• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Сапалы білім – салиқалы шешім жемісі

449 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелдерде кадр­лар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның мәжілісі болып өтті. Елбасы отандық білім сапа­сын арттыруға ерекше көңіл бө­ліп келеді. «Назарбаев университетін» ашу еліміздегі білім дең­гейін көтеруге ерекше ықпал етуі тиіс. Аталған жоғары оқу орны­ның өмірге келуімен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде бакалаврларды даярлау аяқ­талды. Осы ретте тиісінше магистрлер мен PhD докторларын мақсатты даярлауға ерекше ден қойылып отырғандығын айта кету керек. Бұл жөнінде Мемлекеттік хат­шы былай деді: «Бүгінгі күні пре­зиденттік «Болашақ» білім беру бағдарламасы түлектерін жұ­мысқа орналастыру және олардың әлеуетін тиімді пайдалану қоғамның жіті назарында. Шетелдерден қайтып оралған стипендиаттардың елге қосатын үлесі шыққан шығындардың орнын толтырып, үміттерімізді ақтауы тиіс». Елімізде экономиканың әлеуе­ті артып, индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламаға сәйкес көп­теген жобалар қолға алынуда. Олай болса, білімге деген талап та күшейе беретін болады. Шетел­дерде кадрлар даярлауда қо­мақ­ты қаржы жұмсалып келе жат­қандығын ескерсек, оның қай­тарымы болуы шарт. Мемлекеттік хатшы сөзінен осыны ұқтық. Мәжіліске қатысып отырған комиссия мүшелеріне қарата Қ.Сау­­дабаев әрбір үміткерге ерекше ден қойылуы қажеттігін ескертті. – Сондықтан біз әрбір үміт­кер­дің шетелдердің жетекші жо­ға­ры оқу орындарында оқуының әлеуетті мүмкіндігін аса тиянақ­ты­лықпен зерделеуіміз керек, – деді Қанат Бекмырзаұлы. Іріктеу әділ әрі қатаң түрде өтуі тиіс. Бізге сапа керек. Президенттік «Бо­лашақ» бағдарламасы маңызды міндеттерді орындағандығын айта кеткен жөн. Аталған бағдар­ла­ма­ға сәйкес еліміз үшін халық­ара­лық деңгейдегі көптеген ма­ман­дардың алғашқы буыны даяр­ланды. Қазіргі таңда да іріктеу жүр­гізіліп келеді. Үстіміздегі жыл­дың 4 шілдесі мен 5 тамызы ара­лығында жүргізілген конкурс­тық іріктеудің қорытындысы бойынша «Болашақ» халық­ара­лық стипендиясын тағайындау үшін республикалық комиссия қарауына 577 үміткердің өтініші енгізіліпті. Оның ішінде көптеген үміткер қаржы, құқық, эко­но­ми­ка, мұнай-газ ісі саласына қатыс­ты мамандықтарды таңдауға құ­лық­ты екендігін байқатқан. Со­ны­мен қатар, ақпараттық технологиялар мен жүйелер; байланыс желілері және коммуникация жүйелері; көп каналды телеком­му­никациялық жүйелер; радио байланыс; радио хабарламалар және телевизия мамандықтары жастардың қалауы екендігін көр­сетіп отыр. Және де «Телекоммуникация», «Технологиялар менеджменті», «Туризм саласын­да­ғы менеджмент», «Қонақ үй менеджменті», «Энергетика» сияқ­ты мамандықтар сұранысқа ие. Қалай болған күнде Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі рес­пуб­ликалық комиссия елімізге аса қажетті мамандықтар бойын­ша лайықты үміткерлерді таңдауы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде кеше аталған комиссия отырыстың қо­рытындысы бойынша хаттама­лық шешім қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.