НЕМЕСЕ ЕЛОРДАЛЫҚ МЕНТАЛИТЕТ ХАҚЫНДА
Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астананың төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Бар болғаны бір мүшел жас – он үш жылда Қазақстан халқының ерен ерлігінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та хас бас қаласы қалыптасты. Елорданың авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана келбеті – ұлт келбеті. Біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді», деп атап көрсетті.
Иә, әлем назары әлдеқашан – Астанада. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы бүгінде жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық. Қазір дүниенің төрт бұрышынан Астанаға ат ізін салмайтындар санаулы. Қазақ жалпақ жұртқа қала тұрғыза алатын жоғары мәдениетін паш етті. Астана сәнімен де, мәнімен де, көркімен де көпті қызықтырады, дос сүйсінеді. Яғни, бас қаламыз қалыптасты, Астана танылды. Ал астаналықтар ше?
Қандай мемлекеттің болмасын тұрғындарының тұғыры – астаналықтар. Бас мегаполис тұрғындары сол мемлекеттің әлеуметтік және қоғамдық болмысының бағдары, экономикалық, мәдени және өркениет жетістігінің айнасы іспеттес. Мәселен, күні кешегі кеңестік дәуірде 15 мемлекеттің тағдырын шешкен Одақтың астанасы – Мәскеу тұрғындарының қай жағынан алғанда да артықшылығы болды. Басқа қалалармен салыстырғанда мәскеуліктердің тұрмыс-тіршілігінің, жүріс-тұрысының, тәлім-танымының өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктері болатын. Соған байланысты «мәскеуліктер менталитеті» деген ұғым да қалыптасқан еді.
Жалпы, менталитет ұғымы (ағылшынның mentality – ойлы, саналы деген сөздерінен шыққан) топтық сананы айқындайтын пішін ретінде, белгілі бір қоғамдық құбылыстар мен үдерістерді әртүрлі әлеуметтік және саяси топтардың қабылдау және бағалау ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Философиялық және мәдениеттану ғылымында менталитет ұғымы өркениет, ұлт, тап немесе әлеуметтік топтарға ғана қатысты қолданылып, бұқаралық немесе топтық сананы айқындауға пайдаланылады. Қалай болғанда да, біздің қолданысымызда «мәскеулік менталитет», «алматылық менталитет» деген ұғымдар қалыптасып қалды. Сондықтан «менталитет» мәселесіне тереңдей бермей, «астаналықтар менталитеті» қандай, жалпы, елордалық тұрғындар «астаналықтар» деген мәртебелі дәрежеге лайық па, қандай болуы керек, деген сұрақтар төңірегінде ой толғап көрейік. Басқаша айтсақ, бас қала тұрғындарының басқаларға қарағанда айырмашылығы мен ерекшелігі болуы керек пе?
Француздарда «Париждіктерді париждіктер еткен париждіктер емес, Париждің өзі», деген қанатты сөз бар. Ендеше, «үшінші мыңжылдық қаласы» атанған, сәулетті де, салтанаты да, сәні де заманауи талапқа сай Астана қаласы тұрғындарының да жоғары талғамға жауап беретін қасиеті, биік мәдениеті, астаналық менталитеті болуы шарт. Бас қаламыздың басты артықшылығы Шығыс пен Батыс сәулет өнерінің бар жауһарын бірдей үйлестірген Астананың ажары десек, астаналықтардың да таным-талғамы, жүріс-тұрысы, мәдени мәнері осы биік брендке лайық болуы керек немесе соған жетуге ұмтылған жан-жақты талпыныста болғаны жөн.
Өкінішке орай, әзірге «астаналықтар менталитеті» деген мәртебелі арманның ауылы алыстау жатыр. Жо-жоқ... Астаналықтардың менталитетке қатысты ойлылық, саналылық, білімпаздық деген тұрғыларда ешбір кемшіні жоқ. Түр келбеттері де көркем, киім киістері де келісті. Елордалықтарға қарасаң, көз тояды, көңіл тоғаяды. Әттеген-айы – астаналықтардың талайы-ақ айналасына бейжай, Тәуелсіздігіміздің төл тумасы – Астанаға деген патриоттық сезімі жасанды, сүйіспеншілігі сұйық.
Әрине, оны астаналықтардың астаналық атанғанына аз-ақ жыл толғанымен түсіндіруге болатын шығар. Алайда, кешегі «батпағы тізеден асып, масасының ызыңы құлақ тұндырған» сұрықсыз Целиноградтың орнына «өң мен түстей» болып, жерұйықтай Астананың орнағанын қабылдай алмай жүргендер де, қабылдағысы келмей жүргендер де жоқ емес. Осыған байланысты бізде Астананы төл қаласы, жүрегіне жақын жалғыз қонысы ретінде қабылдайтындар қатары кемшін соғып жатқан сияқты.
