• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Қайта үміттендірген қазақ боксы

329 рет
көрсетілді

Кореяның Инчхон қаласында бокстан Азия чемпионаты туын тү­сір­ді. Айтулы додағы қазақтың был­ғары қолғап шеберлері де бар­ған. Ақжолтай ағайын! Екі жігіт алтын­нан алқа тағынып, тағы екі азамат күмісті күлімдеп алып, бір спортшы қола медальмен елге оралды. Жасы­ратыны жоқ, біраздан бері құрлық­аралық бәсекелерде бә­сі­міз төмен болып жүрген. Бұл жолы желбіреп барған ту, желбіреп қайтты. Жартылай финалға қазақтың гүрзі жұдырықты бес жігіті жолдама алған. Олар: Ілияс Сүлей­менов, Айдар Әмірзақов, Арман Рысбек, Рустам Сыбаев және Досжан Оспановтар болатын. Аталған жігіттердің арасынан Арман Рыс­бек қана жеңісті жолын жалғай алмай қалды. Қалғаны финалға алқынбай жетті. Сонымен – финал. Алдымен шаршы алаңға 52 кило салмақ бойынша сынға түскен Ілияс Сүлейменов көтерілді. Оның қарсыласы қытайлық Ионг Жианг. Бірінші раундтың алғашқы секөнт­терінен бастап Ілияс шабуылға бас­ты. Соған қарамастан, қаптал­дағы төрешілер бірінші раундты тең деп санады. Есеп – 6:6. Сол сәт­тен-ақ төрешілердің кімге бүйрегі бұ­ра­тыны анық болды. Екінші раундта Ілиястың екпіні басылып қалды. Бірақ төрешілер біздің жігітті бір ұпаймен алға шығарды. Бір соқыр үміт сол сәтте әлсіз ғана тұтанған. Десек те, жекпе-жектің соңында Жиангтың қолы көкке көтерілді. Сөйтіп, Сүлейменов кү­міс жүлдені қанағат тұтты. Қазақ жігіттерінің қатысуымен өткен екінші кездесуде де қарсыла­сы­мыз қытайлық болды. Ол – Лю Джианг. Бұл кездесудегі көрініс те алғаш­қыдағыдай қайталанды. Осы айқаста біздің жігіт басым болды. Со­лайша, Айдар Әмірзақов қазақ қоржынына алғашқы алтын жүл­дені салды. Келесі кезек 69 кило салмақ бойынша өнер көрсететін Рустам Сыбаевта. Оның бұл жолғы қарсы­ласы Қытайдың Қашқар аймағынан шыққан азамат. Бойы Рустамнан ұзын. Сондықтан арақашықтықты алшақ ұстап, алыстан соққы жасап жүрді. Соның нәтижесінде жеңіске жетті. Рустам Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Аса ауыр салмақта қытайлық алып Жанг Жилейге қарсы Досжан Оспан шықты. Жүрек жұтқан жігіт екен. Бұл кездесуде Досжан жеңді. 6:4 есебімен қытайлық қарсыласын қапыда қалдырды. Ал финалда Досжан ирандық Мәжит Абдол Сепахвандиді 18:13 есебімен ұтты. Қыркүйекте бокстан әлем чем­пионаты өтеді. Онда Лондон Олим­пиадасына жолдама таратылады. Ұлт­­тық құраманың бапкері Мыр­за­ғали Айтжанов бірінші нөмірлі бокс­шыларды жабудың астында бап­тап жатыр қазір. Сондықтан олар­­дың бірде-біреуін Азия чем­пионатына жіберген жоқ. Есесіне, құрамадағы екін­ші нөмірлі жігіт­тер­дің жолы ашылды. Сөйтіп, Инчхонда біздің қосал­қы құрам өнер көрсетті. Нәти­жесі жоғарыдағыдай. Бес азаматы­мыз жүлдемен оралды. Осыдан-ақ қазақ боксының қайта түлеп жат­қанын көруге болады. Екінші нөмірлі жігіттердің өзі Азия құрлығында Қытай құрамасын ғана алдына жіберіп жалпы есепте екінші орынды иеленді. Бұл қуанарлық табыс. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда. Суретте: Досжан Оспанов (сол жақта) пен Айдар Әмір­зақов.