық экономиканы дамы­туға қосқан елеулі үлестері тұр­­ғысынан алғанда әбден заң­ды болар еді. Өйткені, ғарыш саласының ма­мандары ғылым үшін ең бір қиын жылдарда да іргелі және қолданбалы ғарыш технологияларын зерттеу жө­ніндегі белсенді жұмысты еш­­­қашан тоқ­тат­қан емес. Со­­­нымен бірге бү­гінгі таңда олар­­­дың күш-жі­ге­рінің арқа­сында, іс жү­зінде тақыр жер­­де, еш­кім­нің көмегінсіз рес­пуб­­ликада мүл­дем жаңа ғы­­лы­ми ба­ғыт құры­лып отыр­­ған­ды­ғын атап көрсе­теміз. Ол бағыт – Жерді қашықтан зон­дылау (ЖҚЗ) жә­не ғарыштық мониторинг жүр­­гізу мәліметтерін пайдалана оты­рып, Жерді ғарыштан зерттеу. Жерді қашықтан тексеріп барлау жүйесін құру жөніндегі бағдарлама Ұлттық ғарыш агент­тігінің Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағ­дарлама бөліміне енгізілген 4 жобаның бірі болып табылады. Қазақғарыштың басқа да жо­бала­рымен қатар оны да іске асыру республика экономи­ка­сына индус­трия­лық-инновация­лық секторды дамыту міндеттерін шешу орайында қосым­ша серпін берері сөзсіз. Ғарыштық мониторингтің отан­­­дық жүйесін кеңінен енгізу қазақ­стандық экономиканың бір­қатар са­лалары үшін тұтасынан барынша тиімді жемістер беруге қа­бі­летті. Бү­гінгі таңның өзінде шетелдік жерсеріктер мәліметтерін пайдалану және олар­ды дұрыс оқи білу біздің елімізге мұндай мүмкіндігі жоқ мемлекеттер ал­дында сөзсіз артық­шы­лықтар беруде. Әлем­де 93 елдің өз­дерінің жерсеріктері бар. Бірақ біздің отан­дық жүйе  АҚШ, Еу­роодақ, Бразилия, Австралия, Аргентина, Ресей, Қытай және Үндістан сияқты таны­мал көш­басшылармен қатар ауыл­ша­руа­шылық өндірісіне ға­рыш мониторингін жүргізетін  ұлттық жү­йе­­лердің әлем бойынша үздік тоғыз­дығына кіреді. Орбитаға ЖҚЗ қазақстандық жерсеріктерін шығаруға орай ғалымдар суреттерден жарты метрден сәл артығырақ көлем­дегі нысандарды ажы­рата алады деген болжам ай­тылуда. Әзірге бір километрден бес метрге дейінгі суреттермен жұмыс­тар жүр­гізілуде. Әйткенмен, бүгінде ЖҚЗ мәліметтерін өңдеудің қа­зақ­­стандық мамандар әзір­леген әдіс­темелері мен тех­ноло­гияла­рының көмегімен көп­теген кілтипанды мәсе­лелер жиын­тығын шешуге болады. Мысалы, Қазақстан сияқты ұлан-ғайыр атырабы бар ел үшін ауыл­ша­руашылық алқаптарының жай-күйін ғарыштан бақылау өте кө­кейкесті. Ғарыштық технологиялар кең байтақ жазықтарда мониторинг жүргізуге және дәнді дақыл егісті­гінің жағдайын кө­руге, шегірткенің пайда болуын немесе құрғақ­шы­лықтың туын­дауын болжамдауға мүмкіндік береді. Қазақстан аумағында эко­логия­лық ахуалды бақылауда ұс­таудың немесе төтенше жағ­дайларға (өрттер мен су тас­қындары) мониторинг жүргізудің мән-маңызы да бір кем емес. Соны­мен қатар, отандық әдіс­темелер көмегімен мұнай-газ кеніштерін пайдалану қауіпсіз­дігінің түйткілдері ше­шімін табуда. Сондай-ақ, көмір­сутегі ши­кізаты қорланған ықтимал ай­мақтарды анықтауға да болады. Сонымен бірге қазіргі уақытта Қазақстан аумағында және соған іргелес аймақтардағы жер қа­батының жағдайын зерттеу жөнінде де белсенді жұмыстар жүргізілуде. Өңделген ЖҚЗ мәліметтерінің көмегімен құ­ры­­лыс саласының да дамуын жоспарлап, қала құрылысын үйлес­тіре алмақпыз. 2004 жылы есімі өзі жиырма жыл бұрын құрған Ғарыштық зерттеулер институтына берілген академик Өмір­зақ Сұлтан­ға­зиннің бастамасы бойынша қа­зақстандық ғалымдардың ға­рыш суреттерін талдап түсін­діру жөніндегі машықтары мен тәжі­рибесі ғарыш мониторин­гінің ұлттық жүйесіне біріктірілді. Енді толық­қанды және өзін-өзі қамтамасыз ететін жүйе болу үшін жеке өзінің ғарыш жерсерігі ғана жетіспей тұр. Мұндай жерсерікті жасап ұшыру ғарыш мониторингінің ең қымбат бөлігі болып табылады. Бірақ қазақ­стандық ғалымдар таяу бола­шақта бұл түйіннің де оңынан шешілетіндігіне сенімдері зор. Қазақстанның кең байтақ даласы әлемдік космонав­ти­каның бесігіне айналды. Нақ сол себептен де біз өткендегі жетістіктерді мақтан етуге хақылымыз. Десек те, өмір өркені бір орнында тұрмайды. Біздің ғарыш индустрия­сын­дағы тұғырымыз үнемі жаңа ізденістерді, жаңа биіктерді талап етеді. Ендеше, бүгінде Қазақ­станның ғарыш саласы сондай биік белестерге бет ал­ғандығы, мұнда жоғары техно­логиялы төл технологиялар жасалып жатқандығы, ғы­лыми негіздің кеңеюі, ауқымды жобаларды жүзеге асыру ора­йында белсенді жұ­мыс өріс­теуі осы айтқанымызға дәлел болғандай. Алайда, біздің ең басты артықшылығымыз сала­ның зиялдық әлеуетінің сақ­талып қал­ғандығында жатыр. Қазақстандық ғалымдар жұмы­сының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы осы жағдайдың байып­тылығы мен баянды­лы­ғын одан әрі айғақтай түскендей. Михаил Польских.