• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Жол басы жобалаудан басталады

409 рет
көрсетілді

Бұрын да көз тартарлық Көк­ше­тау соңғы он жылда айрықша түрленіп, гүлденіп келеді. Қала­ның басты жасауы  заманалық реңктегі ғимараттар десек бола­­ды. Бәріміз құрылысшыларға қол соғамыз. Бұл дұрыс. Бірақ, кез келген құрылыс жобалаусыз бас­талмайтыны да анық қой. Ғимараттарға тіл бітсе, не дер еді? Мәселен, ең әдемілер сана­тындағы «Көкшетау» мәдениет сарайы мен Ш.Құсайынов атын­да­ғы қазақ музыкалық драма теат­рын, «Дружба» кинотеатрын, «Торпедо» стадионын, орталық мәдени-демалыс бағын алайық. Қа­лалықтардың бар қуанышы, шы­ғармашылық шеберлік, жас Біржан мен Ақандардың арман-тілегі осында. Осы бір-екі жылда пайдалануға берілген заманалық «Бурабай» әмбебап спорт кешені­нің де рух тасқындатар әпсанасы бар. Немесе, «Қазақтелеком» АҚ әкімшілік ғимаратында 10 мың­нан астам металл-каркас құрыл­ғы­лар мен кескіндемелер қолда­ныл­ғаны әжептәуір әңгімеге ар­қау болатындығы түсінікті. Еліміздегі тұңғыш президенттік 1200 орындық мектеп, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын­да­ғы нысандар, Бурабайдағы рес­публикалық шаңғы базасы, перзантханалар, балалар бақшасы, сауда және ойын-сауық отаулары, медициналық оңалту және қан орталығы, көптеген тұрғын үйлер ел игілігіндегі нысандар. Жуыр­да­ғы қала күнінде Көкшетаудағы «Дизайн орталықтың» соңғы 10 жылдағы 100 жобасының таныс­ты­рылымы өткізілді. Мұның бар­лығы қазір қолданыстағы ғима­рат­тар. Ал, болашақтың жоба сызбаларының жөні де, айтар әні де бөлек. Биылғы Құрылысшылар кү­нін­де республикамыздың құр­мет­ті сәулетшісі Бурабай Марамов басқаратын «Дизайн орта­лық» ЖШС өзінің 10 жылдығын атап өтті. Мұндайда өткенге, атқа­рыл­ған істерге баға берілетіні бар. Бұл орайда да шығар­ма­шы­лық ұжымның жүзі жар­қын дегіміз келеді. Күні кеше серіктес­тіктің бас инженері, бірнеше ме­дальдің иегері Томила Дудко респуб­ликалық кәсіп­одақ­тар кеңе­сінің «Мамандығы бойынша үз­дік» белгісімен, бір топ қызмет­кер грамоталармен марапатталды. Ал, Сәуле Тәш­кинаның омы­рауында «ҚР құр­метті сәулет­шісі» белгісі жарқы­ра­са, жас сәулетшілер Алла Исанина мен Қанат Балкешев Көкшетау қала­сының гербі мен эмблемасының авторлары ретінде құрметке бө­ленген. Жұртшылық, сондай-ақ, ор­та­­лықтың тәуелсіз мемлекеті­міздің уақыт күттірмес міндеттерін жү­зеге асыруға күш сала­тын қажыр-қайратына ерекше ризашылық білдіруде. Мынаны қараңыз, үде­мелі индустрия­лық-инновация­лық бағдарлама шең­беріндегі өңір­дегі маңызды ны­сан­дардың барлы­ғында дерлік мақала кейіпкер­лерінің қол­таң­ба­сы айшықталып көрінеді. Қа­зақ­станның солтүстік айма­ғын­да теңдесі жоқ «ЕНКИ» керами­ка­лық кірпіш зауы­ты­ның, «Көкше­тауминерал­дысу­лары» ЖШС, атақты «Алтын­тау-Көк­шетау», «КамАзИнжиниринг», «Өркен-Атансор», «Ақ­­сай Нан» акционерлік қо­ғам­дарының өнді­рістік ны­сан­дары облыс абы­ройын асы­рып жатса, мұнда көк­шелік жоба­лау­шы мамандардың сал­мақты үлесі бар. «Дизайн орта­лық» ғимаратының өзі де әдемі. Қа­шанда тапсырыс берушілерден арылмайды. – Бәке, серіктестіктегі 47 қыз­меткердің жүктемесі көп көрінді, осыншама жұмыстың үдесінен шығу қиын емес пе, деген сұрақ қойдым ұжым басшысына. Жауап терең болды. Қиындық басқада екен. ЖШС директоры қалыптасу кезеңіндегі ауыртпа­лықтар мен қазіргі кезеңдегі кедергілерді мысалға алды. Тура бүгінгінің мәселесі. Кадрлар қар­тайып барады. Құрылыстардың қарқыны баяулауына байланысты кәсіптік институттар жабыла бас­тады. Бірақ, құрылыссыз қоғам дамымайды. Бұрынғы жобалау институтының инженері Бурабай Марамов елу жасында жеке меншік ұйым құруға бел байлаған. Білікті мамандар базар жағалап, білгенін ұмыта бастаған. Бұрын­ғыдай бір үлгідегі жобалау деген жоқ, әр нысанның өз ерекшелігі бар. Компьютерлік графика, күр­делі бағдарламаларды кеңес кезіндегі мақтаулы мамандардың өзі алып кете алмай жатты. Құ­рылыс индустриясы тығырыққа тірелгендіктен монолитті құрыл­ғыға негізделген материалдар мен жабдықтар сырттан тасымал­данды. Түрлі сипаттағы ғимарат­тарды осыған сәйкес жобалау көп білімді талап етеді. Келіп жатқан жастардың тәжірибесі жоқ. Са­қамыз да, жасымыз да өзін-өзі оқыту мектебінен өттік. Бұл проблема қазір де бар. – Екіншіден, жобалауға тап­сырыс уақыты тым тығыз, – дейді Бурабай Марамұлы. Оның үстіне, тендерді ұтып алғаннан кейін біздің жобамызбен келісу үшін сараптаманың бес-алты түрі жүр­гізіледі. Уақыттан ұтыламыз. Айып санкциясы ретінде топог­рафиялық, геологиялық, эколо­гия­лық, тағы басқа сараптама­ларды қоса атқаруға тура келеді. Тапсы­рыс беруші немесе өкілетті орган бұл міндеттерді арнайы құры­лым­дарға жүктеуіне болады ғой. Кәсіпкер­лік­ті қол­дау дегеніміз осы емес пе? Иә, жол басы жо­­балаудан бас­та­лады. Жо­лы­мыз әман­да ашық болғай. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.