• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Астықты сақтау – ауқымды міндет

1135 рет
көрсетілді

Ас атасы – нан. Қазақтың қасиетті кең даласы елімізді астықтан тарылтып көрген емес. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері жомарт даланың берекесі де еселеніп тұр. Сонау кеңес кезеңінде ерен ерлік саналатын миллиард пұт астық жинау құбылысы қазір қалыпты игілікке айналды. Биылғы жылы да еліміздің егіні бітік шығып, ел ырзығы молайғалы тұр. Жақында астықты өңірлерді аралау сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде 18-20 миллион тонна астық жиналады деген болжам жасады. Ал енді сол мол астықты дер кезінде жинап, сақтап, кептіріп, игілікке асыру да ұшан-теңіз жұмыс. Биылғы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жиналған астықты кептіріп, сақтау мәселесі де үлкен жауапкершілікті қажет етіп тұр. Осыған байланысты еліміздегі астық қабылдау кәсіпорындарының жағдайы, дайындығы, жаңа егін астығын сақтау технологиялары туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Асқар ЖАҚЫПБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Асқар Шәкенұлы, биылғы жылы елімізде қанша егіс көлемі бар, егін шы­ғымдылығының ерекшеліктері қандай? – Астық өндірісінің деңгейі кез келген мемлекетте әрқашан оның экономикалық дербестігі мен әлеуетінің басты көрсеткіш­терінің бірі болған. Осы маңызды өнімнің стратегиялық сипатының болуы бір жа­ғынан, астық өндірісіне мемлекетттің шы­найы мүдделілігін анықтаса, екінші жағы­нан, бүкіл агроөнеркәсіп кешені дамуының негізі болып табылады. Қазақстанда 2011 жылы дәнді дақыл­дардың егіс көлемі 16,3 млн. гектарды құрады. Еліміздің негізгі астық өндіруші аймақтарында егіс науқаны кезеңінде қалыптасатын ауа райының жай-күйіне байланысты егу мерзімі созылыңқы болып келеді. Осының салдарынан күзгі кезеңде егінді жинап алу мерзімдерінің ұзаққа созылуы да әбден мүмкін. Астықтың бүгінгі күнге пісіп-жетілуіне дейін қалыптасқан ауа райының қолайлы жағдайы алдағы жиналатын өнімінің көлемі айтарлықтай болатынын болжам­дауға негіз береді. Cоған қоса, маусым айында ашық қызулы күндердің аз болуы, шілдедегі астықтың пісіп-жетілуін 7-10 күнге дейін шегеріп отыр. Алдыңғы барлық цикл кезеңдердегі шы­ғындардың орны қаншалықты тола­тынына байланысты болатын, астық өн­дірісін аяқтауда ең қиындық келтіретін үдерістердің бірі егін орағынан кейін астықты өңдеу болып табылады. – Диқан қауымының еңбегі жанғалы тұр екен. Енді сол мол астықты сақтау мәселесі қалай болмақ? – Иә, егін шаруашылығы қызметкер­лерінің алдында жаңа егіннің астығын жетік өңдеуді және сақтауды тиімді ұйым­дастыру міндеті тұр. Технологиялық үде­ріс­терді дұрыс ұйымдастыру және жақсы материалдық база астықты 5 жылға дейін сапалы сақтауға мүмкіндік береді. Бұл үрдістің әлемдік рынокта астық бағасының маусымдық ауытқуы және тұрақсыздығы жағдайында маңызы зор. АШМ АӨК мемлекеттік инспекция ко­митетінің 2011 жылғы 25 шілдедегі мәліметі бойынша, республикада 214 ли­цен­зияланған астық қабылдау кәсіп­орын­дары бар. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының барлық астық сақтау сыйымдылығы 13,4 млн. тоннаны құрайды. Қоймалар құрылымында сыйымдылық­тардың ең үлкен көлемі элеваторларда – 7,0 млн. тонна, одан кейін қоймалық сыйымдылық – 6,0 млн. тонна және металл құрылымдарының сыйымдылығы – 0,4 млн. тонна. Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің жедел ақпараты бойынша, 2011 жылғы 12 тамызда жаңа егін астығын қабылдау қоймаларының 74 пайызы дайын екені анықталды. Жаңа егіннің астығын қабылдауға қоймаларды дайындау мәселесі Жамбыл (100%), Солтүстік Қазақстан (87%), Батыс Қазақстан (84%), Алматы (78%), Қара­ғанды (77%), Қостанай (76%) және Шығыс Қазақстан (70%) облыстарында жоғары қарқынмен жүргізілуде. Қазір республика­мызда жаңа астықты сақтау сыйымды­лықтарын қамтамасыз ету деңгейі 83 пайызды құрайды. Дегенмен, негізгі астық өндіруші аймақтарда астық сақтайтын сыйымдылықтар 3 млн. тонна көлемінде жетіспейді, керісінше, басқа аймақтарда бұл көрсеткіш 1,3 млн. тоннаға артық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Қазақ ғылыми-зерттеу институты­ның деректері бойынша, өңірлерде алдын-ала жөндеу жұмыстарын қажет ететін астық қоймаларының үлесі 10 пайызды немесе 1,3 млн. тоннаны құрайды. Астық сақтауға арналған сыйымдылықтардың тех­ни­калық ахуалына байланысты алаң­датарлық жағдайлар Павлодар және Шы­ғыс Қазақстан облыстарында қалыптасып отыр. – Ауа райы жағдайына байланысты биылғы жылы жиналатын астық біршама ылғалды болуы мүмкін. Осыған