Міне, осыдан келіп, астаналықтардың айналасындағыларға деген бейжайлығы белең береді. Кім-кім де болса, өз шаңырағының төріне шаң шығартып, су ішкен бұлағының басын лайлатып қоймайды ғой. Ал Астананың қақ төріндегі көп қабатты үйлердің балконында тұрып, күл-қоқыс толы қапшықтарын көшеге лақтыратындарды немесе сол күл-қоқыс толы қапшықтарын кіреберіске, тротуарларға тастай салатындарды көрсек те көрмеген боламыз. Сусыннан босаған пластмасса құтыларын көшеде келе жатып, кез келген жерге шиыра салатындарды да байқаймыз. Қалтарыс толы пластмасса құтылар аяққа оралып, машиналардың доңғалағымен тапталып, тарс-тарс атылып та жатады. Тағы да бейжаймыз...
Аялдамаларда тұрып немесе отырған жерлерінде былш-былш түкіріп, темекі тұқылдарын таяқ тастам жердегі жәшікке тастауға ерініп, жол бойына атып жіберетіндерді де аңғарамыз. Сыраның немесе кока-коланың бос қалбырлары мен шөлмектерін гүлзарлар мен көгалдарға лақтыра салатындарға да көз алартып, жақ ашпаймыз. Әрине, іштей кейиміз, жақтырмаймыз. Оларға ескерту жасап, тыйым салуға тіптен құлқымыз жоқ. Ол менің үйімді немесе жеке меншігімдегі жерімді, ауламды ластап жатқан жоқ қой. Көшедегі қайдағы біреулерге жөн айтамын деп, жүйкемді тоздырар жайым жоқ...
Жыл сайын бюджеттен бөлінетін миллиондаған қаржының арқасында қала көшелеріндегі қоғамдық көлік түгелдей дерлік жаңартылды. Бұрынғыдай қара түтінге қақалып, бұрқылдай беретін «пазиктер» мен қытайдың шоқалақтаған қошқар мүйіз автобустарының тұқымы құрып келеді. Көшеаралық автобустар жаңа да жайлы. Бірақ сол қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен кондукторларының қызмет көрсету мәдениетінен тағы ұяттымыз. Бәйгеге түскен мәстектердей бірімен бірі жарысып, аялдамаларға таласып, алашапқын болады да жатады. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны бір басқа, аялдамаларға тоқтар-тоқтамастан жолаушыларды қораға қамайтын қойдай қуып, «өй, болсайшы...», «есікті жылдам жапсай, өтсейші әрі...» деген сияқты дөрекілігінен төбең шымырлайды.
Кешегі келмеске кеткен Кеңес өкіметі кезінде кез келген жүргізуші автобус тізгініне отыра алмайтын. Жолаушылар таситын автобустарға жоғары санатты дәрежесі бар, арнайы дайындалған мамандар ғана ие болатын. Сондықтан сол бір дәуірде автобустардың жол апатына ұшырауы өте сирек кездесетін төтенше жағдай болып табылатын. Ал қазір ше? Жұмыс орнының бәрі сатылатын сорақылық белең алған қоғамымызда автобус жүргізушісі болу үшін тиісті «откатын» төлегендердің бәрі жолаушылар өмірін қыл үстіне қойып, қала көшелерінде жүйткіп жүр.
Алдағы уақытта өзіміз қосылатын өркениетті 50 елдің қалаларында болғанда байқаймыз, қоғамдық көлік жүргізушілері арнайы белгіленген шыттай формаларын киіп алып, күн қағарлары мен аяқ киімдері айнадай жалтырап, жолаушыларына ізет көрсетуден бір жалықпайды. Бізде де қала әкімдігінің тапсырмасымен жолаушылар көлігі басқармасы автобус жүргізушілері мен кондукторларына қымбат маталардан тиісті шеберханаларда бір түсті арнайы киімдер тіккізген екен. Бірақ күтімсіз киілген сол формалардың бүгінде аты бар да заты жоқ. Тағы бейжаймыз. Қалалық әкімдік пен жолаушылар көлігі басқармасы қадағалауға тиіс келеңсіздіктерге араласып, түлен түртіп пе. Сол тиісті органдарға осы мәселелерді құлаққағыс етіп, хабарлай салсақ қайтеді? Қой, атама. Енді қалғаны, өзгенің кемшілігін көрсетіп, өсек тасу еді. Қаламыздағы қоғамдық көліктердегі келеңсіздіктерге көнеміз, дөрекілікке төземіз...
