20 шілде күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Онда Қордың еншілес және бағынышты компанияларының акцияларын орналастыру бағдарламасы қаралып, ол бүтіндей алғанда мақұлданды.
Сол сияқты кеңес отырысында Қорды дамыту стратегиясы талқыланды. Қазақстанның әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын табысты еңсергенін ескере отырып, «Самұрық-Қазына» қоры дағдарысқа қарсы бағдарламаны аяқтап, өзінің құрылуындағы бастапқы мақсат болып табылатын Қордың өзінің және еншілес компанияларының ұзақ мерзімді бағалылығын ұлғайтуға бағдар ұстануы тиіс. Стратегияға деген жаңа көзқарас корпоративті басқару принциптерін енгізу, инновацияларды ынталандыру, белсенді инвестициялық саясат жүргізу есебінен Қор компанияларының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін қарастырады.
«Егемен-ақпарат».