Кеше Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев баспасөз мәслихатында Сенат депутаттарын сайлау үдерісінің өтуі жайлы баяндап берді.
Оның айтуынша, кеше Астана уақыты бойынша сағат 12.30-ға дейінгі мәліметтер бойынша, таңдаушылардың отырыстарына 96,6 пайыз мәслихат депутаттары қатысыпты. Өңірлерде таңдаушылардың дауыс беру шарасы жүйелі өткен. «Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары алдын ала берген мәліметтер бойынша, күндізгі уақытта 371 байқаушы тіркеліп үлгеріпті. Олардың ішінде Сенат депутаттығына кандидаттардың 33 сенім білдірілген адамы, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 52 байқаушысы, саяси партиялардан 29 байқаушы, қоғамдық ұйымдардың 32 байқаушысы еліміздің және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 220 өкілі болды», деді ОСК мүшесі.
Оның мәліметінше, таңдаушылардың отырыстары қалыпты жағдайда өткен. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеген. Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссияларына сайлау үдерісіне қатысушылардан шағымдар мен өтініштер түспеген.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова да әріптесін қуаттады. Ол Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде сайлау заңнамасын бұзған ешқандай фактілердің орын алмағанын атап өтті. «Сайлау комиссияларына да, басқа да органдарға да сайлау үдерісіне қатысушылар, азаматтар, ұйымдар тарапынан ешқандай арыз-шағымдар келіп түспеді», деді Т.Охлопкова.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.