Ақиқатында біз астаналықтар озық өркениет жемісін тұрмысымызда барынша пайдаланып келеміз. Аула толы «джип», үй басы интернет, қолымызда ІТ-планшет. Сөйте тұра, көп ретте мәдениеттілік өреміз Австралия мен Африканың алыс түкпірінде өмір сүріп жатқан аборигендердің деңгейінен аса алмай жатады. Әрине, оларға кінә жоқ, көпшілігі хат та танымайды. Ал біздегі «джип» мінген ағайындарымыздың әрқайсысының жоғары білімі, тіпті көпшілігінің бірнеше жоғары білімі бар ғой.
Шоқырақтаған «джиптер» бордюрларды белден басып, тротуарларға тоқтайды. Кешке қарай балалардың ойын алаңдарына немесе кіреберістердің тынысын бітеп, көлденеңдей қаңтарылады. Сөз жоқ, бүгінде көлік құралдары күнделікті тұрмыс қажетіне айналды. Бірақ қала ішіндегі қатынас үшін осы таудай мәшинелердің қажеті қанша?! Бұл «джиптерді» үйірлеп шығаратын жапондардың өздері үйлерінде «эконом-класс» қуыршақтай көліктермен жүреді, Еуропа да әлдеқашан тиімді де шағын мәшинелерге ауысқан. «Қазақ байыса, қатын аладының» керімен тек біздің қалталы қандастарымыз ғана құны жүздеген миллион теңгеден асатын, бензинді жалмауызша жұтатын, көлемі «грузовойларды» басатын таудай көліктерге құмар-ақ. Бұл не, барлық па, байлық па?! Жоқ. Дарақы кеуде, бос мақтан. «Даңғой байыса, джип алады» – дейміз бе енді, қайтеміз? Міне, кейбір астаналықтар мәдениеттілігінің мәресі осындай.
Одан қалды кез келген үйдің алды әлдеқашан автотұраққа айналған. Қолы жеткен де, қолы жетпеген де қарызданып-қауғаланып, немістің «бракқа» шыққан бір-бір мәшинесін иеленіп, көп қабатты үйлердің кіреберістерін «МТМ-ға» айналдырған. Алды 30 жыл, арты 15 жылдан асқан бұл ескі «иномаркалар» бірде күрк-күрк от ала алмай, бірде сорғалатып май ағызып жатады. Амал қанша, кіреберісте қаздай тізілген сол мәшинелердің арасымен үйге кіреміз, бұрқыраған май мен түтіннің ішінен сағалап көшеге шығамыз. Тағы да тыржиямыз. Сонда да үнсізбіз. Көшелерде төңкерілген қоқыс салынған жәшіктер, аялдамаларда сынған орындықтар. Көреміз де көнеміз, бұрылмаймыз. Кеш батса, терезеңнің түбінен төңіректі айқай-шу мен даңғырлаған музыкаға көміп, еріккеннен ермек іздеген жастар мен мастар шығады. Тағы да іштен тынып, есік-терезеңді қымтай жөнелесің. Оу, ортақ үйімізде орын алған бұл олқылықтардың алдын алып, аралассақ қайтеді. Көрген келеңсіздікті дереу тиісті органдарға жеткізіп, шұғыл шара қолдануларын талап ету керек қой. Атқарушы билік халық үшін қызмет етіп, заң, құқық қорғау және басқа муниципалдық органдар салық төлеушілердің қаржысымен өмір сүріп, сол тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің дұрыс та сапалы болуы үшін жұмыс істейді. Ендеше, оларға көрген келеңсіздіктерді ескертіп, керек болса, олқылықтардың алдын алуды талап етуіміз керек қой.
Өкінішке орай, сол менталитетіміздің басқаша қалыптасуы салдарынан біз ондай қадамға баруды мәдениетсіздікке балаймыз. Қызыл империяның қанымызға құйып кеткен қағидаттарымен біз жергілікті атқарушы органдардан кемшіліктерді жойып, олқылықтардың алдын алуды талап етуді сталиндік дәуірдегі жаппай сенімсіздікке ұрындырған «домалақ арызбен» шатастырамыз. «Дәуіріміздің ар-ожданы коммунистік партия жасасынның» керімен тағы да биліктегілерге бас шұлғып, атқарушы биліктен «басқарушы билік» жасап жатырмыз. Міне, бейжайлық...
