• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Жаңа технология ізденіске бастайды

431 рет
көрсетілді

Алатаудың бөктерінде Қай­нар деген ауыл бар. Ұядай ғана елді мекеннің тыныс-тіршілігі осындағы Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тіршілігімен сабақтас. Еліміздегі осы саламен айналысатын институт­тың құрылғанына 65 жыл бо­лыпты. Осы мерзімде ғалымдар қаншама жол­басшы болды де­сеңізші. Жақында мұнда екінші нан саналатын картоп дақылының жаңа түрін өндіріске енгізу мә­се­лесін көтерген халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда өңір диқандары­мен бірге шет мемлекеттерден келген мамандар картоп, көк­өніс және бақша дақылдарын өндірудегі ғылыми зерттеулер­дің қазіргі жағдайы мен бола­шағы жайлы сөз қозғап, тәжірибе алмасты. Аталған институттың егістіктері мен жылыжайларын ара­лағандар жаңа технологиямен жайқалып өскен картоптың түр-түрін көрді. Елімізде 170 мың гектарға картоп егілсе, соның 34 мың гектары жетісулықтар еншісінде екен. Ас атасынан кем түспейтін картоп дақылын жыл сайын шаруалар көптеп егуді қолға алған. Мәселен, өткен  жыл­ы ғана 165 центнерден өнім алған диқан қауымы бұл межені 585 мың тоннаға жеткізіп, са­па­лы картоп жинаған. Бұл жаңа технология мен шаруагер­лердің тынымсыз тірлігінің жемісі екені түсінікті. Ғылыми жұмыспен айналы­сып, өнімділігі мол, экология­лық таза әрі төзімді тұқымды ой­лап табуға ден қойған ғалымдар ең­бегі ерекше. Ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының бұл бағыттағы жұмы­сы орасан деуге болады. Қазақ­стандық картоп өсірумен айналы­сатын шаруалардың 60 пайызы дәл осы ғылыми институт өсірген тұқымдарды пайдаланып келеді. Жайқалған алқаптағы жаңа технологиямен танысу барысында бүгінгі ізденістің нақты жұмыс­пен жалғасқанына көз жеткізілді. Институт игілігінде ғылыми жұ­мыспен шұғылдану үшін бөлін­ген 450 гектар алқаптың 200 гек­тары суармалы. Ал, 60 гектарға картоп, 30 гектар алқапқа көкөніс отырғызылып, тамшылата суару арқылы гектар берекелілігін арт­тырудың жаңа технологиясы қолданылғанына да жиналғандар өз бағасын берді. Соңғы жылдары ғылыми жұ­мыспен айналысу үшін 332 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Осы қаржының бір бөлігіне са­лы­нып жатқан жылыжайдағы зерт­ханада картопты әртүрлі аурулардан сақтандыру және сапалық құрамы тексеріледі. Осылайша бастапқы тұқым негізі қаланады. Және тұқым сапасын жоғары дә­режеге жеткізу қатар жүргізіледі. Таза, элиталы картоп, көкөніс, бақша дақылдарының тұқымда­рын молайту мәселелері осылай жалғасатынын айтқан жөн. Соң­ғы жылдары институтқа 50 млн. теңге қаржы бөлініп, агротехни­калық шараларға қажетті жаңа техника сатып алынған. – Картоптың жаңа тұқымдары ғылыми орталықта салынып жат­қан зауытта өндірілетін болады. Қазіргі кезде нысан құрылысы қарқынды. Таяуда құрылыс аяқ­та­лып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұндай зауыт ТМД елдерінде жоқ. Тек, Канада мен Сауд Арабиясында бар, – дейді об­лыстық ауыл шаруашылығы де­пар­таментінің бастығы Бағдат Әлиев. – Семинарға қатысқандар ғы­лыми-зерттеу институтының көк­өніс өсірілген алқаптары мен жы­лыжайларын аралап, бар жұмыс­ты көрді. Жалпы, көкөніс тұқы­мын көбейтуде бірқатар түйінді мәселелер бар десек, маман тап­шылығы, ғалымдардың көз майын тауысып, селекциялық жұмысты жылдап жүргізгенінің нәтижесін­де алынған тұқым көбіне қолда­нысқа өтпейді. Аталған мәселені шешу үшін тұқым шаруашылы­ғын құру қажет. Бұл әрине мем­лекеттің қолдауынсыз шешілмейді, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сайлаубек Бабаев. Ғылыми-зерттеу институты­ның қол жеткізген тағы бір елеулі жетістігі селекциялық жұмыс жүргізуге арналған жылыжай кешені. Жаңа технологияның бар мүмкіндігі қарастырылған гелио- жылыжай Оңтүстік Корея техно­логиясымен бой көтеріпті. Ға­лым­дар қызанақ, қияр және бұ­рыш­тың сан түрін осы жерге отыр­ғызып, күтіп-баптауда. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өндірудегі ғылыми-зерттеулердің қазіргі жағ­дайы мен болашағы жөнінде шет елден келген мамандар мен шаруалар пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Азық-түлік молшылығын жасау мүмкіндіктерін алға қой­ған кеңестің тиімділігін оған қатысқандар ерекше айтты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы, Қарасай ауданы.