ТМД елдері атынан келген халықаралық байқаушы Акбарали Сатторов Алматыдағы Сенат депутаттарының сайлауын осылай бағалады
– Құрметті Акбарали Курбоналиұлы, сіз Тәжікстаннан келген бірден-бір халықаралық байқаушы екенсіз. Әуелі жалпы сайлау туралы ой-пайымдарыңызды айтыңызшы.
– Бір қарағанда, әр жерде өтетін сайлаулардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, осы сайлауды құрметтеуіміз керек. Халықтың қалауы. Сенат сайлауы. Соларды сайлайтын адамдардың таңдауы қашанда құрметке лайықты. Әрбір сайлаудың жеңімпаздары мен жеңілуші жағы болады. Осыған қарамастан, мен халықаралық байқаушы ретінде Қазақстан Республикасының Сенат мүшесін, Парламент депутатын сайлайтын Алматыдағы жиында кімді сайлайтынын білмесем де, қалай болғанда да, депутаттардың таңдауын құрметтейтінімді мәлімдедім.
Мен өзім мамандығым бойынша журналиспін. Қазірде Тәжікстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, елдегі Журналистер одағының төрағасы болып табыламын. Журналист дегеніңіздің өзі өмірдегі ең аңғарымпаз байқаушы ғой.
– Әріптес болып шықтыңыз. Келген күні сайлау алдындағы ахуалмен танысқан боларсыз?
– Иә, мен Алматы қаласы сайлау комиссиясының өкілімен кездестім. Одан соң Ресей Федерациясының байқаушы өкілімен пікір алыстым. Алматы қаласының әкімімен болған кездесуімізден мән-жайға қанығып, үлкен әсер алдық. Сайлауға жан-жақты сақадай-сай әзірлік жасалғанын байқадық. Біз өз тарапымыздан қандай кандидат жеңсе де, ашық, адал сайлауды жақтайтынымызды білдірдік. Үлкен ауқымда алар болсақ, менің ұғымымша, Алматыдағы жалпы қоғамдық-саяси жағдай бақылаудан шықпаған сияқты. Әлбетте, Астанамен салыстырғанда Алматыда оппозициялық газеттер де, оппозициялық ыңғайдағы партиялар мен қозғалыстар да көбірек. Соған қарамастан, сондайлық бұра тартқан, қияс басқан әрекеттер байқалмады. Сондықтан, сайлаудың сәтті өтіп, шын мәнінде лайықтылардың жеңетініне сенімді болдық.
– Ал енді нақты бүгінгі өткен сайлау туралы ойыңызды ортаға салыңызшы. Оған берер бағаңыз қандай?
– Бүгінгі сайлау алматылық таңдаушылар тарапынан өте тамаша ұйымдастырылды дей аламын. Біз, ТМД елдерінен келген халықаралық байқаушылар, сайлау барысын мұқият байқастап, бақылап, баламалы түрде өз санағымызды қатар жүргіздік. Біздің есептеулеріміз сайлау комиссиясы жүргізген есеп-қисаппен толықтай дерлік сәйкес шықты. Сондықтан, бүгінгі сайлау барлығы да әділ, ашық болғандығын, барлығы да Қазақстан Республикасының заңнамасына, демократиялық қағидаттарға сай болғандығын айғақтап берді. Біз қандай да бір бұра тартушылықты, заң немесе құқық бұзушылықты байқаған жоқпыз. Бүгін үміткерлер ішінен ең лайықтысы, ең күштісі жеңіп шығып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жолдама алды.
– Осы сайлауға қарап Қазақстанның болашағы туралы қандай ой-толғамдар айтар едіңіз?
– 1993 жылы Қазақстанда алғаш болған кезімнен бастап елдің өркендеп дамуы туралы нақты білемін. Қазақстан Орталық Азия өңірінде барлық параметрлер бойынша көшбасшылардың бірі деп есептеймін. Осы тұрғыдан айтсам, Қазақ елінің болашағы жарқын. Сайлауға келер болсақ, барлығы да тамаша ұйымдастырылды. Әсіресе, ашықтығына тәнті болдым. Барлық таңдаушыларға өте сабырлы түрде, ешқандай қысымсыз, жымысқы әрекетсіз өзі таңдаған үміткер үшін дауыс берулеріне мүмкіндік тудырылды. Сондықтан, мен осы мерейлі оқиғамен бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын.
– Біздің Алматыдан қандай әсер алдыңыз?
– Алматыны, жаңа айтқанымдай, 1993 жылдан бері жақсы көремін. Ол кезде Тәжікстанда азамат соғысы жүріп жатқан болатын. Мен сонда Алматыға келіп, өзімнің бизнестегі алғашқы қадамымды, алғашқы тәжірибемді осында бастап едім. Содан да болар, осы сұлу қаланы, мұндағы қонақжай халықты өте-мөте құрметтеймін. Құдайдан Алматы қаласының Қазақстан халқының игілігіне орай гүлдене беруін әрқашан тілеймін. Қазақстанның алдағы сәтті өтер сайлауларына келе беруге, мұндағы достармен жүздесе беруге әзірмін.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.