Бес саусақ та бірдей емес. Бүгін «мен астаналықпын» деп жүргендер де бір қалыптан шыққандай бәрі бірдей емес. Ол дұрыс та. Бүгінде Астанада қазақтың ұлы даласының төрт тарапынан, түкпір-түкпірінен келген қандастарымыз мидай араласып кетті. Кейбіреулер қанша тырысқанымен, қазір бас қаламызда бірыңғай таза оңтүстіктік, батыстық немесе солтүстіктік деген орталарға қолайлы орын жоқ. Амалсыз бүкілқазақтық, жалпықазақстандық кірігу үдерісі басталып кетті. Таяқтың екі басы болатыны сияқты бұл үдерістің де жағымды және жағымсыз жақтары болуы мүмкін.
Ең бастысы – Астана қазақиланды. Қазақтардың үлес салмағы артып, елорда мемлекет атауын иеленген ұлт өкілдерінің ең көп шоғырланған қаласына айналып келеді. Мұндай тамаша мүмкіндік бұрынғы астанамыз Алматының тарихында да болып көрген емес. Мәселен, 2009 жылғы халық санағының деректері бойынша, 613006 астаналық тұрғынның 425298-і қазақтар екен. Яғни, қала халқының жалпы санында қазақтардың үлесі 70 пайызға жеткен. Бұл Мәскеуде тұратын орыстардың пайыздық үлесіне жетеқабыл көрсеткіш. Сөйте тұра, Астанада қазақи болмыс, ұлттық нышан жоқтың қасы. Орысша сөйлесеміз, ағылшынша жарнама жасаймыз. Тіпті 90 пайыз қазақтардан тұратын Парламентіміз бен Үкіметіміз отырыстарын негізінен орысша өткізеді. Күні кешегі астанадағы халықаралық ұлы басқосуларға төрткүл дүниеден жиналған қонақтар бас қаламыздан таза ұлттық мәзірде ас дайындайтын бірде-бір мейрамхана мен дәмхана таба алмай бастарын шайқап кетті. Міне, біздің менталитет!
Бас қаламызда қазақтардың үлес салмағы 70 пайызға жетіп, Астананың шын мәніндегі ұлт астанасына айналғаны ата-бабамыздың ұлы арманының орындалғаны. Жан-жақтан жиналған жастарымыз Астанада ұлттық мәдениет нышандарының, салт-дәстүр мен ұлттық дүниетанымының сақталып, дәстүр сабақтастығының үзілмеуіне септігін тигізіп жатқаны да қуантады. Қазақ елінің әрбір өңірлерінен келгендер жергілікті салт-дәстүрлік белгілерін бірге ала келіп, қалаға тән астаналық мәдениетке кіріктіруде. Оның бәрі бір жүйеге келіп, қабысып, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі іріктеліп, қалалық жаңа сипат алып, астаналық менталитет болып қалыптаса қалуы да оңай шаруа емес. Астаналықтардың санасы сергек, рухы берік, еңсесі биік болуы керек. Ал арман қуып, әртүрлі үміт жетегімен Астанаға келгендер үйсіз-күйсіз, саяжайларды сағалап, «жетім бұрыштарда» күнелтіп жатса, олардан қандай сергек сана, биік мәдениет шықпақ...
2011 жылдың 1 мамырындағы дерек бойынша Астана қаласы халқының саны 710962 адамға жетті. Яғни, 2009 жылғы халық санағынан кейінгі біржарым жыл уақыт ішінде 100 мың адамға дейін өскен. Бұл кейбір саяжайларды сағалағандарды, құрылыстағы қаптаған өзбектерді, базарлардағы әзербайжандар мен қырғыздарды, көшедегі қол жайған кезбелерді және басқа статистикалық органдардың санағына кірмеген халықтарды санамағандағы дерек.
Алты ай жаз Астана көшелерінде кішкентай балаларын шұбыртып, қайыр сұрап жүретін сыған тектес, ұзын етек әйелдердің қаптап кететініне көзіміз үйренді. Тіпті жап-жас балалары қоғамдық көліктерге кіріп алып, шырылдай өлең айтып, «деньги давайға» басады. Сырт көз бұлардың ел аралап, қол жаюмен күн көретін «люли» атты халық екенін қайдан білсін. Топтанып көшеге шыққан бірен-саран үлескерлерге ғана бапандай біздің тәртіп сақшылары оларды көргенде жылға-жылғамен қашады. Жалпы, астаналық көші-қон полициясының жұмысы сын көтермейді. Санақаралық кезеңнен бері Астанадағы тіркеуге алынған өзбектер саны 16,8 есе, қырғыздар саны 12,1 есе өсіп кетіпті. Ал ешбір рұқсатсыз кіріп, тіркеусіз жүрген, құрылыс нысандарының жертөлелерінде жатқан келімсектер саны қанша?! Әне, өзбектер ауа райының қолайсыздығынан адасқан қазақстандық альпинистерді бала-шағасына дейін «шекара бұзушылар» деп қамады да тастады.
