Еуропаның көкмайса алаңдарында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің ойындары өтуде.
Бейбітшілік пен өркениеттілікті, ғылым мен үйлесімділікті уағыздайтын ислам дінінің шынайы құбылысын насихаттап жүрген ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің «Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні» кітабында қазақ даласынан шығып, күллі ислам дүниесіне орасан үлес қосқан түркітекті ғұламалар жайында жасаған зерттеулерін, сонымен қатар ұлтымыздың арғы тарихынан бастап, бүгінге дейінгі даму белестері, мәдениетіміз бен ислам дінінің әлем ғылымындағы үлесі мен қоғам татуластығындағы рөлі турасындағы жан-жақты зерттелген ғылыми еңбектері мен мақалаларын орыс тілінде топтастырыпты. Шығарма «Ислам өркениеті және Қазақстан», «Исламның гуманитарлық әлеуеті» және «Исламның толеранттылық өрісі» деген үш тараудан тұрады. Әр тарау ғылыми негізде жазылғандықтан ерекше маңызға ие.
Кітаптың алғашқы тарауында ислам мәдениетінің қазақ жеріне келуі оның ықпалы мен рухани орталықтардың қалыптасуы туралы әңгімеленеді. Онда ғалым қазақ жерінен шығып, ислам өркениетіне үлес қосқан, алайда осы күнге дейін беймәлім болып келген бірнеше ғұламаның еңбектерін жарыққа шығарып отыр. Мәселен Отырар қаласынан Әбунасыр Әл-Фарабиден өзге 30 ғалымның шыққаны анықталды. Екінші тарауда асыл діннің Қазақстандағы орны мен рөлі, еліміздің дінаралық және ұлтаралық достықты сақтау тәжірибесі, жалпы азаматтық құндылықтар туралы айтылады. Ал үшінші тарауда ғалым бірқатар сұхбаттар негізінде исламның ізгілік пен төзімділік діні екенін көрсете білген.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Алматы.