Осыдан тура бір жыл бұрын: «83 жастағы соғыс ардагері сергелдең болып жүр» деп мақала жазғанбыз («Егемен Қазақстан», 2010 жыл, тамыз.). Сергелдеңге түскен ардагеріміз Тараз қаласында тұратын Әшім атты жалғызілікті қария еді.
Сол мақалада Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген Әшім Иембердиев (Смайылов) ақсақалдың сонау 1989 жылы үйін кеңейту мақсатында кезекке тұрғаны, бірақ арада 21 жыл өтсе де бюрократтық түрлі кедергілердің салдарынан оған қолы жетпей жүргені баяндалған. Сөзбе-сөз мысал келтірсек мақаламыз: «...Әшім ата қайырымды қала басшыларынан әлі де күдер үзер емес. Бүгінде 83 жасқа келген ақсақал (1927 жылы туған) Жамбыл облысының Жамбыл ауданынан әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын 1943-1948 жылдары Ресей елі аумағында атқарыпты. Тіпті 1950 жылы әскерге қайта шақырылып, содан 1953 жылға дейін Кеңес Одағы мен Ауғанстан шекарасындағы Термез қаласында қызмет еткен.
Ақсақалға 1990 жылы берілген куәлікке (серия 3-029223): «Предьявитель удостоверения имеет право на льготы и преимущества, установленные законадательством для лиц, награжденных орденами и медалями СССР за самоотверженный труд и безупречную войнскую службу в тылу в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 г.» деп жазылып, қол қойылған. Бірақ соғыс және еңбек ардагерлерін баспанамен қамтамасыз етуге міндетті Тараз қаласындағы мекеме басшылары ақсақалдың құжаттарына көз салмаған. Көз салмағаны былай тұрсын, тіпті, кезектен алып тастапты. Қария жақында Жамбыл облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы А.Смайыловтан хат алды. Онда: «Жамбыл облыстық соты сіздің 10.06. 2010 жылы жазылған арыздарыңызға төмендегі мән-жайды түсіндіреді. Аппеляциялық сот алқасының №2а-255/2010 санды 01.04.2010 жылғы қаулысымен Тараз қалалық сотының 01.12.2009 жылғы шешімі өзгертілген. Тараз қалалық тұрғын үй комиссиясының 26.09.2007 жылғы шешіміндегі А.Иембердиевті (Смайыловты) тұрғын үй алу кезегінің тізімінен алып тастаған бөлігі заңсыз деп танылып, А. Иембердиевтің (Смайылов) Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген азамат ретінде 25.04.1989 жылдан бастап тұрған үйін кеңейту кезегі қалпына келтірілді...» делінген. Ендеше облыс пен қалаға жаңадан басшы болып тағайындалған әкімдер қарияны жайлы пәтермен қамтамасыз етеді деп сенеміз. Халықты, оның ішінде қарияларды қуантқанға не жетсін!» деп аяқталған болатын.
Жақында Әшім ақсақалдың көз жасына тағы да куә болдық. Бірақ бұл жолғысы... қуаныштың көз жасы еді. Яғни, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қадағалауымен соғыстың соңғы солдаттарының бірі Әшекең өзі армандаған пәтерге 22 жылдан соң ие болды. 22 жыл демекші, облыс басшысы Тараз қаласының қақ ортасында 25-30 жылдан бері қаңырап қаңқасы ғана тұрған зәулім ғимаратты да тап-тұйнақтай етіп, әне-міне пайдалануға бергелі отыр. Сірә: «Жас келсе – іске!» деген халық даналығының жарқын мысалының бірі осы шығар. Майдангер ақсақал енді Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданынан бой көтерген 5 қабатты 70 пәтерлік тұрғын үйде тұратын болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.