Астана қаласы халқының осындай жоғары қарқынмен күрт өсуінің қанша қажеттілігі бар!? Ешбір тәртіптік жүйемен реттелмей, талапсыз, талғамсыз келіп жатқан халықтардың астаналықтардың тұрмыс деңгейін, әлеуметтік орта мен мәдениеттіліктің дамуын тежемесе, дамытпайтыны анық. Сондықтан, болашақта қалаға келіп тұратындарға, астаналықтар ретінде тіркелушілерге белгілі бір шектеу қойылуы керек.
Анау 300 миллионнан астам халқы бар алып Американың астанасы Вашингтон қаласында 1 миллион ғана халық тұрады. Оған қарап, Вашингтонның халықаралық деңгейде беделі кеміп, берекесі ортайып жатқан жоқ. Ендеше, астаналықтар мәселесінде біздің де саннан гөрі сапаға көбірек көңіл бөлуіміз керек-ақ. Астана білікті мамандар мен білімді жастардың мекені болуы қажет. Жоғары санаттағы жұмысшылар, тәжірибелі құрылысшылар мен өз ісінің нағыз майталмандары атанған әртүрлі кәсіптің шеберлерді шоғырланса, нұр үстіне нұр.
Нағыз астаналық менталитеттің мәйегі ашылып, биік мәдениеттілік өресінің өсіп-жетілуі өте күрделі үдеріс. Ол үшін Астананы шынайы сезіммен «төл қалам» деп мойындайтын ұрпақ жетіліп, астаналықтардың жаңа буынының толысуы керек. Ол үшін бас қаланы ұлттық болмысымның алтын бесігі деп қабылдайтын патриоттық сүйіспеншілік қажет. Бұл ретте кешегі қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы тұрып, неміс автономиясын аштырмай қойған целиноградтық қазақ жастарының шынайы патриоттығы үлгі боларлық. Ереуілге бірге шыққан сол замандастарымның бойында туған жердің тұтастығына, ұлттық бірлікке, жалпықазақтық құндылықтарға деген табиғи сүйіспеншілік атойлап тұрған еді. Тәуелсіздігіміздің төл бесігі, тұтас қазақтың бас қаласы – Астанаға деген бүгінгі астаналықтардың да бойынан осындай сезім себезелеп тұруы тиіс. Сонда ғана жоғарыда айтылған олқылықтардың орны толып, бейжайлықтың белгісі де қалмас еді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Елорда –ғимараттар емес, саябақтар мен көшелер де емес. Елорда –бірінші кезекте адамдар. Астаналықтарда өзгелерге ұқсамайтын айрықша ішкі әлем, жоғары мәдениеттілік, қалтқысыз білімі мен тәрбие-тәлім болуға тиіс. Астана өз тұрғындарының әсемдігінің, үлкен мәдениеттілігінің, жоғары рухының, білім мен біліктілігінің нәтижесінде толыққанды елорда бола алады. Қаланың тазалығы – бұл оның тұрғындарының рухани тазалығы», деп атап көрсеткен болатын.
Мәдениеттіліктің басты көрсеткіштерінің бірі – тазалық болса, Астана қаласының тазалығы туралы аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Бас қалаға Иманғали Тасмағамбетов әкім болып келгенге дейінгі тазалық пен қазіргі қала тазалығын салыстыруға да болмайды. Астана шын мәнінде еліміздегі жасыл желекпен көмкерілген таза қалалардың біріне айналып келеді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, тазалық мәселесін тура осылай басты назарда ұстайтын болсақ, күні ертең бас қаламыз тазалығы жағынан өзгелерден озық тұратын үлгілі қалалардың біріне айналатындығына да сенім мол.
Иә, ХХІ ғасыр ғажайыбы атанған Астананың ажары айшықталып келеді. Әлемдік мәдениет пен сәулет өнерінің озық үлгілерінің салтанат құрғаны да ақиқат. «Үшінші мыңжылдықтың қаласы» деп дос та, дұшпан да мойындады. Ендеше, астаналықтар осы Астананың көрікті келбетіне қарап, бой түзеуі керек. Париждіктерді париждік еткен Париждің өзі болатын болса, астаналықтарды да астаналық ететін Астананың өзі болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
__________________________________
Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС.