• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Ел мерейі – ортақ мерей

362 рет
көрсетілді

Қазақ спортының қолдаушылары дегенде ойға бірден орала кететін азамат – белгілі кәсіпкер, бокстан спорт шеберлігіне үміткер, меценат Бауыржан Оспанов. Сан-салалы спорттың бір тармағы, жекпе-жек өнеріне қолдаушы болып жүрген осы азаматтың айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ең алғаш қазақ спортына көңіл бөлуді 1997-98 жылдары ауылда бокстан, дзюдодан, спорт секцияларын ұйымдас­тыру­дан бастадым деп айтсам, жаңы­лыс­пас едім. Ойым – қа­зақтың қара­до­малақ ұл-қыз­дары жаман жол­ға түсіп кетпесін, әр күнін мағы­налы, мәнді өткізсін деген ниет еді. Екі қолын алдына сыйғыза алмай жүрген ауыл жастары спортпен шұғылданып, өздерін тәр­биелеуді, қиындықтармен кү­ре­се білуді үйренді. Қазір сол ауылдан шық­­қан жас спортшылар сапында еліміз ұлттық құрамасына үміткер Жәнібек Әлім­х­анов секілді жас өрендер өсіп келеді. Дзюдодан А.Шыңғысханова, А.Қали­жанова секілді балуан қыздарымыз бар. Жастар арасында осы екі жекпе-жек түрінен де республика чем­пион­дары жетерлік. Одан беріде ауыл спор­тын дамыту мақсатымен он жыл бойына «Ауыл спартакиадасын» өт­кізуге «Жер-Су» кор­порациясы мұрындық болды. Күні бү­гінге дейін Алматы облысы, Алакөл ауданы­на қарасты Ойжайлау ауы­лын­да Ұлттық ат спортының ойын­дарын тұрақты өткізіп тұрамыз. Былтыр ғана тұсауы кесіліп, көпші­лік­тің пайдалануына берілген спорт кешені бүгінгі заманға сай барлық спорт­тық құ­рал-жабдықтармен жарақ­тал­ған. Біздің корпорация сол спорт кешенінде қызмет ететін спорт маман­дарына жал­ақы төлеп қана қоймай, ғима­раттың бар­лық шығы­ны мен түрлі жа­рыстарға қатысу мә­се­ле­лерін қамта­масыз етеді. Одан өзге, Ал­матыда бола­шақ­та Бокс ака­демия­сы­ның құрылысы бас­та­лады, соған да атсалысу ойымызда бар. Еліміздің мерейін үстем ететін Наурыз секілді ар­наулы жалпыұлттық мере­келерде бокс пен дзюдодан республи­ка­лық жарыс­тар өткізіп тұруды әдетке а­й­налдырдық. Сайыстың өтуі мен қонақ­тарды күтіп алу, шығарып салу, олардың әрқайсысына меселі қайтпасын деп сыйлық тағайындау – осының бәрі, қарап отырсаңыз, қыруар шаруа екен. Тек, айтуға ғана жеңіл. Ауылдан түлеп ұшқан жас спортшы­ларымыздың рухы тасысын деп Талды­қорған қаласында Бакудегі әлем чемпио­наты қарсаңында бокстан халықаралық жарыс өткіздік. Оған Әзербайжан, Куба, Қазақстан құрамасы мен Алматы облы­сы­ның құрама командасы қатысты. Кубалық қонақтардың жүру-тұру шығындарын, келу-кету, ішім-жемін түгелдей біздің корпорация көтеріп алды. Кезінде Марат Мәзімбаевтың барлық шығынын «Жер-Су» корпорациясы жы­мын білдірмей жайғастырып тұрды. Ал ол де­гені­ңіз, аз қаражат емес. Мәзім­баевқа шет елден мықты тәжірибесі бар жаттықтыру­шылар шақырту керек. Мық­ты дәрігер керек, дәрі-дәрмек, киім-кешек, алыс-жақын елдерге жасайтын спорт­тық кездесу сапар­ларын қаржылан­дыру керек. Тізе берсеңіз, көзге көрінбей­тін шығындары бар, едәуір қаржыны тәуекел етуге тура келеді. Қазір шүкірші­лік, Мәзімбаевтың промоутерлік компа­ния­сымен бірлесіп кәсіби бокстан халықаралық дәрежедегі жарыстар ұйым­дастырып тұрамыз. «Жер-Су» спортпен тынысы кеңіп отырған корпорация деуге болады. Кең­се­мізде тренажерлік зал, күрес кілемі мен бокс жабдықтары сақадай-сай. Қалаған уақыты­ңыз­да, көңіліңіз соққан кезде кіресіз де, еті­ңіз қызғанша дене еңбегімен айналысасыз. Жыл сайын Наурыз мерекесіне орай кор­порацияішілік спорт ойындары өткі­зіледі. «Жер-Су» корпорациясы тек жек­пе-жек өнеріне ғана емес, спорттың басқа да түрлеріне қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 2002-2007 жылдар аралығында біз шағын футболдан халықаралық жарыс өткіздік. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар «Жер-Су» корпорация­сының сыйлығы үшін бақтарын аз сынаған жоқ. Тіпті, бір жолы Мәскеу қаласында Наурыз мереке­сінің құрметіне қазақстандық фирмалар арасында «Жер-Су» корпора­ция­сының жүлдесі үшін есте қаларлық ойын өткіз­генбіз. Бокстан басқа, ережесіз жекпе-жек өнері арқылы қазақтың туын көкке желбіретіп жүрген ағайынды Назаров­тар­ға да қолдау көрсетіп тұрамыз. 2009 жылы Американың Хьюстон қаласында кәсіпқой бокс пен ережесіз жекпе-жектен ірі жарыс өткіздік. Ол да өз алдына бір төбе әңгіме... Жазып алған Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.