орай жиналған астықты дер кезінде және сапалы кептіру жағдайы қалай болмақ? – Биылғы астық ылғалды болады деп күтілуде. Осы орайда, егін орағынан кейін астықты өңдеуде астық кептіру шаруашы­лықтарының маңызы зор, сол себепті барлық астық кептіргіштерді алдын-ала дайындау қажет. Дегенмен, қолда бар кептіргіштердің көбінің техникалық ахуалы қанағаттанар­лықсыз болуының салдарынан тиісті мөлшерде жеткізілетін астықты дер кезінде кептіруде кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде технологиялық желінің жүйелілігін бұзып, астық қабылдау кәсіпорындарының алдында астық тиелген жүк көліктерінің топталуына әкеліп соғады. Яғни, егін­жайдағы астықты тасымалдауға қажетті техника бос тұрып қалып, соның салда­рынан орақ жұмысына қажетті тасымалдау техникалары жетіспей жатады. Бұл олқы­лықтың орнын толтыру қазіргі таңдағы басты міндет. Бүгінде лицензияланған астық қабыл­дау кәсіпорындарындағы 503 дана астық кептіргіштердің жалпы өнімділігі 19,1 мың жоспарлы тонна/сағатты құрайды. Астық кептіргіштердің негізгі қуаттары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүс­тік Қазақстан облыстарында шоғырланған. Республикадағы астық кептіргіштер қуат­тарының 90 пайызы аталған облыстардың үлесіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Қазақ ғылыми-зерттеу институты­ның мәліметі бойынша, астық кептіргіштер паркінің 18 пайызы жөндеуді қажет етеді. Ең көп тозығы жеткен астық кептіргіш­тердің саны Павлодар облысында. Осы облыста астық кептіргіштер қуаттарының 42 пайызы жөндеуді қажет етеді. Респуб­ликамызда астық кептіргіштер қуаттары­ның жетпіспеушілігі шамамен 8 мың жоспарлы тонна/сағат мөлшерін құрайды. Сондай-ақ, жалпы өнімділігі 2,5 мың жоспарлы тонна/сағат астық кептіргіш­тердің 90-ға жуығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үлесіне келетінін атап өту қажет. Астық қабылдау кәсіп­орындарында бүгінгі күнге жаңа орылған және сақталып тұрған астықтың сапасын бақылау мәселесі әлсіз буын болып отыр. Осы орайда, 2006 жылғы дайындау нау­қанында ауа райының қолайсыз жағдайы әсерінен, атап айтқанда, астықты жинау және жиын-терін кезеңдерінде жиі жауған ылғалдан өсіп тұрған, дестедегі және ашық алаңдарда сақталған астық дәнінің өсіп-өнуі орын алатынын ұмытпау керек. Дәннің өсіп-өнуінен оның пайдалы құрамы биохимиялық ыдырауға ұшырап, нәти­жесінде нан және нан өнімдерін пісіру са­пасын төмендетті. Сондықтан кәсіп­орындар бұрын орын алған мұндай ахуалдың биыл қайталануына жол бермеу үшін барлық шараларды қолдануы және бидай дәнінің амилолитикалық белсенділігіне ұдайы бақылау жүргізуге қажетті құралдармен жан-жақты қамтамасыз етілуі қажет. – Диқанның маңдай терімен өсіріл­ген астықты жинап алғаннан кейін оны қай­та өңдеу жұмыстары да ауқымды. Осы орайда бұл саланың кәсіби мамандармен қамтамасыз етілу әлеуеті қан­дай? – Егін орағынан кейін астықты өңдеу жұмыстарында маманданған кәсіби кадр­ларға жүктелетін жауапкершілік үлкен. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы құры­лымдары және астық қабылдау кәсіп­орындары білікті мамандармен толықты­руды қажет етеді. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында «Астық, ұн, жарма және құрама жемдер технологиясы» маман­дығы бойынша инженер кадрлар даярлан­байды. Ал колледждерде орта буын салалық мамандар даярлау мәселесі де төмен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Қазақ ғылыми-зерттеу инс­титуты қалып­тас­қан мәселені шешу үшін орта буынның салалық мамандарын – сепараторшыларды, астық кептіру шеберлерін, өндірістік-тех­никалық зертханалар­дың қызмет­керлерін дайындау бойынша жыл сайын көшпелі қысқа мерзімді курстар өткізуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі 22 шіл­деде астық қабылдау кәсіпорында­ры­ның астықтың жаңа егіннің астығын қа­былдауға дайындығын тексеру бойынша Ақмола облысында көшпелі отырыс өткізді. Отырыс өткізу барысында кадрлық және зертханалық қамтамасыз ету, егін орағынан кейін астықты өңдеу және сақтауға қатысты барлық өзекті мәселелер қаралып, сондай-ақ, оларды шешу жолда­ры белгіленді. Атап айтқанда, астықты полиэтиленді қоймада сақтау техноло­гиясын ендіру және астық кептіру шаруа­шылықтарының тиімділігін арттыру бойын­ша нақты шаралар ұсынылды. Қорыта айтқанда, барлық мүдделі органдардың бірлескен күшімен астық қабылдау кәсіпорындарының материал­дық-техникалық базасын дер кезінде дайын­дық сапына қою арқылы біз болашақ мол астықты дұрыс және сапалы сақтау мүмкіндіктеріне қол жеткіземіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.